БЕНЗИН АРЗАНДАЙ МА?
БЕНЗИН АРЗАНДАЙ МА?
Елімізде ең жоғары сұранысқа ие АИ-92 бензині бойынша қор тұрақты. Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Энергетика министрі Владимир Школьник осылай мәлімдеді. Ведомоство басшысы өз баяндамасында ішкі нарықтағы қалыптасқан ахуалды тұрақтандыру үшін атқарылған шараларды атап өтті. «Отандық мұнай өңдеу зауыттарынан өнім жөнелту көлемі арттырылды. Тіпті Шымкент мұнай өңдеу зауытын модернизациялау мерзімі кейінге шегеріліп, келесі жылға қалдырылды. Ресейден басқа елдерден де жанар-жағар май импортталуда», – деді министр. В.Школьник министрліктің қазақстандықтар арасында жоғары сұранысқа ие бензин түрлері мен дизель отынының бағасын қымбаттатпай, бірқалыпты ұстап тұруға ниетті екенін жеткізді. Ведомство әр облыстағы, әр мұнай базасында жағдайды мониторингтен өткізіпті. Министрдің айтуынша, биылғы шілде-қыркүйек айларында Қазақстанға АИ-92 маркалы 68 мың тонна бензин әкелінген. Жыл соңына дейін тағы 272 мың тоннасын импорттау жоспарланып отыр. Демек, темір тұлпар тізгіндегендердің терең тыныстауына болады.
Мұнай нарығында бағаның күрт құлдырауына байланысты елімізде жанар-жағар май құны арзандауы мүмкін. Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалиннің сөзінен түйгеніміз – осы. «Біз түгілі, Ресейде де жанар-жағар май құны төмен түсіп кетуі ықтимал. Қазір сондай үрдіс басталды. Бұл үрдістен Қазақстан да тыс қалмайды. Оның үстіне, биыл біздің мұнай өңдеу зауыттары шығаратын өнім көлемін 400 мың тоннаға көбейтуде. Жанармай бағасына бұл да ықпал етеді», – дейді Ұ.Қарабалин. Вице-министр кейбір жанармай құю станцияларының бензин қорын сақтап, оны жанармай бағасы көтерілгеннен кейін сатуды жоспарлап отыруы мүмкін деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
– «Кейбір компаниялардың қолында бензин бар, бірақ нарыққа шығармай отыр» деген хабар ақпарат құралдарынан айтылуда. Әркімнің өз бизнес тәсілі бар, әркім өз тауарын қанша қаласа да сақтауға құқылы. Бірақ жанармай құю станцияларының көпшілігі бензин сатып алу үшін банктен кредит алады. Сондықтан олардың күтіп отыратын мұршасы жоқ. Үлкен ресурстар сатылмай, сақтауда тұр деп айтуға болмайды. Ұстап отырғандардан біз тартып ала алмаймыз. Олар бензин бағасының көтерілуін тым ұзақ күтуі мүмкін,– деп Ұзақбай Қарабалин жанармай бағасы жуық арада өспейді деген жорамалға сендірді. Демек, қымбатшылықты күтіп, қолда барын сары майдай сақтап отырғандардың біразы «күйіп» кетуі мүмкін.
Анар ЛЕПЕСОВА