Жаңалықтар

Тарих сахнасында 550 жыл! Путинге ресми жауап қайтарылды

ашық дереккөзі

Тарих сахнасында 550 жыл! Путинге ресми жауап қайтарылды

Қазақстан тәуелсіздігін алған 23 жыл көлемінде ұлттық жаңғыру жолын басты мұрат ретінде таңдап алған жоқ. Керісінше, әлемдік жаһандану көшіне ілесу үшін аз тыраштанбады. Алайда, жоғары билік эшелоны бұл тыраштанудың ұлттың өзін-өзі тануына жол бермейтіндігін енді түсіне бастаған сияқты.

Әлемдік геосаяси өзгерістердің салқыны, қырғиқабақ соғыстың басталуы, Украинадағы жағдайдың ушығуы – кезіндегі ірі империялардың берген кепілдігінің жалған екендігін танытып отыр. Бұл ретте рухы мықты елдің ғана ұлттық даму жолы ұзара түсетіндігі өзінен өзі айқындала түскен сынды. Украинадағы жағдайға Путин жүргізген саясат қана кінәлі емес, ондағы украин халқының біраз бөлігінің өзін Ресейден бөліп қарастыра алмайтындығы да себеп. Өйткені, Қырымдағы референдум қорытындысы бойынша халықтың тоқсан пайызы Ресейге қосылуды жақтап дауыс берді. Бұл-дағы Украин қоғамының дағдарысын танытатын сынды. Сол себепті де, Ресейдің қитұрқы саясатына қарсы тұрар, елінің ертеңі үшін күресер, санасы азат ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгінің міндеті. Идеологиясыз қоғам болуға ұмтылудамыз. Алайда, ұлтсыз мемлекет болмайтынын ұмытпауымыз керек. Осы ретте Ресей саясаткерлерінің ақпараттық шабуылының үдеп кетуі, Батыс Қазақстан мен Петропавл қаласындағы биыл мамырдың 9-ындағы Ресей туын тігіп алып, «Біз Ресей үшін, біз Сталин үшін» деген автошеруге шығуы, кейбір арам пиғылдылардың «Национальное освободительное движение» қозғалысына қосылып, «Петропавл наш, Северный Казахстан наш» деп «Вконтакте» әлеуметтік желісінде арнайы парақша ашып, сепаратистік ұрандарды ашық жүргізе бастауы, қарағандылық зейнеткерлердің Ресейге қосылу жайлы референдумды қайта өткізейік деп бас көтеруі, қостанайлық бір топ тұрғындардың Донбасстағы ресейлік сепаратистерге қолдау көрсетіп, шеру ұйымдастыруы, «Шығыс Қазақстан республикасын» құруға талпынғандардың заңсыз әрекеттері – біздің билікті де ойландырған секілді.

 Сол себепті болар, Елбасы мықты шаруашыл адамды, Иманғали Тасмағамбетовті Қорғаныс саласына әкелді. Ал алдағы жылы қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығын атап  өтетіндігін Астана активтерімен болған жиналыста паш етті.

– Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгіндебіздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн, – деді Қазақстан Президенті.

 Бұл өзге емес, Қазақ елінің стратегиялық әріптесі саналатын, басты одақтасымыз Ресей президенті Путинге берген біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми жауабы.

Өз руынан шыққан аталарының асын бергенде алдына жан салмай білек сыбана кірісетін, бизнесмендер мен қоғам қайраткерлерінің сыналатын шағы келді. Елдіктің, мемлекеттіліктің тойын дүрілдете өткізуге бір кісідей ат салысу керек. Сонда ғана мемлекеттіліктің, елдіктің үлгісін көрсете аламыз.

«Кейбір пікірлерге құлақ түрсек, Қазақ мемлекеттігінің тарихын Алтын орда, Ақ орда, қала берді Түркі қағанаты кезеңінен бастаған жөн. Қазақ хандығы тым берідегі тарих» деген ойлар айтады. Әріптестеріміздің бұл пікірімен де келіспеске болмайды. Десе де, тарих қойнауының қазаққа қатысты әрбір жылнамасын назардан тыс қалдырмаған абзал. Ал қазақ деген ресми атты иеленіп, тарих сахнасында «Қазақ» хандығы болып құрылған кезеңнің тарихи датасы бүгінгі күнмен тұспа тұс келіп жатқанда, оны үнсіз өткізіп жіберуіміз елдігімізге сын болар еді.