ТАС ЖОЛДЫ ТӨСТЕГЕН — ТӨРТ ТҮЛІК
ТАС ЖОЛДЫ ТӨСТЕГЕН — ТӨРТ ТҮЛІК
Күре жол талай ғұмырды қыршынынан қиды. Өткен жылы елімізде 15 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болып, 2 273 адам көз жұмған. Жолға кісі аттандырған үйдің жолаушысы аман-есен оралғанша тілеуін тілеп, уайым етіп отыратыны сондықтан. Демографтардың болжамына қарағанда, жол апаты 10 жылда табиғи өсімнің 100 мың адамға артуын тежейді екен. Әдетте, жол-көлік оқиғалары жүргізушілердің біліксіздігі немесе салғырттығынан, күре жолдың қиын өткелдері мен ауа-райының қолайсыздығынан туындайды. Бірақ өткен аптада өрімдей үш жастың өмірін қиған Атырау облысындағы ірі жол апатының себебі басқа.Индер ауданына жақын маңда ішінде 6 адамы бар автокөлік тас жолға шығып кеткен жылқыны соққан. Салдарынан 3 адам оқиға орнында көз жұмып, қалған үшеуі ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне жеткізілді. Оқиға түнгі үш жарымдар шамасында болған. Апат уақытын шегелей түсуіміз бекер емес. Заң бойынша тәуліктің қараңғы мезгілінде төрт түлікті тас жолға жақын маңға жаюға, қараусыз қалдыруға тыйым салынған. Малды жаюға рұқсат етілген арнайы жерлердің бар екенін де бақташылар біле бермейді, білсе де, талапты орындауға бейілсіз. Сондықтан төрт түліктің кесірінен туындайтын жол апаттарының саны жылдан жылға артып келеді.
Жыл басында Алматы облысының көлік жүргізушілері құзырлы органдардан түлік атаулыны тас жолдан аластатуды өтінген болатын. Шағымданушылардың қатарында Әділ Сағатов та бар. Әділ Бақанас – Талдықорған бағытындағы күре жолда тұтқиылдан шыға келген сиырдың кесірінен рөлге ие бола алмай қалған. «Сиыр қарсы алдымнан шыға келді. Ол жердің мал жайылымы екенін айғақтайтын ешқандай белгі болған жоқ. Бақытыма орай, көліктің жылдамдығы жоғары емес еді. Апаттан аман қалдым. Бірақ көлікті жөндету үшін біраз шығындандым. Фарларын, капоты мен қанаттарын ауыстыруға 80 мың теңге кетті. Табыннан бөлініп қалған сиыр екен, айдалада иесін қайдан табасың?», – дейді Әділ.
Апат кезінде адам шығыны жоқ болса, қазақ әдетте тәртіп сақшыларын араластырмай-ақ, өзара ымыраласқанды жөн көреді. Мақұлықтың кесірінен зардап шеккендердің қатарында да амандығына шүкіршілік ететіндер көп. Статистикаға сенімсіз қарайтынымыз сондықтан. Десе де, өткен жылы мұндай оқиғалар еліміздің барлық өңірінде тіркелген. Мәселен, 2013 жылдың 25 тамызында Атырау мен Орал қалаларын жалғайтын тас жолдың бойында көлденең келген сиырдың кесірінен «Opel» автокөлігі аударылып, 48 жасар жүргізуші мен 24 жастағы жолаушы Атырау облыстық ауруханасына ес-түссіз жеткізілген. Оқиғаның түнгі сағат 1-лер шамасында орын алуы мал иесінің заңды белшесінен басқанын дәлелдейді. Бұл жағдайда жүргізушінің қырағылығын немесе біліктілігін сынға алу орынсыз. Осы оқиғадан 2 сағат бұрын Атырау облысында тағы бір жол апаты тіркеліпті. Бұл оқиғаның «қаһарманы» – түйе. Доссор – Құлсары күре жолында ВАЗ-21073 көлігі түйені соғып, жолдан шығып кетеді. Көлікті тізгіндеген 24 жастағы жүргізуші мен 57 жастағы жолаушы әйел Жылыой аудандық ауруханасына ауыр жарақатпен түскен.
Жамбыл облысының тұрғыны Талант Ермекбаев та ажалдан аман қалыпты. Жұмыс бабымен Тараз бен Жаңатас қалаларының ортасын жиі тоздыратын жігіт жаз ортасында жол апатына ұшырайды. Апатқа себепкер – жайылған жылқы. Оқиға түн ортасында Жаңарық ауылының маңында болған. Талант жолды кесіп өтпек болған жылқыны түннің қою қараңғылығында аңғармай қалғанын айтады. Жануар өзіне қарай зулап келе жатқан көлікке қос тұяғын сермей атылған. «Тойота Камри-40» маркалы көліктің алдыңғы әйнегін қаусатып барып, омақаса құлаған. «Жалғыз келе жаттым. Жылқы оң қапталымнан шапшыды. Егер алдыңғы орындықта біреу отырса, жазым болатыны анық еді», – дейді зардап шегуші. Көп ұзамай өлген жануардың иесі табылыпты. Жігіттің жастығын пайдаланбақ болған мал иесі жылқының ақшасын өндіріп алғысы келген. Тұқымының асыл екенін алға тартып, 1,5 мың АҚШ долларын сұрапты. Өз құқығын білмеген Талант істің ақ-қарасын айыру үшін тәртіп сақшыларын шақырған. Сөйтсе, заң өз жағында екен.
ҚР «Автомобиль жолдары туралы» Заңының 20-бабында: «Жалпыға ортақ пайдаланатын автомобиль жолдарын пайдаланушылар көлік құралдарын жол жүру қауіпсіздігін, жолдардың және олардағы құрылыстардың сақталуын қамтамасыз ететін жағдайда пайдалануға, сондай-ақ, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге міндетті» делінген. Сонымен бірге, ҚР Үкіметінің 1998 жылғы «Жол шаруашылығы құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру туралы» қаулысында: «Автомобиль жолдарында: «….малды жол арқылы арнайы бөлінген жерден тыс, сондай-ақ тәуліктің қараңғы кезінде және жеткіліксіз көрінетін жағдайда айдап өтуге, малды төсемі жетілдірілген жолмен айдауға және оларды жолдың жолақ бөлігінде жаюға тыйым салынады» деп көрсетілген. Сондықтан жылқы иесі Таланттың түкке жарамсыз болып қалған көлігінің құнын толық өтеуі тиіс-тін. Десе де, Т.Ермекбаев «обал болады», «бәле-жала осымен кетсінге» басып, полицияға шағым түсірмеген. Бір-екі қосалқы бөлшегін сатқаны болмаса, «Тойотадан» қайран болмапты.
Құқық қорғау саласындағы шикіліктер көп жағдайда азаматтардың құқықтық сауаттылығының төмендігінен туындайтыны жасырын емес. Бірақ арамызда әр адымын заңға сай аттайтындар, «екі қарап, бір шоқитындар» да бар. Олар кез келген жағдайда өз құқығын қорғай алады. Мысалы Семей қалалық сотына дәл жоғарыда аталған жағдай бойынша шағым түсірген семейлік жүргізуші мал иесінен 450 мың теңге өндіріп алған. Ол ҚР Жол қозғалысы ережесінің 24.5 және 24.6-бөлімдерін бұзған, яғни жолда тұяқтының жайылып жүргенін меңзейтін белгі бермеген. Семей – Өскемен күре жолындағы жол-көлік оқиғасын жіті зерттеген сот мал иесін ҚР Азаматтық кодексінің 917-бабы 1-тармағы бойынша кінәлі деп тапты. Онда «Азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс» деп соқырға таяқ ұстатқандай анық көрсетілген.
Төрт түліктің тас жолдағы бей-берекет жүрісінен зардап шегіп отырған аймақтың бірі – Сыр өңірі. Қызылорда облысындағы жол құрылысын қадағалайтын бірден бір мекеме, «ҚазАвтожол» АҚ өңірдегі филиалының директоры Ерұлан Жүнісов күре жолда адам өміріне залал келтіретін факторлардың көбеюіне алаңдаулы. «Қазіргі таңда облыста жол құрылысын қадағалау барысында кейбір елді мекендердің аумағынан өтетін жолдарда жайылып жүрген малдардың себептерінен жол апаттары орын алып, қайғылы жағдайлар мен материалдық шығындар әкелуде. Елімізде жол салу сапасына жаңа бір серпін берген ірі жоба – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі екені белгілі. Қазақстанның бес облысының үстінен өтетін автобанның 812 шақырымы біздің облыс арқылы өтеді. Біз осы күрежолдың құрылысын бастамас бұрын жолдың бір бетінен екінші бетіне өтуі үшін әрбір елді мекен тұсынан арнайы мал өткелдері болуын қарастырған болатынбыз. Сол өткелдерден малдардың өтуін арнайы бақташылар қалыптастыру керек. Транзиттік дәліздің жақын арада толығымен пайдалануға берілуіне байланысты, көлік қозғалысы арта түсетінін айтқымыз келеді. Күн сайын осы төрт түліктің егесіз жайылып жүруі салдарынан жол-көлік оқиғалары артуда. Тіпті бір күннің ішінде төрт түліктің себебінен бес оқиға орын алып отыр. Оған ең бірінші малдың егесі жауапты болу керек. Осы орайда қала және аудан әкімдеріне өз ұсыныстарымызды білдірдік. Аудан әкімдері жергілікті тұрғындарға тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуі тиіс. Төрт түліктің себептерінен жол қозғалысының қауіпсіздігі бұзылса, оның ішінде адам өлімі мен материалдық шығын орын алып жатқан жағдайда, оған тікелей малдың иелері мен жергілікті әкімдер, шаруашылық төрағалары ҚР Заңнамаларына сәйкес жауапты болатынын ескерулері қажет»,–дейді Ерұлан Жүнісов.
Мақұлықтардың жол қозғалысына кедергі келтіру фактілері Маңғыстау өңірінде де жиі тіркеледі. Маңғыстау облыстық жол полициясы басқармасы таратқан мәліметке сүйенсек, Жаңаөзен – Ақтау күре жолында мұндай апаттар апта сайын орын алады екен. Өйткені жол бойында мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары көп. Апатты жағдайлардың алдын алу үшін облыс тұрғыны Серік Хантөреев жол полициясы қызметкерлеріне ерекше идея ұсынған. Жол-көлік оқиғасына жиі себепкер болатын жылқы және түйе түлігіне қараңғыда жарық шашатын таспа байлап қою туралы ұсынысты тәртіп сақшылары қолдапты. Жылқыны үйірімен, түйені келесімен, сиырды табынымен бағатын шаруа қожалықтары үшін Серіктің бұл идеясы күлкі шақыруы мүмкін. Бірақ, жол апаттары мен күре жолдағы адам өлімі осы қарқынмен өсе беретін болса, ойлануға тура келеді. «Малым – жанымның садағасы» дейтін қазаққа төрт түліктен теперіш көру сын болып тұр.
Анар ЛЕПЕСОВА