Жаңалықтар

ҚИНАЛҒАНДАРҒА ЖАНАШЫРЛЫҚ – ҚАНЫМЫЗДА БАР ҚАСИЕТ

ашық дереккөзі

ҚИНАЛҒАНДАРҒА ЖАНАШЫРЛЫҚ – ҚАНЫМЫЗДА БАР ҚАСИЕТ

Түрік бауырлардың қазақтар үшін орны бөлек. Түбі мен тамыры, тарихы мен мәдениеті, тілі мен ділі, діні бір ұлтпыз. Сондықтан болар, Қазақстан сонау 1991 жылы КСРО құрамынан шығып, өзін егемен ел ретінде жариялаған сәтте ең бірінші болып тәуелсіздігімізді Түркия таныды. Бүкіл әлемге: «Біз Қазақстанды егемен ел ретінде мойындаймыз», – деді. Содан бері 23 жыл өтсе, Түркия өзін мемлекет ретінде жариялағалы 91 жыл өтті. 29 қазан – Түркия мемлекетінің күні. Осы айтулы оқиға қарсаңында біз Түркияның Қазақстандағы Бас консулы Сүпхи Атан мырзамен сұхбаттасқан едік.

«Сауда айналымын 10 млрд. долларға жеткіземіз»

– Бас консул мырза, биыл бауыр­лас ел Түркия Тәуелсіздігін 91 рет атап өтпекші. Бауырлас түрік еліне жар­қын келешек тілейміз! Бүгінгі әңгі­мемізді Қазақстан мен Түркия ара­сындағы байланыстардан бас­та­сақ… – Жылы лебізіңізге, ізгі тілегіңізге көп рахмет! Әрбір түрік азаматы үшін аса маңызды әрі ұлық мереке қарсаңында «Түркістан» газетінің атынан құттықтап келгеніңіз үшін алғысым зор. Өзіңіз атап өткендей, Түркия 29 қазанда Тәуелсіздігін 91 рет атап өтпекші. Екіжақты қарым-қатынасқа келсек, 1991 жылы Қазақстан мен басқа да орта­лы­қазиялық елдер егемендігін жария­ла­ған сәтте оларды тәуелсіз мемлекет ретінде ең алғаш болып Түркия мойын­дады. Сол кезден бастап, тари­хы мен тамыры бір түркі елде­рі­нің арасындағы байланыстар одан сайын күшейе түсуіне себеп бол­ды. 2009 жылы тарихы, тілі, діні мен ділі бір Қазақстан мен Түркия арасында стратегиялық серіктестік келі­сіміне қол қойылды. Арадағы сая­си қатынастарды дамыту жұмыстары кір­шіксіз өрбуде. Сонымен қатар экономикалық және сауда қатынас­та­рымыз бар. Соңғы жылдары эконо­микада, сауда және сыртқы инвес­ти­ция­лар саласында ілгерілеушілік байқалады. Мәселен бүгінде бір ғана Алматы қаласында 700-ден астам түрік компаниясы мен фирмасы жұмыс істейді. Қазақстан бойынша айтсақ, олардың саны 1200-ден асады. Екі ел арасындағы сауда айналымы 4 млрд. долларға жуық. Алайда осы көрсеткішті жуық арада 10 млрд. долларға жеткізуді көздеп отырмыз.  – Білім мен мәдени салалардағы байланыстар қалай дамуда? – Уақыт өткен сайын жақсарып келе­ді. Қазір Қазақстанның бар­лық облыстарында түрік тілін үйре­тетін мектептер ашылған. Үш универ­ситетіміздің біреуі – Түркі­с­танда ашылған Қожа Ахмет Йассауи университеті, екіншісі – Алматы маңындағы Қаскелең қаласында орналасқан Сүлеймен Демирел университеті. Сондай-ақ, Алматыдағы Шет тілдер және мансап университеті. Аталған жоғары оқу орындарында білім алған жастар екі мемлекет арасындағы алтын көпір міндетін атқаруы тиіс. Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы туризм саласындағы байланыстар күшейе түскен. Мәселен, былтыр Түркияға Қазақстаннан 410 мың турист сапар шеккен. Түркиядан Қазақстанға келетін туристер саны соншалықты көп болмаса да, бар. Өздеріңіз білесіздер, түркітілдес мемлекеттер арасында интеграциялық қатынастар уақыт өткен сайын тереңдеп келеді. Түркі елдері әсіресе, мәдени салада аса белсенді. ТҮРКСОЙ, Түркі Ақсақалдар кеңесі, Түркітілдес Парламенттер Ассамблеясы, Нахчы­ван­­да құрылған Түркі кеңесі т.б. Түркі кеңістігіндегі осындай құры­лымдардың барлығы түркітілдес елдердің ынтымақтастығын арттыра түсуге сеп.  – Түркі елдері арасындағы бай­ла­ныс­тарды жақсартуда кемшін түсетін тұстар бар ма?  – Мен мына мәселеге баса назар аударғым келеді. Бүгінде Түркі кеңесі, Түркі елдері парламентаралық ассамблея, ТҮРКСОЙ секілді аса маңызды ұйымдардың құрылуына Түркия мен Қазақстан мұрындық болды. Қазір ынтымақтастыққа қатысты мәселелерде мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қосып отырған үлесі қомақты. Осыны мен ризашылық және қанағаттанарлық сезіммен айрықша атап өткім келеді. 1991 жылдан кейін КСРО құрамында болған бірнеше түркі мемлекеті өзінің тәуелсіздігін жариялады. Сонша жылдан кейін түркі бауырлардың қайта қауышқанына 20 жылдан асты. Енді сезімталдыққа құралған байланыстарды шетке ысырып қойып (әлбетте, сезімталдық әрқашан болады), шынайы әрі нақты байланыстарға көңіл қойған дұрыс. Мәселен материалдық мүдделерден түзілетін сауда және экономикалық қатынастарды күшейту, салынатын инвестицияның көлемін арттыру. Бүгінде Қазақстанға Түркия тарапынан 20 жылда салынған инвестициясы 3 миллиард долларға жақын. Түрік кәсіпкерлері жүзеге асырған жобаларының көлемі 20 миллиард долларға жуықтап қалды. Алайда егер осы көрсеткіштерге көңіліңіз тола ма деп сұрар болсаңыз, беретін жауабым: көңілім толмайды. Өйткені біз Қазақстанмен бірге басқа да түркі елдеріндегі саяси, мәдени, экономикалық, сауда т.б. байланыстарымызды ең жоғарғы деңгейге жеткізу үшін жұмыс істеуіміз керек. Әлбетте, бұған барлық түркі мемлекеттері түгел мүдделі болатынына және жақын арада жүзеге асырылатынына сенімдімін. Осы орайда қолымыздан келгенше үлес қосуға дайынбыз.  – Нұрсұлтан Назарбаев Еура­зия­лық экономикалық одаққа Түр­кия­ның да мүшелікке өтуін қа­лай­тынын айтты. Әлбетте, бұл бауыр­лас қазақ халқының тілегі. Сіздің­ше, Кедендік одаққа қосылуға Түр­кия дайын ба? – Мемлекеттердің экономикалық және саяси платформаға немесе ұйым­ға мүше болуы екі нәрсеге бай­ланысты. Біріншісі, сол елдің қа­лауы. Екіншісі, оның мүшелікке өткенін басқа елдердің құптауы. Мен Түркияның Еуразиялық экономикалық одаққа түзу көзқараста екенін білемін. Бірақ мүшелікке өту мәселесі Түркия үкіметінің құзырындағы шаруа. Осыған байланысты алдағы уақытта міндетті түрде шешім қабылданатыны сөзсіз. Бастысы, Түркияның мүшелікке өту туралы ұсынысты қабылдауы, Одаққа өтуге өтініш білдіруі және Одақ құрамындағы басқа елдердің Түркия өтінішін құп алып, оны Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі ретінде таныуы. Өздеріңіз білесіздер, Түркия Еуропалық Одақ құрамына өту үшін қыруар шаруа атқарды. Бірнеше жылдан бері Еуроодақ тарапынан қойылған көптеген шартты орындаумен келеді. Бірақ ЕО мемлекеттері Түркияның мүшелікке өтуіне мүдделілік танытқанын, өкінішке қарай, көре алмай отырмыз. Егер ЕуразЭҚ тарапынан Түркияға ұсыныс айтылып жатса, ондай кедергілердің болмайтынына сенімдімін. Түрік инвесторлары мұнай-газ саласына қызығады – Қазақстандағы түрік кәсіп­кер­лері негізінен қай салаға басымдық бе­ре­ді? – Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері Түркиядан бұл жаққа жүздеген кәсіпкер келді. Олар әсіресе, құрылыс саласында өте белсенді. Алматы мен Астанадағы құрылыс нысандарының үштен бір бөлігі түріктерге тиесілі. Алма­тыдағы қонақүйлер, ірі сауда-ойын-сауық орталықтары, Астана­дағы мемлекеттік құрылымдар, бір­қа­тар министрлік ғимараттары, бірне­ше жекеменшік нысанды да түрік­тер салған. Сонымен қатар тамақ өнеркәсібіне де баса назар аударады. Астана мен Алматыда, Қазақстанның басқа да аймақтарында түрлі мейрамханалар мен асханаларда түрік тағамдарымен қатар басқа да тағам түрлері қазақтардың дастарқанына ұсынылады. Білім саласында да кенжелеп қалмаған. Мәселен, қазақ-түрік лицейлері, жоғары оқу орындары т.б. ашуда түрік кәсіпкерлері үлкен қолдау көрсетуде. Меніңше, түріктердің белсенділік таныта алмай жатқан саласы – мұнай мен газ, сондай-ақ, кен орындарын игеру. Мәселен, мұнай, уран, хром т.б. табиғи ресурстарды өндіру, мұнай шикізатын өңдеп, оны нарыққа ұсынуда, өкінішке қарай, түрік кәсіпкерлері аса құлшынып отырған жоқ. Әлбетте, оның түрлі себебі болуы мүмкін. Бірақ алдағы уақытта осы салаларға да түрік бизнесмендері мен инвесторларының қызығушылық танытатынына үміттімін және осы орайда, жүзеге асыру мақсатында бірқатар жоба әзірледік.  – Түрік бизнесмендерін сүріндір­ген тағы қандай кедергілер бар? – Түрік кәсіпкерлері мен түрік бизнес әлемінің Орталық Азиядағы өте белсенді әрекет ететін мемлекеті – Қазақстан. Бизнесмендердің кәсіпкер­лікпен айналысуы үшін екі нәрсе аса маңызды: инвестициялық сенімді орта және қиындыққа тап болған кезде шағым айтатын құқық қорғау органдарының болуы. Яғни, кәсіпкер бизнеспен айналысқысы келетін елге келіп, қалыптасқан ортаның сенімділігіне көз жеткізеді, сосын келіп, кәсіпорнын ашады. Сонымен қатар кездесетін кедергілер мен қиындықтарды шешуде құқық қорғау органдарының бейтарап болғаны абзал. Егер осы мәселе жолға қойылса, ешқандай кедергі болмасы анық. Түрік бизнесмендерінің 20 жылдан астам уақыттан бері Қазақстанда кәсіп­керлікпен айналысуға құлшын­ға­нына қарап, аталған екі шарттың екеуі де жолға қойылғанын байқай­мыз. Әлбетте, әр елдегі сияқты қиын­дықтар бар. Түркияда соңғы кез­дері жасалған экономикалық рефор­малардың арқасында сыртқы инвес­тиция көлемін арттырдық. Қазақстанда да жиырма жылдың ішінде 175 миллиард доллар көлемінде сырттан инвестиция тартылғанын білеміз. Еуропа, АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан т.б. Жер шарының түкпір-түкпірінен келген салым. Егер шет ел азаматтары мен бизнесмендер инвестиция салуға шешім қабылдаса немесе салса, сенімді және тиімді ортаның қалыптасқаны, құқық қорғау органдарының бейтараптығында проблемалар туындамағанын дәлелдейді. Әлбетте, кедергілер мен қиындықтар бар. Ол басқа елдерде де кездеседі. Бірақ кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға бағытталған шаралар нәтижелі екеніне сенімдімін.  – Бас консул мырза, Қазақстан мен Қырғызстанға келмей тұрып, сіздің Сирия мен Йеменде дипло­матиялық қыз­мет­тер атқар­ғаныңызды білеміз. Ол жақтағы ахуал­дан жақсы хабар­дарсыз. Сіздің­ше, Араб елдеріндегі оқи­ғалар Түркияның саяси тұрақ­ты­лы­ғына кері әсер етпей ме?  – Өкінішке қарай, Ислам елдерінің кез келгенінде соғыс өрті тұтанған. Қираған ғимараттар, төгілген қан, жақы­нын жоғалтып, қайғыдан қан жұтқан адамдар… Бұлардың бар­лығына Түркия да алаңдайды. Өйткені соғыс ошағы бар елдердің кейбірі Түркиямен шекаралас жатқандықтан, бізге тікелей ықпал ететін жағдайға жетті. Он екі жылдық тәжірибеме сүйенсем, бір мемлекетте тәуелсіздік пен төзімділік салтанат құрмаса, тұрақтылық туралы айту артық. Егер адамдар сөз бостандығы, ой еркіндігі, заң шеңберінде батыл әрекет етпесе, міндетті түрде түйткілдер туындайды. Осы орайда, мен Қазақстанда осы мәселелер шешімін тапқанын көремін. Жүз отыз ұлт пен ұлыс өкілдеріне, ондаған діни ұстанымға ие болса да, Қазақстанда сенімділік пен татулықтың, төзімділік пен сыйластықтың орнауы – Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі. Өкінішке қарай, осындай қасиеттердің Ислам мемлекеттерінде болмауы соғысқа және адам өліміне әкеп соғуда. Адами құндылықтарды ұлықтауда Қазақстаннан бүкіл әлем үлгі алса игі. Қазақстанға келмей тұрып, мен Түркияның шекара маңындағы сириялық босқындарға қатысты шаруалардың үйлестірушісі қызметін атқардым. Екі жыл ішінде 1 жарым миллионнан астам сириялық босқын Түркияға бас сауғалады. 200-250 мыңнан астамы лагерьлерде өмір сүріп жатыр. Қалғандары еліміздің түрлі қалаларында шама-шарқы жеткенше күн көріп жүр. Осы кезге дейін 5 миллиард долларға жуық қаржы жұмсалды. Бұл жағдайдың қашанға дейін созылатыны белгісіз. Бірақ Түркия көрші елдерде орын алған берекесіздік пен тұрақсыздықтың тез арада біткенін қалайды. Өйткені көршіңнің үйі өртке оранып жатқанда сіздің баспанаңызға да қатер төндіретіні анық. Бүгін болмаса, ертең, ертең болмаса арғы күні кері әсері міндетті түрде тиеді. Сондықтан соғыс болып жатқан елдерде бейбітшілік орнауын шын көңілден тілейміз.  – Бауырлас түрік еліндегі ахуалдан қазақтар жақсы хабардар. Мәселен жуырда ғана Кобанидегі күрдтерді құтқаруды талап еткен Түркиядағы күрд жастары елге лаң салды. Олар бет-ауыздарын тұм­шалап алып, ғимараттарды қи­ратты, дүкендерді тонады, бере­ке­сіз­діктер барысында бірнеше адам қайтыс болды. Түркия үкіметі қан­дай шаралар атқарып жатыр? – Түркиямен шектесетін Сирия­да соңғы төрт жылда үлкен өрт бо­луда. Екі жүз мыңға жуық адам қайтыс болды. Осы уақыт ішінде 6 миллионға жуық тұрғын тұрғылықты қонысынан ауа көшуге мәжбүр болды. Төрт миллионға жуық адам көрші мемлекеттерге барып бас сауғалады. Олардың басым бөлігін Түркия өз мойнына алғанын айттым. Алғашқы күннен бастап, залым режимнің құрбаны болған халыққа көмек қолын созу – табиғи заңдылық. Қиналғандарға жанашырлық – қанымызда бар қасиет. Бір кездері османлылардан араша сұраған поляктарды ата-бабамыз құшақ жая қарсы алғаны белгілі. Олар шоғырланған жер бүгінде поляк ауылы аталады. Сондай-ақ, босниялықтарды елге алдық. Болгариядағы түріктер қысымға ұшырағанда, 1991 жылы Саддам Хүсейннің бұйрығымен күрд бауырларымызды химиялық бомбамен улап жатқанда түріктер араша түсті. Сол кезде 500 мың күрд бауырымызды босқын деп танып, Түркияға әкеліп, қолымыздан келгенше көмектестік. Меніңше, жаны қиналғандарға көмектесу – бабадан балаға қалған мұра, тамыры терең тарихымыздың тағылымы әрі қанымызда бар қасиет. Ең бастысы, Кобанидегі зұлымдыққа тап болған 200 мыңдай күрд бауырымызды шекарадан бері өткізіп алып, қажетті көмекті ұсындық.  «Түркия кез келгенге көмек қолын созады» – Қазір Интернетте «Ирактағы ИГИЛ содырларынан қашқан түркі­мен бауырларға Түркия үкіметі көмек­­тесіп жатқан жоқ. Керкүктегі түр­кі­мендер Түркия шекарасынан кіре алмай отыр. Балалар, әйелдер, қарт кісілер ас-сусыз қиналуда» деген ақпаратты жиі көреміз. Бұған қатысты не айтасыз?  – Интернетте неше түрлі әң­гіме өрбиді. Оның анық-қаны­ғына көз жеткізу қиын. Кейде адам­дардың сезіміне әсер ету үшін Интер­нетке неше түрлі суреттер мен бейнежазбалар салады. Атасы бөлектерге көмектесіп, қайырым­дылық жасап жатқан Түркияның өз бауыры, түбі мен тілі, тарихы бір түркімендерге көмектеспеуі, жалғыз қалдыруы мүмкін бе? Қалай ойлайсыз? Ақылға қонымсыз емес пе? Біз жәрдемдесер сәтте ұлты мен ұлысына, діні мен діліне, тіліне қарамаймыз. Адамгершілік құндылықтар ондай шекаралар мен шектеулерге бағынбайды.  – Мәселен босқындарға қандай көмек көрсетілуде? – Қараңызшы, қазір босқындар үшін 5 миллиардқа жуық қаражат бөлінгенін айттым. Босқындардың жейтін тамағы, ішетін суы, жататын жері, денсаулығына қажетті дәрі-дәрмектер бөлінді, баспана жетпе­ген­дерге лагерьлер ашылды. Олар бұған дейін тұрған ауылдарда болмаған заманауи мектептер аштық, емханалар салдық. Яғни, адамдарға қандай жағдай жасалуы тиіс болса, барлық жағдайды қарастырдық. Сириялық жастарға Түркиядағы жоғары оқу орындарында білім алуға құқық бердік. Түрлі әлеуметтік бағдарламалар арқылы психологиялық тұрғыда қиындыққа ұшыраған босқындарға қолдау көрсеттік. Әйелдер мен балалар үшін бөлек-бөлек шаралар өткіземіз. Қарттар мен еркектерге бөлек бағдарламалар арналады. Қазақстанға келмес бұрын екі жыл бойы күндіз-түні сириялық босқындарға қатысты жұмыстармен айналыстым. Әрбір шығынды қатаң бақылауға ала отырып, қаржының өз мақсатына жұмсалуын қамтамасыз еттік. Сондықтан «Түркияға келген босқындарға көмектеспеді» деп ешкім де кінә арта алмайды. Екіншіден, «түріктердің өз бауыры болған түркімендерге жарты жолда қалдырды, жәрдемдеспеді» деген айып та таға алмайды. Үшіншіден, «көмекке мұқтаж жандарды шека­ра­дан өткізбеді» деп те ешкім бетімізге баса алмайды. Біз жасап жатқан тірлік­тің мыңнан бірін бізге кінә арт­қан адамдар мен мемлекеттер жасай алса ғой. Бүгінде набары үш сириялықты қабылдамау үшін Еуропа елдері қалай жанықса, Түркия көзін жұмып тұрып, бір жарым миллион сириялық босқынды еш кедергісіз қабылдады, әлі де қабылдап жатыр. Сириядан, Ирактан т.б.  – Түркияға барғанда әсіресе, Стам­бұлда босқындардың көбей­генін байқаймыз. Жалпы қазір Түр­кияда ресми статистика бойынша қан­ша босқын бар? – Ресми деректерге сүйенсек, Түркияда Орталық Азия, Ауғанстан, Ираннан 300 мың босқын бар. Яғни, «босқын» деген ресми мәтебесі барлар. Демек, Интернетті кезіп жүрген сенімсіз ақпарат көздерінен алынған ақпараттардан абай болуы керек. – Бас консул мырза, КСРО ке­зін­де кеңестік режим түбі бір түркі елдерін тілдік байланыстарды ажырату арқылы бір-біріне жат қылды. Қазір қазақ, қырғыз, өзбек пен түркімен не аудармашы арқылы сөйлеседі, не орысша сөйлеу арқылы. Түркі халықтары ара­сындағы тілдік кедергіні жою үшін не істемек керек?  – Адамдар арасындағы диалогта ең маңызды нәрсе – тіл. Егер бір-біріңіздің тілдеріңізді түсінбесеңіздер, қанша жерден бауыр болғанмен, қарым-қатынас ұзаққа созылмайды. Анадолы түрікшесі мен Орталық Азиядағы түркітілдес халықтардың тілдерінде өте маңызды айырмашылықтар бар. Яғни, әзірбайжан, өзбек, түрік, түркімен бірін бірі оңай түсінеді. Тіпті қыпшақтардан тармақталатын қазақ пен қырғыз әңгімелесіп тұрғанда қазақша не қырғызша мүлде білмейтін түркілер жақын келіп тыңдаса, естігенінің 50-60 пайызын түсіне алады. Қазақстанда түрік тілін үйрету барысында бізді алға ұмтылдыратын да – осы күш. Анадолы түрікшесін түркілерге қатысы болмаған ұлттар мен ұлыстардың өкілдері үйренуіне 1 жыл уақыт кетсе, қазақ пен қырғыз бауырларға небары 3-ақ айда меңгеріп алады. Кез келген ұлттың тілін білсеңіз, оның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен тарихын еркін меңгересіз. Сондықтан біз де қазақшаны үйренуге аса қиналмаймыз. Түркияның Алматыдағы Бас консулдығының жанынан түрікше үйрену орталығында осы мәселеге баса назар аударылатын. Осы орталықтың жұмысын қайта жандандырмақ ойымыз бар. Жуырда Алматыдан Анкара университетінің жанынан құрылған TOMER (Түрікше үйрету және сараптау орталығы) өкілдігі ашылды. Бұл да қазақ бауырлардың түрікше үйренуге деген құлшынысын одан сайын арттыратыны сөзсіз. Сонымен қатар Қазақстан телеарналарынан түрік сериалдарының көптеп берілуі, Қазақстан туристерінің Түркияға сапарлауы да түрікше білуге деген қызығушылықты арттырды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері түрік кәсіпкерлерінің осы елге барынша көптеп келіп, жұмыс орындарын аша бастағанын айттық. Түріктердің қазақша не орысша білмеуі қазақтардың түрік тіліне деген қажеттілігін оятты. Осы орайда, біз қолымыздан келген көмекті беруге дайынбыз.  – Бас консул мырза, әңгімеңізге рах­мет! Екі ел арасындағы ынтымақ­тастықты арттыру жолындағы ісіңізге сәт­тілік тілейміз! Әңгімелескен  Нәзия Жоямергенқызы