Жаңалықтар

ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ БЕЛСЕНДІ ДЕПУТАТТАР АНЫҚТАЛДЫ

ашық дереккөзі

ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ БЕЛСЕНДІ ДЕПУТАТТАР АНЫҚТАЛДЫ

Таяуда елімізде ең белсенді депутаттардың рейтингі жарияланды. Отандық социологтар Мәжілісте батыл мәлімдеме жасап, Үкіметті жиі сынайтын 10 халық қалаулысының есімін атады. Аттың жалы, түйенің қомында жүріп, халықтың қамын жеген халық қалаулыларының көш басында Дариға Назарбаева тұр. Вице-спикер әсіресе, Білім министрлігін аяусыз сынап келеді. Осы ретте біршама түйіткілді мәселелердің басын ашып, оларды шешу жолын ұсынған еді. Жақында ғана мектептердегі оқулықтың баламалы түрінен бас тарту қажеттігі турасында өз ұсынысынысны білдірген Парламент палатасының вице-спикері Дариға Назарбаева осыған дейін де ҰБТ жүйесіндегі жүгенсіздікті, апатты мектептер жағдайының біржола шешілуі жөнінде де өз пікірін білдірді. Әрі депутат халықтың мұң-мұқтажын жиі көтеретіндіктен басқа әріптестерінен оқ бойы озық шыққан.

Шенеуніктердің үрейін ұшырмаса да, Көкшетаулық мүгедекті жекпе-жекке шақырумен аты шыққан Тәңірберген Бердоңғаров та күтпеген жерден белсенді топтың қатарына еніпті. Үздік үштікті ән салуды ұнататын Мұхтар Тінікеев тұйықтады.Жыл ортасында қараусыз қалған пәтерді 5 жылдан астам “күтіп, баптап” әрі сонда тұрып келген азаматтар сол үйлердің қожайыны деп танылуы тиіс деген ұсыныс жасаған Мұхтар Тінікеев елдегі өзекті тақырыптарды талқыға салып жүр. Кейінгі орындарға Мәжілістің ақсақалы Владислав Косарев, тағы бір коммунист Айқын Қоңыров, Азат Перуашев, Нұртай Сәбильянов, Майра Айсина мен Мәулен Әшімбаев жайғасқан. Тізімге гейлерге ауқымды күрес жариялаған ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл да енген. Алдағы уақытта халықтың сөзін сөйлеп, мұң-мұқтажын шешуде айтарлықтай еңбек сіңіріп жүрген халық қалаулыларының көші артып, саны көбейеді деген үміттегі жұртшылық осы ондықтың барына да шүкіршілік айтатын сияқты.

Еркежан ЖҰМАТАЙ