Жарнама агенттігі сот шешіміне қарсы
Жарнама агенттігі сот шешіміне қарсы
Құрманғазы мен Пушкиннің суретін ерсі жарнамаға қатысты кезекті сот отырысы аяқталды. Жарнама агентігінің үстінен арыз түсірген Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттері мен оқытушылары сотта жеңіске жетті. Алмалы аудандық азаматтық істер жөніндегі сотқа арызданушы тарап жарнама агенттігінен 34 млн. теңге өтемақы төлеуді, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғам алдында кешірім сұрауды талап еткен болатын. Сот арызданушылардың талабын қанағаттандырып, ерсі жарнаманы дайындаған агенттікті қарсы топтың талаптарын орындауға міндеттеді. Ал жарнама агенттігінің өкілдері соттың шешіміне келіспей отыр. Жарнама авторларының сот шешіміне қарсы шағым түсіруіне 15 күн уақыттары бар. Сотта арызданушылар бұл жарнаманы жасаған агенттік Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы қызметкерлерінің жеке-мүліктік құқығын бұзғанын айтты. Ал айыпталушылардың қорғаушысы Ж.Өтебеков көпшілік алдында кешірім сұрау деген талап Қазақстан заңнамасында көрсетілмегендігін алға тартып, соттан осы бөлім туралы қарастырылған шағым бойынша істі тоқтатуды сұрады. Дегенмен, сот өз шешімін шығарды. Сот үкімі толық жүзеге аспайынша жарнама әзірлеген компанияның барлық мүлкі тұтқында болмақ. Жарнама агенттігінің бас директоры Д.Хамитжанова сот шешімімен мүлде келіспейтіндігін жеткізді. Ол апелляциялық комиссияға қайта шағым түсіретінін айтты. Айыпталушы тарап 34 млн. теңгені төлей алмайтындықтарын кесіп айтты.
Айта кетейік, қазақтың белгілі күйшісі Құрманғазы мен орыс ақыны Пушкинді сүйістіріп қойған жарнамалық плакат туралы 24 тамызда әлеуметтік желілерде жарияланған болатын. Ұлт ұрпақтарының ашуына тиген бұл жарнама Алматы қаласындағы «Студия 69» клубын жарнамалайтын постер болатын. Жарнамалық постер авторларының үстінен бір топ белсенді азаматтар полицияға шағымданған болатын. Алматы қаласының әкімшілік соты іс қозғап, сот шешімі бойынша жарнама агенттігі айыппұл төлеуге міндеттелген еді. Одан кейінгі шағым Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері мен оқытушыларынан түсті.