МИНИСТРДІҢ АШУЫН ТУҒЫЗҒАН НЕ?
МИНИСТРДІҢ АШУЫН ТУҒЫЗҒАН НЕ?
Еліміздегі спорт пен мәдениет саласындағы кейбір олқылықтарды Арыстанбек Мұхамедиұлы сынның асытына алды. Таяуда Атырау облысының Дене шынықтыру басқармасының басшысы Бауыржан Мақсұтұлы баяндамасында: «Атырау облысы Дене шынықтыру басқармасының басшылығына келгеніме 2 айдан асты. Әрине, Атырау облысы дене шынықтыру басқармасының жұмысында кемшіліктер бар. Оған себеп, соңғы бір жылдың ішінде басқарма басшысы үш рет ауысқан. Сонымен қатар, көптеген тексерістер болды. Олар жұмыстарға кері әсерін тигізді. Жуырда өңірімізде қысқы спорт түрлерінен академия аштық. Жақында «жоғарғы жетістіктер» спорт мектебін ашпақпыз. 2015 жылы дарынды балаларға арналған спорт мектебі ашылады. Сонымен қатар, келер жылы өңіріміздегі жеті ауданда спорт стадиондарын жөндеуден өткізіп, екі ауданда үлкен стадион салу көзделіп отыр. Ал тағы төрт ауданда спорт кешендері бой көтермек. Осы және өзге де шаралар спортшыларымыздың үлкен жарыстарда жеңіске жетуіне көмектеседі деп сенеміз»,- деген басқарма басшысының сөзін Спорт министрі үзіп, көңілін күпті еткен мәселені баса айтты.
«Менің бір сұрағым бар, Атырау облысы бойынша спортқа бөлінген барлық қаржының 67%-ы футболға арналады екен!? Ақшаның бәрін футболға жіберсеңіздер, әрине, басқа спорт түрі ақсайды. Сіздер сияқты, Ақтөбе облысы да қаржының көп бөлігін футболға жұмсайды. Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе облысының Спорт басқармалары жағдайды түземесеңіздер, бөлінген ақшаны футболға ғана жұмсайтын болсаңыздар, әкімдеріңізге айта барыңыздар, мен бұл сұрақты Премьер-министрдің, керек болса, тіпті Елбасының алдына шығарамын»,-деген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзара «чемпионат» ұйымдастырып алған әкімдерге қатаң ескерту айтты. «Бізде әкімде футболдан жарыс ұйымдастыруға құмар. Отырып алады да, «менің командам ұтты. Сенің командаң ұтылды» деп жарысады. Футболға ақша қалай бөлінсе, спорттың басқа салаларына да сондай қаржы бөлінуі керек. Әкімдеріңізбен келісіп, тиісті шара қолданбасаңыздар, бұл сұрақты Мемлекет басшысының алдына шығарамыз», – деді министр. Аталған мәселені жоғарыда талқыламас бұрын, әкімдерге ескертуді жөн көрген А. Мұхамедиұлы енді бөлінген қаржының жөн-жосықсыз жұмсалуына жол бермейді.
Еркежан ЖҰМАТАЙ