Жаңалықтар

ОТАНДЫҚ МАШИНАҒА СҰРАНЫС ТӨМЕНДЕЙДІ

ашық дереккөзі

ОТАНДЫҚ МАШИНАҒА СҰРАНЫС ТӨМЕНДЕЙДІ

Машина жасау саласы өнiмдерiне сұраныстың төмендеуіне дайын болуға тура келеді. Бұл турасында ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов Қазақстан машина жасаушыларының II форумы барысында тоқталды. Кәрім Мәсiмов мырза: «Машина жасау саласы мемлекет мүмкiндiктерi мен ел экономикасы шоғырланатын шектi нүкте болып табылады. Сондықтан Президент тапсырмасына сәйкес, Үкiмет, тиiстi министрлiктер, компаниялар салаға үлкен көңiл бөлiп отыр. Назарларыңызды бірнеше мәселеге аударғым келедi. Бiрiншiден, бүгiнгi күнi әлем энергия ресурстары мен негiзгi шикiзат өнiмдерiнiң бағасын төмендету кезеңiне өтiп жатыр. Бюджеті энергия ресурстары құнына тәуелдi Қазақстан мен өзге мемлекеттердiң мүмкiндiктерi төмендей түседі. Машина жасау саласы сұраныс пен сiздердiң өнiмдерiңiз қаншалықты пайдаланылатынына тәуелдi. Бiздің елiмiзде сұраныстың аздап төмендеуіне дайын болу қажет деп ойлаймын»,  ̶  дедi. Премьер-министр аталған қауiптерге төтеп бере алатын стратегия әзiрлеп, еңбек өнiмдiлiгiн арттыру мақсатында компанияларының iшкi резервтерiн қарастыру қажеттiгiн тiлге тиек еттi. 

«Бүгiнгi күнi дамыған экономикаларда бiрде-бiр компания өнiмдi 100 пайыз өзi жалғыз өндiре алмайды. Барлық iрi, жоғары технологиялы компаниялар қосымша құн бойынша тiзбек құрып, әлемнiң басқа да үздiк компанияларымен бiрлесе жұмыс iстейдi. Қазақстан да басқа компаниялармен бiрлесiп жұмыс iстей алуы үшiн бiздiң экономикамыз ғаламдық экономиканың бiр бөлiгіне айналуы тиiс. Осыған байланысты қолға алынған алғашқы ауқымды жоба – ЕАЭО құрылды, ол келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшiне енетiн болады. Бұл бiр жағынан ел iшiндегi кооперация болса, екiншi жағынан отандық кәсiпорындарға өнiмдi сату нарықтарын кеңейтуге жол ашады», ̶ деді. Инвестиция­лар және даму жөніндегі министрi Әсет Исекешевтің сөзіне қарағанда, елімізде 4 жылда машина жасау саласына 1 млрд. еуродан астам инвестиция тартылған. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Машина құрылысы Қазақстанның индустриялық дамуының келесі кезеңінің локомотиві болуы тиіс. Соңғы төрт жылда Қазақстанның машина жасау саласы тұрақты өсімнің қарқынын көрсетіп отыр. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығын жүзеге асыру кезеңінде салада өндіріс көлемі екі еседен астам көрсеткішке артты. Инвестициялар туралы Заңға түзетулерге байланысты Үкімет әлеуетті инвесторлармен жүйелі жұмыстарды атқаруда және жақын болашақта жаңа жобалар бойынша инвестициялық келісімдерді бекітудің куәгері болатынымызға үміттіміз. 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін біз Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға кірісеміз. Осы бағдарламадағы басымдықты 14 саланың 6-уы машина жасау саласына қатысты», ̶ деп атап өткен еді. 2014 жылы темiржол машина жасау саласындағы өнiм өндiрiсi 250 млрд. теңгенi құрайды.Темiржол машина жасау саласында өнiм өндiрiсi көлемi 2008 жылғы 10 млрд. теңгеден 25 есеге өскен. 2014 жылы аталған көрсеткiш 250 млрд теңгенi құрайды деп болжануда. Темiржол машина жасау саласындағы өнiм экспорты екiншi жыл қатарынан 100 млн. АҚШ долларын құрайды деп те жоспарлануда. Сондай-ақ, локомотивтер бойынша оқшаулау көлемiн 50%-ға, ал жүк вагондары бойынша 90%-ға жеткiзу мiндетi басшылыққа алынған.