БАС МҮФТИ ИРАН ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
БАС МҮФТИ ИРАН ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі Мужтаба Демирчиломен кездесті.
Мүфтияттың баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, Бас мүфти мен елшінің ресми кездесуінде екі елдің мәдени-рухани саладағы қарым-қатынасы мен бүгінгі таңда мұсылман елдерін алаңдатып отырған мәселелерді талқыға салды. Қос тарап әлемдік тыныштықты сақтау үшін ауызбіршіліктің ауадай қажет екендігін айтты. Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі Мужтаба Демирчило өзінің сөзін көпұлтты Қазақстанда тыныштық пен татулықтың мол екендігінен бастады. «Қазақстандағы тұрақтылық, бұл – Алланың үлкен нығметі. Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында оқ бойы озып, өркендеп келеді. Бұған күн сайын көз жеткізіп келемін», – деді Иран елшісі. Кездесу соңында Ержан қажы Малғажыұлы Қазақстан мен Иранның ертеден-ақ бауырлас ел екенін тілге тиек етті. «Екі елді біріктіретін ортақ мәселелердің көп: дін атын жамылған ағымдардың әрекетіне тосқауыл қою, жастарға Ислам дінінің асыл құндылықтарын үйрету, қайырымдылық іс-шараларын өткізу. Бұл бағытта дін қайраткерлеріне жүктелетін міндет зор», – деп дін қайраткерлерінің әлемнің татулығын сақтаудағы рөлін атап өтті.