ҚАЙЫРШЫ АДАМ, ҚАЙЫРЫМСЫЗ ҚОҒАМ

ҚАЙЫРШЫ АДАМ, ҚАЙЫРЫМСЫЗ ҚОҒАМ

ҚАЙЫРШЫ АДАМ, ҚАЙЫРЫМСЫЗ ҚОҒАМ
ашық дереккөзі
17 қазан – Қайыршылыққа қарсы халықаралық күрес күні. Атаулы күн деп айдар тағылғаны болмаса, қайыршылықпен күрес еліміздің тәжірибесіне жат нәрсе. Қол жайғанның алақанына 5-10 тиын тастағаннан басқаға бейілсізбіз. Әйтпесе қайыр сұрағандардың саны неге артты? Өзге елдердің қайыршысы қайдан қаптады? Халықтың әл-ауқатын көрсететін сандар ақиқаттан неге алшақтады? Көкейдегі көп сұрақтың жауабын іздедік.Жексенбіні арнап, Алматы көше­ле­рін жаяу кездік. Көпшілікке де­малыс шығар, ал қайыршы қауымға жекс­енбі – «жұмыстың» қызар шағы. Өйткені олар көбіне базарлар мен адам қарасы азаймайтын демалыс орындарын төңіректейді. Қалтамызға ұсақ тиынды молырақ салып алдық. Онсыз қайыршы қауымды сөйлетемін деу бос әурешілік екеніне көзіміз жеткен. Кейіпкер іздеп, ұзақ сандалудың қа­жеті жоқ. Алақан жайғанды Алма­тының кез келген бұрышынан табасың. Тіпті, бір нүктеден күнде көріп, көзтаныс болып қалған қайыршылар да бар. Солардың бірі – Қабибат апа. Абай даңғылының Байзақов көшесімен қиылысар тұсында отырады. Әмияныма пұл түскенде қасына азырақ бөгелетінім болмаса, әдетте мен де көппен бірге асығыс өтіп кетем. «Қызым, бақытты бол, тілегіңді құдай қабыл етсін», – деп бәйек болатын қария бүгін де әдетінен танбады. Басындағы өңі кетіп, сұрқай тартқан орамалымен бетін тұмшалай жауып алған. Байқасам, адамдардың жүзіне тура қарамайды екен. Табанының астына бір жапырақ қатырма қағаз қойып алыпты, аяғындағы көнетоз туфлиден сыз өткен болуы керек. – Апа, жаурап қалдыңыз ғой, – дедім тиын-тебенімді сағыздың қорабына салып жатып. – Жамандық көрме, жарығым. Рахмет! Өлместің күні ғой, қайтеміз енді? – деді самарқау ғана. Алғаш рет тілдесуім, осы уақытқа дейін өзге ұлттың өкілі шығар деп жүргем. Әжей сөзге шорқақ болып шықты. Бұл күйге қалай түскенін білу үшін біраз айналшықтадым. Алматыға келгеніне 3 жылдың жүзі болыпты. Жалағаштағы үйін сатып, жалғыз ұлының соңынан осында көшкен. Келіні бала көтере алмаған соң, үйден ұрыс үзілмей, ақыры екеуі ажырасып тынған. Күнкөріске жарап отырған жұмысын тастап, ащы суға салынып кеткен ұлы жақында жазым бола жаздапты. Аяғы сынып, үйде жатқан көрінеді. Қарт ана мен қайырымсыз бала «Шаңырақ» ықшамауданында бір лашықты жалдап тұрады екен. «Баспана деген аты болмаса, өзі қыста тастай суық», – деді қария қамығып. Сол лашықтың ақшасын төлеу үшін аптап пен суыққа қарамастан көшеде тұрып, қайыр тілейді. Өйткені зейнетақысы ішіп-жемнен аспайды. Басқа жұмысқа жарамсыз, қуаты сарқылған. Алғашында әр нәрсені бір тәп­тіш­теп сұрағанымды жаратпай тұр­ған кейуана сәлден соң мені жақын тартқандай болды. Әңгімеміз аяқталған соң нұры тайған жанарын маған ұзақ қадады. Үміт пен күдік аралас көзқарас. «Ал, шырағым, қалағаныңды білдің. Енді менің өмірімді өзгертіп жібере аласың ба?» деп, өз шарасыздығын өзі мысқылдап тұрғандай. Қайыршылар деп аталатын әлеу­мет­тік топта мұндай жандардың алуан түрі кездеседі. Жасы мен жасамысы, еркегі мен әйелі, қазағы да, орысы да бар. Алматыны мәдениет пен өркениеттің қайнаған ортасы деп танушы едік, қазір бұл шаһарды жік-жікке бөлініп, тоз-тоз болып құлдыраған тіршіліктің тал бесігі дерсіз. Берекесіз тірліктен баз кешкендердің бірі кәнігі, бірі бүркемелі қайыршыға айналған. Өрісі тарылған өнер Бүркемелі қайыршы дегеннің кім екенін топшылап тұрған боларсыз. Жерасты өткелдерінде, адам қарасы азаймайтын қоғамдық орындарда өз өнерін пұлдайтын, ашықтан-ашық алақан жаюға арланып, қайыр­шы­лықты бетпердемен бүркемелеп жүрген жандарды осылай атаудың ғай­баттығы жоқ шығар. Мұндай қайыр­шыларды «Арбаттан» көп ке­зік­тіресіз. Бірі гитарада, бірі домбырада ойнайды. Саксофонның құлағында ойнайтын Андрей есімді жігіттің маңынан кідірмей өту мүмкін емес. Өнерден хабарымыз аз болса да, бойды еліткен музыканың құдіретіне қарсы тұра алмадық. Аспаптың қорабына қолда барды біз де тастадық. Қорапта сары-ала тиындардан гөрі 200 теңгелік банкноттар көп екен. Арасынан 500 теңгелік көк қағаздар да көлбеңдейді. Есепке ептілігіміз тыныш қойсын ба, Андрейдің бір күндік орташа табысын есептей қойдық. Ақша табудың оңай жолын тапқан екен ғой деп іштей жазғырғанымызды несіне жасырайық? Бірақ мұндай қадамға не итермелегенін кім білсін? Көзін тарс жұмып алып, бір сазды үзбей екіншісіне жалғап әкететін музыкантпен тілдесу мүмкін болмады. Есімін сол жерде ұсақ-түйек сатып отырған әйелден сұрап алдық. Андрейдің тағы бір «әріптесін» ҚазҰУ маңындағы жерасты өткелінен көретінбіз. Бір құлағын қолымен жауып алып, алдындағы ескі дәптерге үңілген күйі ретро әндерді әуелететін егде әйелдің тыңдарманы – студенттер қауымы. Опералық дауыспен Шәмшінің әндерін жиі қайырады. Студенттен не қайыр күтетінін кім білсін, әйтеуір өз қызметіне адал-тын. Іздеп барсақ, әлгі әйел орнында жоқ боп шықты, өткен шақта баяндап отырғанымыз сондықтан. Сол маңайдан сұрастырсақ, жер асты өткелінің қожайыны жылы орнынан қуып жіберіпті. ҚазақҰУ-ға шетелдік қонақтар, академиялық мобильділік бағдарламасымен өзге елдің профессорлары мен студенттері жиі келеді. Қоғамдық тәртіпті бұзып, ел имиджіне нұқсан келтіреді деп қайыр сұрағандарды бұл маңнан түгел аластапты. Әйтпесе мұнда бала-шағасын шұбыртқан сыған әйелдері де өріп жүретін. Газет-журнал дүңгіршегіндегі апай бізге жол сілтеп, әнші әйелдің Абай мен Достық даңғылдарының қиылысындағы жерасты өткеліне «қоныс» аударғанын айтты. Бірақ ол жерден де таба алмадық. Жанашырың кім, жарымжан? Қайыршылардың ішінде шын мұқ­таж жандар да бар. Арбаға таңылған, бал­даққа сүйенген жарымжандарға жұрт қайырылмай өтпейді. Бәрін болмаса да, барын береді. Бір ғана «Көк базардың» төңірегінен қайыр тілеген төрт мүгедекті кезіктірдік. Алпысты алқымдаған ақсақалдың бір аяғы тізеден төмен қарай шорт кесілген. Бізден батасын аяған жоқ, бірақ диалогымыз ұзаққа созылмады: – Ата, аяғыңызға не болған? – Көрмейсің бе, кесілген. – Бала-шағаңыз бар ма? – Бар. – Олар сізге қарайласпай ма? – Қызым, сен мен үшін арланбай-ақ қой. Құдай мені кешіреді, – деп қолын бір сілтеді. Одан әрі тыңдағысы келмей, жүзін бұрып әкетті. Сәл ілгері жүргенде «Алма» сауда үйінің алдында балдаққа сүйенген Нұрланды жолықтырдық. Көмектескіміз келетінін айтып едік, сұрақ қойғанымызды күтпестен жағдайын жайып салды. Туа біткен церебралды сал ауруымен (БЦС) ауырады екен. Отандық медицина бұл дертті емдеуге дәрменсіз. Естеріңізде болса, БЦС туралы газетіміздің өткен санында кеңірек жазған болатынбыз («Дерттің дауасын іздеген ата-аналар сал балаларын шетелге апарып жүр»). Нұрланның балдаққа тұрғанына көп болмапты. Әке-шешесі өмірден өткен соң туыстары одан теріс айналған. Ешкімге масыл болғысы келмейтін 2-топтағы мүгедек өлместің күнін көріп келеді. Арбасын тастаған, тырмысып таяққа сүйенеді. Мемлекет беретін 19700 теңге жәрдемақы дәрісінен артылмайды екен. Біз сенбейді деді ме, ішетін дәрілерінің атын атап, бағасына дейін айтып берді. «Мені мына түріммен жұмысқа кім алады? Өз басымды әрең алып жүрмін. Мына жерден тапқанымды пәтерақыға беремін. «Тастақта» пәтер жалдап тұрамын. Арзанырақ төлеу үшін үй қожайынымен жапсарлас тұратын бөлме іздеп те көрдім. Бірақ сырт келбетіме қарап жұрт мені маскүнем деп ойлайды да, жолатпайды. Осы жерден тапқаныммен ілініп-салынып күн көрем. Мен ешкімнің «жансызы» емеспін. Шын мұқтаждық мәжбүрледі. Осы арада жалдамалы қайыршылар да жүреді. Қожайындарының қалтасын қампайту үшін мүгедектің де, жетім мен жесірдің де рөлін ойнайды», – дейді жарымжан. Азаннан қара кешке дейін тұрып табатын 3-4 мың теңгесіне көз алартатындар көп екен. «Айына 10 мың теңге төле де, қалағаныңша тұра бер», – депті тәртіп сақшылары. Мүгедекті мүсіркеуді білмейтін қайырымсыз қоғамның сиқы осындай. Шекара асқан шерменде «Жоманшылық болмасын, бола-жала орман болсун». Бұл батаға сіз бен біздің құлағымыз үйренген. Құндақтаулы сәбиін қойнына қысқан әйелдер, жаутаңдап аяққа оратыла кететін, бет-аузы күс-күс қара баланы да көрген көз жатырқамайтын болды. Өзіміздікі аздай, өзге мемлекеттерден ағылып келетін тіленшілер қайыршы деген қауымның қарасын қалыңдатып отыр. Әдетте елімізде заңсыз жүрген жал­ған қайыршылардың дені Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген лолылар. Оларды «Орта Азия сығандары» деп те атайды. Өткен жылы тәртіп сақшылары қайыр сұрау­мен айналысқан 11 684 адамды тұтқын­дапты. Бұл – Алматы қаласы бойын­ша тіркелген мәлімет. Ресми орындар берген мәліметке көз салсақ, 2012 жылы елімізден шығарылған 5 438 адамның 3 453-і ТМД елдерінен келген. Қазақтың дархан көңілін жымысқы пиғылдарына пайдаланғысы келетін келімсектер өз бизнесін дөңгелетіп отыр. Мұндай жүгенсіздікке неге тұсау салынбайды? Осы сауалды Алматы қаласы Ішкі істер департаментіне жолдадық. Бұл мәселеге келгенде құзырлы орган да қауқарсыз екен. Елімізде қайыр тілеуге және қаңғыбастыққа тыйым салатын заң жоқ. Ата заңымыз да, қолданыстағы өзге заң актілері де тіленшілер туралы ләм-мим демеген. Сондықтан, тәртіп сақшыларының құрықтары қысқа. Алматыда жақсы өмір сүрудің жеңіл жолын іздеп келетіндер көп. Көпшілігінде төлқұжат жоқ, санда бар, санатта жоқ адамдар. Шекарадан қалай өтетіні белгісіз. Қаңғыбастық, қайыршылық – лолылардың ата салты. Тұрақты тіркеуі болмағандықтан, олардың саны, тұрақжайы туралы ешбір мекеме нақты мәлімет бере алмайды. Бүгін бір қалада болса, ертең басқасын кезіп жүреді. Тіпті, полиция қызметкерлері оларды қабылдау-тарату орнына апара алмайды екен. Себебі, заң бойынша онда емізулі баласы бар әйелдер қабылданбайды. Сандарға сарап Заң жүзiнде барлық азаматта­рының құқығы тең қорғалатын Қазақстанда бүгiнгiдей бай, кедей дейтiн әлеуметтiк теңсіздік неге қатпарланып барады? Қарапайым халықтың қамын ойлау неге шетте қалды? Кемтар жандармен бiрге ақ сақалды ата, ақ жаулықты әжелер, баласын жетектеген аналар мен тепсе темiр үзетiн азаматтар неге қайыршылардың қатарына қосылды? Алматы қаласындағы кәмелетке толмағандардың уақытша бейімделу орталығында былтырғы жылы қайыр сұрап, қаңғыбас атанған 824 бала тіркеліпті. Жалтақ әке мен жағымпаз шешеге қарап бой түзеген баланың болашағы қандай болмақ? Тізе берсең, сұрақ көп, шешімін күткен мәселе шаш етектен. ҚР Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі сәуір айында 2014 жылдың 2-тоқсанына арналған кедейшiлiктiң шегiн белгiлеген болатын. Ол күнкөрiс минимумының 40 пайызына тең. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 19966 теңге мөлшерінде бекітілген. Мұның 40 пайызы – небәрі 7998 теңге. Мардымсыз. Бір ай бойы 19996 теңгеге өмір сүру мүмкін бе? Бұл – азық-түлік себетіне енетін тауарлардың бағасын есепке ала отырып ұсынылған сома. «Тарта жесең, тай қаладыға» сүйенсе керек, құзырлы орган әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың тұтыну қоржынына 43 тауар мен қызмет түрін жеткілікті деп тауыпты. Мұның 20,3%-ы – ет пен балық өнімдеріне, 14,8%-ы – сүт, май және жұмыртқаға, 14,6%-ы – жемістер мен көкөністерге, 7,7%-ы –нан және жарма өнімдеріне, ал қант, шәй және дәмдеуіштер үшін 2,6%-ы жұмсалуы керек. АҚШ-та тұтыну себетіне – 300, Францияда – 250, Англияда – 350 түрлі азық-түлік пен қызмет түрі енеді екен. Қоржын тізімі 475 пункттен тұратын Германия Еуропада оқ бойы озық тұр. Ал америкалық қоржында демалыс, білім алу, тұрмыстық техника, бензин мен көлік жөндеу, кітап, жеке бастың күтіміне арналған заттарды сатып алуға жұмсалатын шығындар есеп­телген. Франция үкіметі тұтынушы қор­жынына сұлулық салон­дарына бару, косметикалық құралдар сатып алу, бала күтушінің еңбекақысы, көлік жалдау, таксимен жүру, тіпті үй жануарларының тамағына дейін енгізген. Еуропада кедейшiлiктi есептеу тәсi­лi өзгеше. Онда бiркүндiк табысы 36,1 доллардан аспайтын адам тақыр кедей санатына қосылады. Аядай Люксембург мемлекетінде айлық табысы 1545.83 евроға (282887 теңге) жетпейтіндер тұрмысы төмен­дер қатарына жатқызылады. Герма­ния­ның өзiнде кедейлер саны жалпы халық санының 15 пайызына тең. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 5,3 пайыз дегенге сенесіз бе? Жалған көрсеткіштер түбімізге жетпесе болғаны… Анар ЛЕПЕСОВА