Жаңалықтар

ТАРИХЫМЫЗ ЖАНҚОЖА, КӨТЕРІЛІСІН ЖАНАЙ ӨТІП ЖҮР

ашық дереккөзі

ТАРИХЫМЫЗ ЖАНҚОЖА, КӨТЕРІЛІСІН ЖАНАЙ ӨТІП ЖҮР

Молдахмет Қаназ, жазушы:

О бастан Ел мен Ер егіз ұғым. «Ер есімін ел сақтар, ел үмітін ер ақтар» деген қазақ мақалы осыны меңзейді. Жат елдіктердің үздіксіз шабуылына ұшыраса да, тарих толқынынан аман шыққан халықтың ұлт-азаттық күресі ешқашан толастаған емес. Ол күрес ұлан-байтақ қазақ елінің барлық түкпірінде үздіксіз жүріп жатты. Сондай халық қозғалыстарының бірі, Хиуа, Қоқан хандықтарына және патшалық Ресейге қарсы жарты ғасырға созылған Сыр бойы шаруаларының көтерілісі. Оған басшылық жасаған Жанқожа Нұрмұхаммедұлы (1774–1860) аталған елдердің зорлық-зомбылығына қарсы тұрып, еліне қорған болып, жарты ғасыр бойы аттан түспеген ұлт батырларының бірі ретінде тарихта қалды.Биыл батырдың дүниеге кел­геніне 240 жыл толып отыр. Соған байланысты Қызылордада облыстық көлемде Жанқожа батырға арналған мерейтойлық іс-шаралар өтті. Осыған орай Жанқожа Нұрмұхаммедұлының ұлт тарихындағы орны мен ол бастаған көтерілістің маңызы жайында көп­теген еңбектер жазып, бірнеше кітап шығарған көрнекті жазушы Молдахмет Қаназға жолығып, бір­неше сұрақтар қойған едік. Биыл да батыр мерейтойы тұсында «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» (Денсаулық. 2014 ж) атты құжаттар мен деректерге негізделген жаңа кі­тап шығарып жатқан жазушымен сұхбатымыз, негізінен сол кітап жайында өрбіді.– Жанқожа Нұрмұхаммедұлы сияқты халқының азаттығы жолында басын бәйгеге тігіп, ел мен жер тұтастығы үшін қол бас­тап қан майданға шыққан және оны елу жылдан астам уақыт бойы тоқтатпаған ұлт батырының, қандай қиын заман­дарда ел жадынан өшпеуінің себебі неде?– Қарапайым халық арасынан шығып, бірімен-бірі текетірескен төрт бірдей мемлекеттің көк­парына түскен қара халқының қайыспас қамқоры, батыр әрі би, халқы әулие тұтқан Жанқожа Нұрмұхаммедұлы жайлы өлең, жыр, дастан, талай-талай ауызекі әңгімелермен қатар деректер де өзі тарих қойнауына кеткен соң ұзамай қағазға түсе бастаған. Оның басты себебі, әрине, қайсар батырдың биік адами тұлғасы мен халықтың риясыз сүйіспеншілігіне бөленуі.Қоғамдық формация, мемлекет­тік құрылым, саясат, ұрпақ – бәрі де өзгереді. Өзгермей келе жат­қан бір қасиетті ұғым бар. Ол – бостандық, ел-жұртыңның азат­тығы. Бұғаудан құтылған азат ел ғана жері мен суының игілігін кө­ріп, еркін дамиды, жұртына азат елдің ұрпағы ғана тіреу бола алады. Сол азаттық жолына құрбандыққа шалын­ған қазақтың талай қаһар­ман ұлдарының қатарынан Жан­қожаның да шоқтығы биік көрінеді. Ата жұртының ауық-ауық еске ала беретіні де содан.– Батыр жайлы алғашқы деректер хатқа қалай түсті, оған кімдер атсалысты?– Жапандағы жалғыз үйінде намазға ұйып тұрған қарттың қара құлқыны үшін жатжұрттықтардың қолшоқпарына айналған сатқын­дардың қолынан мерт болғанына бес жыл өткізбей-ақ, 1865 жылы, дұш­пандары орыс зерттеушісі, осы істерге куә Л.Мейер, одан кейін М.Н.Галкин, В.И.Макшеев қалам­дарына іліккен болса, батыр тұлға­сының соған лайық болғаны да. Одан бергі бүгінгі күнге дейінгі бір жарым ғасырда талай су ақты, талай алмағайып заман өтті.Сонан кейін 1890 жылы И.В.Аничков ұсынып, жарық көр­ген «Батыржан Хуженур Маһмуд ұғлының қиссасы» деректі мақаласы болып жалғасып келеді. Басқыншы атаулыға тән ұстаным – олардың ешқайсысы да жергілікті ұлттың озық қа­сиет­терін көре білмейді. Бола қал­ғанда да өктемдікпен таптап, әрқилы тәсілдермен тәуелді халық­тың ұнжырғасын түсіріп, мәңгүрттендіріп, кемсітіп, бас­қаруға оңтайлап алады. Үлкен сая­саттағы осы дәстүр қарадан шыққан қазақты қалай аттап өтсін, халық жоғын жоқтаушы батыр патшалы Ресейге айтса да, айтпаса да дұшпан.– Жанқожа батырға ар­нал­ған жаңа кітабыңызға кір­ген материалдар жөнінде не айта­сыз? Кеңес дәуірінде бұл тақырыпқа кімдер барды?– Батыр жайлы көркем шы­ғармалар әр кезде жарық көріп келе жатқандықтан мерейтойды өткізу жөніндегі комиссияның әбден орынды ұйғарымы бойынша бұл жинаққа дәрежелерінің әрқилылығына қарамастан деректі, зерттеу мәніндегі мақалалар мен тақырыпқа қатысты құжаттар ғана іріктелді.Бұрын бұл тақырыпқа бай­ланысты бөлек жинақ құрас­тырылған емес.Феодалдық дәуірдегі жазу-сызуы кем­шін көшпелі ортада батыр бас­таған көтерілістің үздік-үздік көрі­ністері тек ауыз әдебиетінде. Жанқожа Нұрмұхаммедұлының орыс қағазына еріксіз түсетін тұсы ішін бермесе де олармен қарым-қатынас орнатуға мәжбүр – шамамен 1840 жылдардан басталады. Орыс әкімшілігі өз мүддесі үшін қазақтың бас көтерер кісілерінің бәрінен де көз жазбай мұқият бақылап отырған. Олар ізіне халық ерген әйгілі тұлғамен санаспай отыра алмайды. Бұл кезде дария бет сүргін, батырды, әсіресе, Хиуаның дүркін-дүркін қайталанған шапқыншылықтары титықтатқан. Жұртына қорған болуы мүмкін хандық жойылған. Халық тыныштығы үшін орыс күшін пайдаланудан өзге амал жоқ-тұғын.Орыстар кіші жүз жеріне ішкері­леп, бекіністер сала бастаған кезде Жанқожа кемеліне келіп тұрған халық аузындағы батыр, елдің қорғаны, қатардағы көп билердің бірі емес, өте ықпалды «народный судья(бий)», талай түйінді мәселелерге төрелік етіп отырған өңірдегі ірі саясаткер. 1937 жылдың зобалаңы, одан кейін­гі Кенесары көтерілісінің дауынан соң зиялы қауым арасын үрей жайлап, Сыр бойы шаруаларының көтерілісі тақырыбы жабулы қалды. Материалдарды түгендеуге ешкімнің батылы бармады. Тіпті жұрт ел аузында қалған әңгімелер мен қиссаларды жинап, қағазға түсіруге де үрейленетін. Сөйтіп талай деректер біржола келмеске кетті.Кеңес дәуірінде – 1940 жылы – онда да кәсіби тарихшылар, онда да жау алуы қиын орыс авторлары А.Якунин мен В.Шахматов бастағанға дейін бір де бір қазақ тарихшысы көтерілістің себеп-салдарына қалам тартқан емес. Е.Бекмахановтың Кенесары Қасымов туралы зерттеуіне білдірген қырын пікірі үшін кейін қазақ тарихшылары тарапынан көзтүрткіге айналған Т.Шойынбаевтың жинаққа түгелге жуық енгізіліп отырған моно­гра­фиясы көтеріліс барысын түбегейлі, байыпты қарастырған мәнді еңбек­тердің бірегейі.– Жинақтың құрылысы мен тақырыптық жүйеленуі ондағы материалдардың маңызы туралы айта кетсеңіз?– Жинақталған материалдардың жосығына орай кітап «Патшалы Ресей дәуірі», «Кеңес кезеңі», «Қазақ­станның егемендігінен кейін», «Құжаттар мен пікірлер», «Тарих тұжырымдары» атты бес тарауға бөлініп отыр.Негізгі құжаттар Қазақстан Респу­бликасы Орталық Мемлекеттік мұра­ға­тында сақталғанымен, Мәскеу, Ташкент, Орынбор қалаларында да санаулы зерттеушілер пайда­ланғанымен, көпшілік көзіне түспеген деректер жатыр. Қазақстан тарихына қатысты патша­лы Ресейдің, оның басқын­шылық пейіліне айғақ талай-талай астыртын әрекеттерді жалғанның жарығына шығаратын аса құпия деректерінен «тазартылған» жинақ Кеңес өкіметі құрылғаннан 44 жылдан соң 1961-1964 жылдары әрең жарық көрген екі томдық «Казахско-русские отношения в ХVIII-XIX веках» жинағына енгізілген. Бұнда батырдың жеке басына және сол кезеңдегі қоғамдық ахуалға байланысты бірсыпыра мағлұматтар бар.1856-1857 жылдардағы Қазалы­дағы кішкене шектілердің көтері­лісінің ішкі жайттарына байланысты құжаттар Ресей Федерация­сы Орталық Мемлекеттік әскери-тарихи мұра­жайынан (ЦГВИЯ РФ) алынды. Қазақстан Республика­сы Орталық Мемлекеттік мұра­ғатында сақтаулы көтерілісті бас­ып, қатысушыларды тонап, оның басшыларының көзін жоюды ұйымдастырып, жүзеге асыру, жандайшап жендеттерді марапаттау жөніндегі айғақ құжаттардың бірсыпырасы тұңғыш рет жарияланып отыр.Жинақтан көзіқарақты оқыр­ман бұрын жарық көрмеген тың деректер табады.1844 жылы Хорезм ханының Есет Көтібаровқа Жанқожаның көзін жою туралы әйгілі хаты бұр­­ын айналымда жүрген болса, Мұхаммедәмин хан бин Алла­құл­дың батырға жазған тағы бір­неше хаты, Ермұхаммед Қасымовтың батырды өлтіргендігі тура­лы өз қолы­мен жазған есебі – еке­уі де араб харпінен кирил­ли­ца­ға аударылып, тұңғыш рет жария­ланып отыр.– Жинақтан Жанқожа батыр­ға берілген ресми тарихтың тұ­жыр­ымдамасын оқи аламыз ба?– Қандай да бір болсын, ықпалды оқиғаларға әрқилы, тіпті бір-біріне кереғар пікірлерді сараптай келе ұлт мүддесі тұрғысынан әділ баға беретін мемлекеттің ресми тарихы. Біздің тарих аталған көтеріліске баға беруге келгенде ұятты.1949 жылы жарық көрген кеңестік «Қазақ ССР тарихынан» бастап 2010 жылғы «Қазақстан тарихына» дейінгі төрт бірдей ресми томдықтардан тақырыпқа тиісті тарауларда көрінетін біріне-бірі кереғар сапырылысқан сан-алуан пікірлерді саналы оқырман саралар деген мақсатпен «Тарих тұжырымдары» бөліміне топтап, жинақтың түйінделер тұсына қосып отырмыз.– Сіз бұдан бұрын да «Ел қор­­ғаны – Ер Жәкем» атты кі­тап құрастырып, ол 2007, 2008, 2012 жылары үш рет басылды. Онда Жанқожа батыр жайлы жазылған бірер құжат үлгілері келтіріліп, бірнеше зерттеу мақалалар енгізілгенімен, негізі­нен, көркем әдеби туындылар қамтылған болатын. Ал мына кітап деректі дүниелердің басын біріктірген, ғылыми салмағы бар еңбек екен. Ендеше, Жанқожа Нұрмұхаммедұлы жайындағы барлық деректі осы кітаптан таба аламыз ба?– Әр кезеңде, әртүрлі басылымдарда жарияланған кейбір, тіпті көтеріліске куә орыс әскери­лерінің, жазбаларының қай басылымнан алынғандығы жинаққа тартылған әр мақаланың өз тұ­сында көрсетулі. Оқырманның қабылдауына қолайлы болу үшін тақырыптардың қай-қайсысының да жылнамалық ретін сақтап, бұрыштамаға көрсетіп бердік. Жинаққа батыр жайлы қолға түскен пікірлердің қай-қайсысы да ала­ланбай, қол тигізілмей сол күйін­де енгізілді. Асан Дос­­жанов ықтиятпен аударған И.В.Аничковтың «Қазақ батыры Жан­қожа Нұрмұхаммедұлы» атты еңбегінен өзге мақалалар мен құжаттар әу басқы тілінде беріліп отыр. Құжаттардың ескілігінен, әр­түр­лі кісілер жазғандықтарынан, түсініксіз, тіпті өшіп қалған сөздер кезігеді. Қате жазылған кейбір жер-су, ру, кісі аттары да түпнұсқадағы қалпында сақталды. Құжаттар мұрағаттардан ксеро­көшірме мен фотоаппаратқа түсіру арқылы жинақталғандықтан, бұрын қаламмен көрсетілген ескі қағаздардағы беттерде бірер ауытқулар кездесуі мүмкін. Жинақты дайындауға бөлінген уақыт қысымшылығынан әлі де қамтылмай қалған деректердің басы баршылық. Олар ресми тарих үшін елеусіз болып көрінгенімен кезеңдегі оқиғалардың өрбу бары­сын, «мыңмен жалғыз алыс­қан» батыр тұлғасын түсінуге, дәуір тынысынан мағлұмат беріп, сол оқиғаларға қатысқан кісілерді әлі де таныта түсер еді. Батырдың күрес жолына, оның үстіне сол кездегі ел тағдырына байланысты арпалыс, дұшпандары мен тілеулестері жайлы деректер бұл жинақта ақи-тақи түгенделе қалды деуге ерте.– Әңгімеңізге рахмет.

ДайындағанАхмет ӨМІРЗАҚ