Жаңалықтар

МИЛАНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ САММИТ

ашық дереккөзі

МИЛАНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ САММИТ

ҚР Президенті Н.Назарбаев Италияның Милан қаласында өткен «Азия-Еуропа» форумының 10-саммитіне қатысты. Миландағы іссапардан кейін Елбасы бірнеше елге сапарлап, екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың жолдарын қарастырып қайтты. Саммит барысында басты төрт шартты ұсынған батыстықтарға Қазақстан тарапынан ұсыныс жолдаған Н.Назарбаев Азия мен Еуропа арасындағы сенімді нығайту, Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту, қос құрлықтың тұрғындарына бірін-бірі жақыннан таныстыру т.б. маңызды мәселелер туралы ой қозғады.Эбола эпидемиясына қарсы кү­рестен бастап халықаралық энер­гетикалық және экономикалық ынты­мақтастық мәселелері талқы­лан­ған саммитте дүние жүзінің 50 елінен президенттер мен премьерлер, Еуропалық Одақ пен АСЕАН құрылымдарының жетек­шілері жиналды. Батыстықтар әлемдік нарықтағы мұнай мен газды арзан бағаға алуды көздесе, Қытай пай­даға шаш-етектен кенелтетін еуро­палық жобалардан үмітті болды.  Шығыс Азия мен Еуропаны бірік­тіретін «Азия-Еуропа» Форумы (АСЕМ) халықаралық ұйым санатында. Әлемдік саудаға тиесілі қаражаттың жартысын иемденетін АСЕМ әлемдік Жалпы ішкі өнімнің де жартысына қожалық етеді. Осымен оныншы рет өткізілген Азия-Еуропа саммиті (АСЕМ) 1996 жылы алғаш рет шақырылған. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын саммиттің биылғы тақырыбы: «Даму және қауіпсіздік мақса­тын­дағы жауапкершілікті серік­тестік». Серіктестікке келсек, АСЕМ жаһандық және аймақтық проблемаларды бірге шешуді қарастырады. Еуропа мен Азиядағы экономиканы қолдауды көздейді. Қауіпсіздік шарты туралы айтсақ, кез келген салада қауіпсіздік қамтамасыз етілмейінше, шаруа алға баспайды. Мәселен азық-түлік қауіпсіздігі, ядролық қауіпсіздік, әлеуметтік қауіпсіздік, теңіз бен әуе қауіпсіздігі т.б. Саммитте қозғалған басты мәселелердің бірі – жұмыссыздықпен күрес.  Саммитте Дүниежүзілік сауда ұйымы, Халықаралық қаржылық қор, «Үлкен жиырмалық» сияқты әлемдік құрылымдардың басшылары, қатысушылар саясат, қауіпсіздік, қаржылық-экономикалық, әлеуметтік-мәдени және көлік мәселелерін талқыға салды. Тағы бір маңызды жайт, «Азия-Еуропа» саммитіне Орталық Азиядағы елдердің ішінен тек Қазақстан ғана шақырылған. Мұның өзі көп нәрседен хабар берсе керек. Бүгінде Қазақстан және Еуроодаққа мүше елдермен арадағы тауар айналымы 53 миллиард долларға тең. Миландағы саммит қабылдаған тұжырымдамадағы негізгі тармақтардың бірі Еуропа мен Азияның арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайта түсу екенін және бұл «Еуразиялық идеямен» үндесетінін айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы Еуропа-Азия саммиті сияқты шаралар қатынас шеңберін кеңейтуге ықпал ететінін айтты. Осы орайда, Елбасы Ұлыбритания, Жапония, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Венгрия, Италия және Нидерланд көшбасшыларымен кездесулер өткізді. Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хемен инвестиция, технология және сауда-экономика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері әңгімеге арқау болса, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесу барысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және инвестициялық өзара іс-қимыл талқыланды. Ал Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік Кеңес Премьері Ли Кэцянмен өткізілген жүздесуде екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға көңіл бөлінді. «Бұл кездесулер еліміздің әлемдік аренадағы беделін көтереді, жаһандық экономикадағы күрделі ахуал жағда­й­ын­да Қазақстанға инвестиция тарту мүм­кіндіктерін кеңейтеді, сондай-ақ республикамызға деген оң көз­қарас қалыптастырады. Көптеген елдер қаражаттарын Қазақстанға салу­ға ұмтылады, ол экономиканың да­муын ынталандырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен халқы­мыздың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді», – деп мәлімдеген Н.Назарбаев қарым-қатынастардың нығайтыла түсетінін жеткізді. «Азия-Еуропа» саммитінен кейін баспасөз мәлімдемесін жаса­ған ҚР Президенті Н.Назарбаев әлем­дік қаржылық-экономикалық дағда­рыстың салдары халықаралық нарықтарға, сонымен қатар Қазақстанға кері әсер етіп отырғанын жеткізді. Осы себепті, соңғы кездері Президент жасаған түрлі ресми сапарлар алыс-жақын шет елдермен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Бұл отандық экономиканың дамуына және іскерлік қарым-қатынастарды жақсартуға сеп. Мәселен Миландағы сапардан кейін Брюссельде қабылданған ҚР мен Еуропалық Одақтың кеңейтілген серіктестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы бойынша алты жыл бойы жүргізілген келіс­сөз­дердің аяқталғандығы жөніндегі құжат аса маңызды. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуіне қатысты Еуропалық одақпен екіжақты келіссөздердің аяқталғаны жайлы құжат та еліміздің экономикалық тұрғыда дамуына оң ықпал етеді. Мемлекет басшысы «Қаржы­лық және экономикалық ынтымақтастықты Еуропа мен Азияның кеңейіп келе жатқан өзара байланыстары арқылы дамыту» тақырыбына арналған пленарлық сессияда сөз сөйледі. Елбасы қазіргі қауіптер мен сын-қатерлерге лайықты жауап іздеу жауапкершілігі Еуропа мен Азия мемлекеттерінің мойнына қатар артылғанын және күн тәртібіне осы мәселені шығаруға мәжбүрлегенін ескертті. Дағдарысты еңсерудің ең тиімді жолы ретінде Еуразиялық аймақтағы ынтымақтастық әлеуетін арттыру екенін айтқан Н.Назарбаев Жер шарындағы ынтымақтастықтың болашағына қатысты ойларымен де бөлісті. Президенттің пікірінше, халықаралық ынтымақтастықтың анықтамасын өзгерту, сол арқылы протекционистік кедергілерді жою үшін нақты әрекетке көшу, нарықтарға бастар жолды кедер­гілерден тазарту т.б. Әлемдік қаржы құры­лымының трансформациясы, қаржы саласында тепе-теңдіктің жоқтығы, дүниежүзілік ақша ағымын реттеудің тиімді тәсілі жайлы сөз қозғаған Қазақ президенті әлемдік көсемдерді Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуға шақырды. Н.Назарбаев баса назар аударған мәселелер қатарында Азия мен Еуропаның бірін-бірі жақыннан тануға және өзара ықпалдастықты жаңа негізде арттыру мәселелері бар: «Экономика және қаржы саласындағы халықаралық әре­кеттерді үйлестірудің плат­фор­­масына Қазақстан ұсын­ған «G-GLOBAL» бастамасы айна­луы мүмкін». Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ