ИСЛАМДЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМ:
ИСЛАМДЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМ:
Ислам әлемінің марғасқалары Дубайда бас қосты. Табиғи ресурстарға бай бола тұра мұсылман елдерінің артта қалуы, сіңірі шыққан кедейшілік, адамдардың сауатсыздығы, әлемдік нарыққа көмірсутегі жеткізу, Каспий теңізі арқылы сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру, логистиканы дамыту, исламдық қаржыландыру сияқты маңызды мәселелер талқыланған Дүниежүзілік исламдық экономикалық форумда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ислам әлемін дамытуға қосқан үлесі үшін мәртебелі сыйлықпен марапатталды.«Экономикалық өсуге бағытталған инновациялық серіктестік» тақырыбындағы Дүниежүзілік Исламдық экономикалық форумға қатысқан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Global Islamic Finance Awards (GIFA) ұйымы тарапынан «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталды. Елбасыға аталған сыйлықты «Edbiz Consulting Limited» компаниясының Бас атқарушы директоры Хумайон Дар табыстады. Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Аль Мактум қатысқан салтанатты кеште Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақстан 2009 жылдан бері исламдық қаржыландыру қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көшбасы саналады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ислам банкингі, сақтандыру және лизинг саласында өз қызметтерін ұсынатын исламдық қаржы институттарының тұтас бір шоғыры жұмыс істейді», – деді.
Ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамытуға және оны ілгерілетуге қосқан қомақты үлесі халықаралық деңгейде бағаланған Елбасы марапаттау кезінде Ислам қаржы нарығына қатысты серіктестік пен ынтымақтастық шеңберін кеңейте беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ, жоғары марапат мәртебесі үшін GIFA-ға алғыс айтып, ұйымның жұмысына сәттілік тіледі. Қазақстанның Ислам қаржы нарығымен тығыз қарым-қатынасының тағы бір дәлелі, еліміз 2,5 млрд. доллар көлеміндегі еурооблигацияларды сатқаннан кейін 2015 жылдан бастап дербес сукук шығаруды көздеп отыр. Дубайдағы исламдық қаржыландыру туралы конференцияда ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, сукукты алғаш рет 2012 жылы «Қазақстан Даму банкі» АҚ 240 миллион малайзиялық рингитке «әл-Мурахаба» сукугын» басып шығарыпты. Ал исламдық банк ережесінің жобасы биыл жыл соңына дейін аяқталады. 2013 жылы Жеке секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясы (ICD) өкілдері Қазақстандағы «Заман банкінің» негізінде еліміздегі екінші ислам банкін құрылатынын хабарлаған болатын.
Жыл сайын өткізілетін Дүниежүзілік исламдық экономикалық форум – Исламдық ынтымақтастық ұйымына (ИЫҰ) мүше елдердің экономикалық саммиті. Іскер ортада «Исламдық Давос» аталып кеткен форумға Жер шарының 100 мемлекетінен 2 мыңнан астам адам қатысты. Алғаш рет 2005 жылдың 1-3 қазанында Малайзияның Куала-Лумпур қаласында ұйымдастырылған Дүниежүзілік исламдық экономикалық форумда «Даму және прогресс үшін жаңа альянстар құру керек» деген ұран тасталды. Сол шарадан кейін ислам әлемінің көсемдері мен қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен БАҚ өкілдері жыл сайын бас қосып, күн тәртібіне шыққан мәселелерді талқыға салады, ынтымақтастық пен серіктестік шеңберін кеңейтуге талпынады.
Форум барысында бірқатар ресми кездесулер өткізген Нұрсұлтан Назарбаев Малайзияның Премьер-министрі Наджиб Тун Разакпен сауда-экономикалық, инвестициялық, сондай-ақ инновация мен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымдағы мәселелерін талқыға салды. Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-министрі Ксавье Беттелмен кездескен кезде де екіжақты сауда және инвестициялық бағыттарды қамтитын экономикалық қарым-қатынас әңгімеге арқау болған. Сонымен қатар инвестициялық, индустриялық-инновациялық және көлік-логистикалық салаларға басымдық берген Елбасы Каспий теңізінде бірқатар жобаны бірлесе жүзеге асыру және «Қорғас» көлік-қызмет көрсету торабын дамыту бойынша ынтымақтастық орнатудың мүмкіндіктерін қарастырды.
Дүниежүзілік Исламдық экономикалық форумда ислам елінен келгендер экономикалық мәселелермен бірге сауатсыздық проблемасын да қозғады. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде ислам елдеріндегі сауатсыздық деңгейі күрт өскен. Мәселен, мұсылмандар шоғырланған елдердің көпшілігінде еркектердің 40 пайызы хат танымаса, әйелдердің 65 пайызы әліпті таяқ деп білмейді. Сауаттандыруға көңіл бөлген Ислам әлемінің көсемдері «Білімнің арқасында әлеуметтік ахуал жақсарады, сіңірі шыққан кедейлер азаяды, жастар мақсатқа жетуге ұмтылады. Сондықтан қазіргі заманға сай білім жүйесіне көшіп, адамдардың санасын өзгерту керек» деген қорытындыға келді. Бұл туралы форумда сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев та тілге тиек етті. Әлемдік энергетикалық қорлардың 70 пайызы Исламдық серіктестік ұйымына мүше елдерге тиесілі болса да, әлемдік Жалпы ішкі өнімнің небары 7,5 пайызын және жаһандық сауда айналымының 11,2 пайызын қанағат тұтуға мәжбүр екенін ескерткен Елбасы: «Халық санының күрт артуы, кедейшілік, табиғи ресурстардың біртіндеп таусыла бастағаны,экологияның нашарлауы сияқты мәселелер тез арада шешімін табуы тиіс», – деді. Исламдық серіктестік ұйымына Қазақстан төрағалық еткен кезеңде қабылданған Астана деклорациясында ХХІ ғасырда ислам әлемін нығайту және дамытуға бағытталған шаралар қарастырылды. «Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ислам әлемін алдағы уақытта да күшейтуге және дамытуға ден қояды», – деп мәлімдеген Елбасы Қазақстанның жаңа индустриалдық бағдарлама шеңберінде Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Түркия мен Малайзиямен тығыз байланыс орнатқанын айтты: «Бүгінде 2,5 млрд. доллар көлеміндегі қаржыға келешегі бар 15 жоба жүзеге асырылады. Бұл тек басы ғана. Қазақстан инвесторларды тартуға барлық жағдай жасалып, тиімді транспорттық-логистикалық инфорақұрылым қалыптастыруда. 10 мың шақырымнан астам көлік жолы мен 2,5 мың шақырымдық темір жол салынып, қайта құрылымдаудан өтті. Қытай мен Парсы шығанағы арасындағы қашықтық 1200 шақырымға қысқартылды».
Ислам әлемінің дамуында еліміздің орасан зор үлес қосуға қабілетті екенін ескерткен Президент ауыл шаруашылығы саласына арналған 90 миллион гектар жері бар Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаһандық орталыққа айнала алатынын айтты. Бүгінде Ислам даму банкімен қарым-қатынас орнатқан Қазақ елі инвестиция тартуда және исламдық банкингті дамытуда да белсенді. Осының арқасында отандық экономикаға 700 млн. доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылған. 2007 жылы Бірікке Араб Әмірліктерінің қолдауымен Қазақстандағы ең алғашқы ислам банкі – «әл-Хилял» банкі ашылды. Сол кезде оның қаржылық қоржыны 500 млн. доллар болатын. Бүгінгі таңда еліміз Алматы қаласын ТМД елдері мен Шығыс Еуропадағы исламдық қаржыландыруды жүзеге асыратын аймақтық хаб ретінде танытып үлгерді. Дүниежүзілік исламдық экономикалық форумда Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушылар ислам әлемімен бірге халықаралық экономиканың дамуына да қомақты үлес қосатынын айтты.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ