Жаңалықтар

ТАҒЫЛЫМДЫ ТАҒДЫР ТУРАЛЫ СӨЗ

ашық дереккөзі

ТАҒЫЛЫМДЫ ТАҒДЫР ТУРАЛЫ СӨЗ

Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап­ханасы мен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым-тарихшы Санжар Асфендияровтың 125 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Іс-шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан С.Асфендияровтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ер есімі ел есінде» және С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің кітапхана қорынан «Алаштың ардағы» атты көрме ұйымдастырылды. 

Кешті Ұлттық кітапхананың бас дирек­то­рының бірінші орынбасары Оспанова Бақыт­жамал Қайырбекқызы ашты. Белгілі қоғам қайраткерлері, тарихшылар, жоғары оқу орын­дарының студенттері, мен БАҚ өкілдері қатысқан шараны тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Интеллект Орда» Халықаралық әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулері ықпалдастыру институтының бас директоры Саттар Мәжитов жүргізді. 

Жиынға ҚазҰМУ ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ақанов Айқан Ақанұлы қатысты. Ректор мемлекет қайраткерінің тағылымды тағдырынан сыр шертті, ғұламаның Қазақстандағы академиялық ғылымның дамуына қосқан сүбелі үлесіне тоқталды. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, санжартанушы Алмас Жүнісбаев «История изучения жизни и деятельности Санжара Асфендиярова» атты баяндамасында ғалымның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін кеңірек таныстырды. Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Ж.Мұстафина, әскери дайындық кафедрасының полковнигі М.Шушбаев және университет түлегі Қ.Қуаныш та мінберге шығып, ғалым мұрасы туралы ойларын ортаға салды.

Кеш соңында Санжар Асфендияровтың өмірі туралы сирек кездесетін мәліметтерді қамтитын деректі фильм көрсетілді. 

Ақтолқын ТАЖИКОВА, 

ҚазҰУ-нің студенті