ЕСКІНІ ЖАМАСАҢ ЕСІҢ КЕТЕДІ
ЕСКІНІ ЖАМАСАҢ ЕСІҢ КЕТЕДІ
Қысы-жазы құрылысшылар тынбай еңбек етсе де, Алматының жолдары жамау күйінен арыла қоймады. Биыл да жол жөндеу жұмыстарына 14 бригада жұмылдырылған. Жол төсеуде қара май жетіспеушілігін жою мақсатында 4 асфальт зауытына осы жылы қосымша тағы екі зауыт іске қосылыпты. Бастапқыда жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын 77 көше қолға алынған. Соңғы 5 жылда Алматыда 13 жолайрық салынып, көлік инфрақұрылымы, көшелерді күрделі жөндеу, жолайрықтар мен жүргіншілер жолдарының құрылысын салуға соңғы төрт жылда 263 млрд. теңге жұмсалған. Өткен аптада Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов Алматыға сапары барысында Алматы үлкен айналма автожолы құрылысы жобасымен және қайта жөндеуден өтіп жатқан «Алматы-Қапшағай» тас жолының қазіргі ахуалымен танысты. Ұзындығы 66 шақырым болатын айналма жолдың құрылысы 2015 жылдың ортасында басталмақ. Алдын ала болжам бойынша жолдың өткізу қабілеттілігі сағатына 150 шақырым жылдамдықпен тәулігіне 38 мың көлікті құрайды. Жолда 8 жолайрығы, 19 көпір, 19 эстакада салу қарастырылған. Ал жобаға қаржы құятын инвесторлар келер жылдың ортасында анықталмақ. «Алматы үлкен айналма автожолы концессиялық жоба болады. Заңға сәйкес, енді халықаралық концессиялық байқау жарияланады. Қазір аталған жобаға инвестор болуға Еуропалық даму банкі, Бүкіләлемдік банк, әлемнің үлкен инвестициялық компаниялары ниет білдіруде. Концессиялық жоба 25-28 жылдан кейін өзін-өзі ақтай бастайды», ̶ деді Инвестиция және даму вице-министрі Жеңіс Қасымбек. Оның айтуынша, Алматы облыстық әкімдігі жекеменшіктен жерді сатып алу бойынша 10 млрд. теңге жұмсады. Ал жоба құны 130 млрд. теңгені құрайды. Бұл қаржы жеке инвесторлардан түсетін көрінеді. Тұлдыр жерді бәсі жоғары көк қағазбен бағалау біздің елде үйреншікті құбылыс. Десе де, алдағы уақытта «ақылы жолдар» идеясы өз күшіне еніп, судай жаңа жол темір тұлпарлардың кәдесіне жарайтын уақыт та алыс емес.
«Алматы-Қапшағай» тас жолы ақылы болмақ Шұрық-шұрық жолдардан мезі болған жұрттың жүйкесіне салмақ салмай, қалтасына салмақ салуды жөн көргендердің бастамасы жайында ел арасында алыпқашпа әңгіме көп. «Алматы-Қапшағай» тас жолы 2017 жылдан бастап ақылы болады. Бұл туралы жақында министрдің қатысуымен өткен жол құрылысымен танысу барысында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеген. Қазіргі таңда аталған тас жолдың 104 шақырымы жөнделіп жатыр. Оның 10 шақырымы биыл пайдалануға беріледі. 63 шақырым жол 6 жолақты, қалған бөлігі 4 жолақты болады деп жоспарлануда. «Алматы-Қапшағай» тас жолы бойынша жұмыс екі жыл бұрын басталған. Жоба келесі жылы бітеді деп жоспарлануда. Ол сапасы жоғары бірінші санаттағы бетонмен қапталған жол болмақ. Келесі жылы жолды толығымен жабдықтап, 2017 жылдан бастап ақылы жүйе енгізіледі. Әзірге жол бағасы қанша болатыны белгісіз. «Келесі жылы біз «Астана-Бурабай» тас жолынан 1 млрд. 200 млн. теңге қаржы түсіруді жоспарлап отырмыз. Сөйтіп, жол өзін-өзі қамтамасыз ететін болады», ̶ деді вице-министр. Егер ақылы жол салына қалса, жол ақысы мен тарифтер өсе түсетіні айдан анық. Көлік және байланыс саласының 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуы бағдарламасына қатысты бірқатар мәселе жабулы күйінде қалып келген еді. Нақтырақ айтқанда, «Астана – Қарағанды», «Алматы – Қорғас», «Ташкент – Шымкент» (Жамбыл облысының шекарасы), «Алматы – Қапшағай», «Орал – Каменка» (Ресей шекарасы), «Астана – Шучинск» бағыттарындағы жолдарды жеке меншікке беріп, оларды ақылы жолдарға айналдыру турасында көпшілікке түсініксіз жайттар орын алған. Бағдарламаға сәйкес бұл жолдар жедел түрде, бірінен соң бірі жеке меншікке берілуі тиіс. 2008 жылы Парламентте қандай жолдардың ақылы болатыны туралы заң қабылданған еді. Ол бойынша, белгілі бір компания жол салу немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар меншіктеу құқын байқау арқылы жеңіп алса, тендерге шығарылған жол 25 жылға жеңген компанияға жалға беріледі. Жалға беру мерзімі аяқталысымен жолдар мемлекетке қайтарылатын көрінеді. Бұл тәсіл арқылы үкімет бұл салаға қосымша қаржы тартпақ. Ақылы жолдар осы салаға жұмсалған қаржыны қайтарудың бір әдісі екені белгілі. Жол үшін ақы төленген жағдайда жүк тасымалының бағасы мен жолаушылардың жолақысы да өсуі әбден ықтимал. Бұл жағдай қызмет түрлері мен азық-түліктің бағасына да әсер ететіні түсінікті. Елімізде қымбатшылық орын алса, алдымен зардабын халық көрмек. Бұл әңгіменің төркіні қайдан шықты? Қазақстандағы алғашқы ақылы жол «Астана-Шучинск» автомагистралі болатындығы нақтыланған еді бір кездері. Бұл жолдың ұзындығы ̶ 211,8 шақырымды құрайды. Үкімет осы жолды 20 жылға жалға беру туралы қаулының жобасын да әзірлеп үлгерген. Ол жобада жеңіл автокөліктердің бір бағытқа төлейтін ақшасы ̶ 220 теңге болса, шағын автобустардан – 1050 теңге, жолаушылар таситын үлкен автобустардан – 2110 теңге, жүк тоннасына қарай жүк көліктерінен 3160 пен 5270 теңге. Десе де ақылы жолдар туралы жобаны іске асыру 2012 жылдың еншісіне қалған еді. Сол жылы «Астана – Петропавл» жолының құрамына кіретін Астана мен Щучинск арасындағы 223 шақырымды ақылы жолға айналдыру жобасын жүзеге асыру ақпанның 13-і күні мемлекеттік тапсырыс негізінде арнайы конкурс өткізіліп, оның қорытындысы құпия күйінде қалып қойған. Болашақта ақылы болады деп жоспарланған жолдардың ішінде «Астана – Шучинск», «Ташкент – Шымкент», «Алматы – Қорғас», «Алматы – Қапшағай», «Астана – Қарағанды», «БАКАД» сияқты жобалар бар. Концессионер жоқтығынан «Ташкент – Шымкент» және «Алматы – Қорғас» жобасынан өзге жобаларға әлі тапсырыс берілмеген. Аталмыш жобалар бойынша қазір халықаралық банктерден қарыз алу мәселесі қарастырылып жатыр. Осы ретте өзге жобаларға қатысты жарияланған тендерлер бойынша айтарлықтай нәтиже болмай тұрғандығы тағы бір түйіткілді мәселе. Оның басты себебі – әлемдік қаржы дағдарысының кесірінен шетелдік инвесторларды тартудың және пайыздық өсімі аз әрі ұзақ мерзімді қаржыландыру мәселесінің қиындауы болып отыр. PS: Қазақ ежелден «жол ақысы ̶ тәңір ақысы» екендігін жете ұғынған халық. Ақылы жолмен жүру енгізілген жағдайда да, оған келіспеске амал нешік. Бір жағынан сырттағы елдің тәжірбиесіне құлақ асқыштығымыз да себепкер бұл іске. Неге десеңіз, дамыған Еуропаның 28 елінде ақылы жолмен жүру қалыптасқан. Оның бір қасиеті, ақысын төлегендер жоғары жылдамдықпен жүруге толық құқы бар. Елімізде жылдамдыққа қатысты қағида басқа, заң басқа. Ал бізде ақылы жолда жылдамдық арттыру мәселесі қалай шешілетіндігін алдағы уақыта көретін боламыз.