МАЙЛЫ ЕТТІҢ МЫҢ ТҮЙТКІЛІ
МАЙЛЫ ЕТТІҢ МЫҢ ТҮЙТКІЛІ
Ата кәсібін төрт түлік мал деп танитын қалың қазақ өз асына өзі жарымай тұр. Солай бола тұра, өзгені етпен жарылқауға тырысып жүргендер кімдер? Қазіргі жағдайда Қазақстан үкіметінің «2015 жылдан бастап Ресейге 60 мың тонна ет экспорттау» жоспарын орындау мүмкін емес екендігі айдан анық. Оған қоса, 50 пайыз жеңілдік жасап, сырттан келетін ет өнімдерін мәжбүрлі түрде сатып алмақпыз. Бұл кімге тиімді? Заң бойынша қазір аталмыш мәселе реттеліп жатқанын ескерсек, бізге Кеден одағы мен өзге де елдерден келетін ет өнімдерінің көлемі бұрынғыдан әлдеқайда арта түскен. Енді екі одақтасымызға берілетін квотаны да аяп отырған жоқпыз. Айталық, құс етінің 111 мың, сиыр етінің 15 мың, шошқа етінің 90.700 тоннасы еліміздегі саудаға түсуіне жеңілдік беріліп қойған. Қазақстан тұрғындарының жетпіс пайыздан астамы мұсылмандар болса да, шошқа етінің сан басымдылығы өзге ет өнімдерінен әлдеқайда артып тұр. 2013 жылы Қазақстан 1,6 мың тонна ет шетке сатып, 209,8 мың тонна ет сырттан алған. Бұл жағдайдан кейін сарапшылар үкіметтің 2015 жылдан бастап Ресейге ет экспорттау жоспарын толғымен орындауына күмәнмен қарауда. Ет өнімдерін дайындап, сатумен айналысатын кәсіпкерлердің сөзіне сенсек, тауарының көбін сырттан алдырып, оған алдын ала тапсырыс беріп қоятын көрінеді. Қазір Беларусь елінен келетін еттер арзан, әрі майлы. Ет өнімдерін өндіретін компаниялардың көпшілігі шет елден келетін етті пайдаланады. Қазір сырттан ет әкелу толық бір жүйеге түскендігін аңғару қиын емес. Ал отандық ет өнімдерін сыртқа эскпорттауға мүмкіндіктің жоқтығы өз алдына, ел ішіндегі ет өнімдері халық сұранысын қанағаттандырмай отырғандығының салдарынан ет бағасының қымбаттауына әкеп соғуда. Өткен жылы Қазақстан сырттан 210 мың тоннаға жуық ет сатып алған. Оның 170 мың тоннасына тең құс етінің 70 пайызы АҚШ-тан жеткізілген. Ал осы жылы импортталған 23 мың тонна сиыр еті Беларусьтен ̶ 30 пайыз, Ресей мен Австралиядан ̶ 15 пайыздан, Парагвай, Бразилия мен Польшадан ̶ 10 пайыздан сатып алынған. Шетелден келген 1 мың тоннаға жуық қой етінің 90 пайызы дерлік Австралиядан тасылған екен. Ал 5 мың тоннаға жуық жылқы етінің 35 пайызы Канададан, 22 пайызы Аргентинадан, 16 пайызы Уругвайдан, 4,5 пайызы Ресейден жеткізілген. Ал сол жылы Қазақстан сыртқа небәрі 1,6 мың тонна ет экспорттай алған. Еліміздегі ет өнімдерінің жылдан-жылға төмендеуі мал шаруашылығы мен жайылымды жерлерге мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөлінбей отырғандығынан деп айтуға толық негіз бар. Сөзіміздің тұздығы, 1990 жылмен салыстырғанда 2014 жылы ірі қара малы 59 пайызға, қой мен ешкі 49 пайызға, ал құс саны 57 пайызға кеміген. 2000 жылдан бастап Қазақстанның ішкі жалпы өнімі орта есеппен 8 пайызға өсті. Одан кейін билік тек егін шаруашылығына ерекше көңіл бөліп, арнайы бағдарламалар қабылдады. 1999-2000 жылдардан бастап ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар таза астыққа арналды да, мал шаруашылығы ескерусіз қалып қойды. Отандық рынокты өз елімізде дайындалған ет өнімдерімен қамтамасыз ету, 2016 жылға дейін ет экспортының деңгейін 60 мың тоннаға жеткізу жайында Елбасы тапсырма беріп, «Агробизнес-2020» атты мемлекеттік бағдарлама жасалғаны белгілі. Нақтыланған бюджет бойынша оған 20 миллиард теңгеге жуық қосымша қаржы да бөлінген еді. Отандық ішкі өнімдердің бір жолға қойылуын басшылыққа алғаннның орнына, тиісті мекемелер шеттен келетін өнімдерге қызығушылық танытып отырғандығын жасырмайды. Үкімет экспортқа ет шығарудан бұрын, ішкі нарықты етпен қамтамасыз етуге назар аударуы тиіс еді. Министрлік бекіткен «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «ҚазАгро» ұлттық компаниясы несиелеу қорларының есебінен 50 мың бас ірі қара мал сатып алатынын хабарлаған. Бұл ірі қара мал етінің басым бөлігі 2015 жылдан бастап Ресейдің Қазақстанмен шекаралас облыстарына экспортталмақ. Осы ретте елдегі мал шаруа қожалықтарының мемлекетке нақтыланған мал санын талаптарға сай күйінде ұсынуы мүмкін бе? Бұл жағына келгенде бұра тартатындығымыз жасырын емес. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мырзаның «Қазақстан биыл былтырғы 1 мың 346 тоннаның орнына 10 мың тонна сиыр етін экспорттауы тиіс» деген мәлімдемесі орындалатын іс екендігіне күмән көп.
Ауыл шаруашылығы саласы еліміздегі негізгі басты салалардың біріне айналуы тиіс дегенді мінбердегілердің аузынан жиі естиміз. Десе де, нақты іске келгенде бұл сала кенже қалып, мемлекеттік деңгейде қолдау таппай тұр. Оған себеп те жоқ емес. Ең алдымен кадр тапшылығы мәселесі ауызға алынса, мал жайылымына арналған жер телімдерінің тапшылығы да тиісінше шешімін таппады. Сырттан келетін ет өнімдеріне квотаның көбеюі отандық ет өндірушілердің дамуына кедергі болып отырғандығы тағы бар. Осылай тізе берсе, таусылмайтын түйткілді мәселелерге толы ауыл шаруашылығы жағдайының төмендеуі, төрт түлік малды кәсіп қылған ауылдағы ағайынның қолын істен, аузын астан қағып отыр.
Еркежан ЖҰМАТАЙ