МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ – ДАРЫНДЫ АДАМДАР
МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ – ДАРЫНДЫ АДАМДАР
Жақында Астанада Инвесторлар Альянсы құрылды. Оның президенті Азаматхан Әміртаев оқырманға бұған дейінгі ақпараттық технологиялар саласындағы қоғамдық жобалармен жақсы таныс. Тәжірибелі кәсіпкер елдегі шағын және орта кәсіпкерліктің бұғанасы қатайып, өсіп-өркендеуіне бір кісідей атсалысып келеді. Альянстың президенті ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жайлы ойларымен бөлісті.
–Инвесторлар альянсын құрудағы мақсат не? Бұл жобаның идеясы қайдан туындады?
– Біз Қазақстан софтверлік компаниялар қауымдастығы аясында соңғы жылдары IT саласында ақпараттық қауіпсіздік мәселесімен айналыстық, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жұмыс істедік, шетелдік компаниялармен әріптестік орнаттық, венчурлы жобаларды жүзеге асыруға атсалыстық. Енді жұмыс ауқымын кеңейтіп, екінші сатыға көтеріліп жатырмыз. Біз өз алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз. Бүгінгі күні Елбасымыз Н.Назарбаев шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына барынша қолдау білдіріп, баса мән беріп отыр. Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасында шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 20 пайыз ғана. Ал үлкен бизнестегі компаниялар саны әрі кетсе үш жүз-бес жүзден аспайды. Егер олардың бір-екеуі банкрот болса, экономикаға ауыр соққы болып тиеді. Айдың арғы беті, яғни, бұл мәселенің екінші жағы – шағын және орта кәсіпкерліктің өсуіне мемлекеттік билік бұтақтары ғана емес, халықтың өзі де атсалысуы керек. «Шайнап берген ас болмас» дегендей, халқымыз еңбек етіп, кәсіп етуді мақсат етпесе, тер төгіп, жұмыс істеуді қаламаса, кәсіпкер ұлт қайдан пайда болады? Осыдан біраз уақыт бұрын Елбасымыздың айтқаны бар еді: «Біз бизнестің дамуына барынша жағдай жасадық, енді бизнестің белсенділік танытуын күтеміз» деген. Осы сөздің жаны бар. «Мемлекет бізге не береді?» деп қол қусырып отыра бермей, «біз елдің дамуы үшін не істей аламыз?» деген сұраққа жауап іздейтін кез келді. Ең бастысы, мемлекеттен бір тиын алмай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға болатынын көрсеткіміз келеді. Мысалы, Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қабылданған алғашқы бес жылдығында бағдарламаға енген жобаларды жүзеге асыру үшін 12 триллион теңге бөлінген. Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2009 жылы өндірістің даму деңгейі 10,5 пайыз болған. Бірақ 2013 жылы да бұл көрсеткіш 10,5 пайыз. Елдегі индустрия саласы сол күйі, өзгермеген. Қазір байлар одан сайын байып, кедейлер одан әрі кедейленіп жатыр. Осындай әділетсіздіктерді көріп, қалай тыныш өмір сүруге болады? Сондықтан осындай капиталистік жүйені өзгертіп, қоғамды түзеу үшін игі жобалармен жұмыс істеу керек. Оған үлкен білім, мол тәжірибе, мықты команда, көп шығын керек. Мұндай ауқымды іске дайындығымыз жеткілікті. «Осындай қоғамдық жұмысқа уақыт бөліп керегі не? Одан не ұтасың?» дейтіндер де бар, әрине. Бірақ, меніңше, дайын асқа тік қасық болу жақсы қасиет емес. Әр уақытта жаңадан іс бастап, игі жаңалықтың басы-қасында болғанды жөн көреміз.Осыны ойлай келе, біз кәсіпкерлікті дамыту үшін Инвесторлар альянсын құру жөнінде шешім қабылдадық. Әрине, елімізде ірі кәсіпкерлер қауымдастығы бар, Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі жұмыс істейді, бірақ шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын инвесторлар қауымдастығы жоқ екен. Инвестор – кәсіптің, бизнестің тірегі. Адам қай уақытта кәсіп ашады? Бизнес-жоспарына сәйкес жұмыс істеуге қажетті қаражат тапқан кезде. Өзіңіз де білесіз, бізде жас кәсіпкерлер бастапқы капиталды қайдан алады? Әдетте, банктерден несие рәсімдейді, яғни пайыздық үстемақымен қарыз алады. Шындығын айтқанда, пайыздық үстемақыға кәсіп ашып, іс жүргізем деу құр әурешілік. Ол өз ісін бастап, кәсіпорынның жұмысын жолға қоямын дегенше банктің үстемақысы өседі, кәсіпкер қарызға белшесінен батады. Әлдеқалай тасы өрге домалап, ісі алға басса да, ашқан кәсіпорынды банкке беріп, қарыздан құтылуға мәжбүр болады. Әрине, соңғы жылдары мемлекет тарапынан ұлттық өндірістің еңсесін көтеруге көп талпыныс жасалды: Үдемелі индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, арнайы экономикалық аймақтар құрылды, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры ашылды. Мұны жаңа технологиялар тілінде «G to B», яғни «Government to Business» дейді. Қазақша мағынасы – Мемлекеттен Кәсіпкерлікке берілген көмек. Бірақ мемлекеттік билік органдары араласқан істе сыбайлас жемқорлықтың қылаң беру қаупі зор. Адами фактор болғандықтан, лауазымды тұлғалар кез келген жобаға қаржы бөлу кезінде кәсіпкерді белгілі бір «сыйақы» беруге мәжбүрлеуі мүмкін. Шын кәсіпкер үшін бұл тиімсіз. Өйткені ол адал еңбекпен, шабытпен жұмыс істеуі керек. Осылайша, мемлекет пен банк араласақан кезде 100 кәсіпкерлік жобаның 1-2-еуі ғана тамыр жайып, жеміс беруі мүмкін. Қалғандары үстеме пайыз, сыйақы, жемқорлық сияқты жолшыбай кедергілердің кесірінен өнбей жатып, солып қалады. Кәсіпкер болғандықтан, бұл жағдайды мен өте жақсы білемін. – Инвесторлар альянсы немен айналысады?– Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – мемлекет пен бизнес арасындағы көпір болса, біздің Альянс – бизнес пен бизнес арасындағы байланысты жүзеге асырады. Осы уақытқа дейін бизнес пен бизнес арасын жалғауды көздеген бірқатар жобалар жасадық, олардың бәрі дерлік жемісін беріп жатыр. Business to Business схемасының бір түрі – Америкадан бізге жеткен croud funding (крауд фандинг) деген жоба. Сіз арнайы порталда өз бизнес-идеяңызды таныстырып, оның авторлық құқығын қорғап, жобаңызды тіркейсіз. Оны ұнатқан қарапайым азаматтар сіздің жобаңызды қолдап, оны жүзеге асыру үшін қажетті қаражат жинайды. Әркім өз қал-қадірінше ақша қосуы мүмкін. Бұл жерде «Көп түкірсе – көл» деген қағида жүзеге асады. Ақыры, көп жинаған қаражаттың арқасында елге керекті жоба өмірге келеді. Қазір біздің www.ainvest.kz сайтымызда Астанада робот жасау мектебін ашу туралы идея айтылды. Порталда осы жоба жарияланысымен, көптеген ата-аналар бұл идеяға қолдау білдіріп, дауыс беріп жатыр. Қазіргі жас ұрпақ көп уақытын компьютер алдында өткізеді, түрлі техникамен ойын ойнағанды жақсы көреді. Ендеше, балалардың осы қызығушылығын қажетті бағытта білім жинауға, біліктілігін арттыруға неге бағыттамасқа? Біз «крауд фандинг» арқылы осы жобаны жүзеге асыруды ойлап отырмыз. Қоғамға қажетті осындай жобалар көпшілік қаржысымен жүзеге асса, халық әлеуетін көтеретін ірі жобаларды біз сараптап, бизнес-жобасын пысықтап, инвесторлар тобын табуға көмектесеміз. Біздің елде ақшасы көп азаматтар баршылық, оларға бизнес-идея ауадай қажет. Ал идеясы бар, кәсіп ашуға ынталы талапты жандар қаржы көзін іздейді. Екеуін ортақ бір іске жұмылдыратын үшінші бір бейтарап алаңқай, орта жоқ. Осы екі топты бір-біріне жолықтырып, табыстыру, арасын жалғау – біз мойнымызға алып отырған үлкен міндет. Ендеше, сенімді орта, алтын көпір – біздің альянс болмақ. Адал еңбек, таза ниет болмаса кез келген істің өркен жайып, жеміс беруі екіталай. Сондықтан халық сеніміне ие болу үшін, кәсіпкерлер мен инвесторлармен табысты жұмыс істеу үшін біз өз жұмысымызды жауапкершілікпен, адалдықпен атқарамыз. Мысалы, Альянс құрамында тәжірибелі кәсіпкерлерден, білікті сарапшы мамандардан құралған комитет жұмыс істейді. Бұл комитет порталда тіркелген бизнес-идеяларға ғылыми сараптама жасап, бизнес-жоспар жасап, инвестор алдында жобаның тиімділігін қорғап шығады.– Жобалардың авторлық құқығы қалай қорғалады?– Қазақстанда Авторлық құқықты қорғау заңы бар ғой. Идеяны порталда жариялау барысында тұтынушылар авторлық құқыққа арналған арнайы бөлімге кіріп, тіркеуден өтеді. Бұдан соң ол идеяны ешкім пайдаланып кете алмайды, оның авторлық құқығы заңмен қорғалады. Осы жерде айтылуы тиіс бір жайт – қандай керемет бизнес-идея болмасын, ол – алдағы атқарылатын жұмыстың 1 ғана пайызы. Қалған 99 пайызы – оны жүзеге асыру жұмыстары. Идеядан нақты іске дейін қаншама қажыр-қайрат, күш-жігер, білім, тәжірибе, қаражат жұмсалады.Ең бастысы, біз бизнестің бизнеске сенім артуын қалыпты дағдыға айналдырсақ дейміз. Кәсіпкерлікті гүлдендіретін – сенім. Адамдар арасында сенім болмаса, ешқандай серіктестік ойдағыдай жұмыс істей алмайды.– Кәсіпкерлікке инвестиция тартудың бұдан басқа қандай механизмдері бар?– «Business to Business» деп аталатын инвестицияның екінші түрі – бір кәсіпкердің басқа кәсіпкерлерге іс бастауға көмектесіп, ол жобадан белгілі бір үлес алуын білдіреді. – Бұл да портал арқылы жасала ма?– Иә. Біздің мақсатымыз – жабылуға жақын, ісі өнбей жатқан кәсіпорындарды тауып, олардың жұмысына тың серпін беретін инвестор табу, инвесторға жобаның тиімділігін дәлелдеу. Инвестор белгілі бір үлес алып, банкротқа ұшыраудың алдында тұрған кәсіпорынның аяғынан тұрып кетуіне, бойына қайтадан қан жүгіртуге себеп болады. Жалпы, кез келген бизнесте алғашқы жеті-сегіз жылда дағдарыс болуы заңдылық. Бұрынғы менеджменттік әдістер ескіріп, алғашқы қарқын басылып, жұмыс тығырыққа тірелуі мүмкін. Осындай кездерде сырттан келген жаңаша бағыт, соны идеялар кәсіпорынның қайта жандануына себеп болуы мүмкін. Бұл ғаламдық тәжірибеде бар нәрсе. Инвестицияның үшінші бір түрі – венчурлы инвестициялар. Венчурлы инвестиция дегеніміз – тәуекелі көп жобаларға қаражат бөлу. Тәуекелі жоғары оншақты жобаға ақша салғанда, оның 2-3-еуі ғана пайда беруі мүмкін. Есесіне, жемісін берген сол бір-екі жобаның табысы басқа жобалардың шығынын жабуға сеп болады. Төртінші бағыт – angel (эйнжел) инвестициялар. Бұл Батыста кең тараған инвестициялық құрал, қайырымдылыққа ұқсайды. Мысалы, талантты жас кәсіпкер жаңа жоба ашу үшін белгілі бір көлемдегі қаражат іздейді, оған сенім артқан тәжірибелі инвестор қажетті ақшаны қайтарымсыз түрде беруге келіседі. Басқаша айтқанда, егер жоба іске асса, пайдасын бөліседі, бірақ жолы болмаған жоба сұраусыз қалады. Мен АҚШ-та осындай инвестицияның арқасында жұмыс істеп жатқан жобаларды көп көрдім. Мысалы, ғаламтордағы белгілі Instagram жобасы осындай angel-инвестицияның арқасында ашылған. Бесінші инвестициялық бағытымыз – мемлекеттік органдардан қаражат алып беруге көмек қолын созу. Біз ірі жобаларға мемлекеттік органдардан «сыйақысыз», «рахметсіз» инвестиция алуға көмектесеміз. Мемлекеттік жобалармен жұмыс істеген мол тәжірибеміз болғандықтан, бұл салада басқа кәсіпкерлерге септігіміз тиеді деп ойлаймын. Алтыншы бағыт – шетелдік инвесторлармен әріптестік орнату. Қазір Қытайдың, Америка, Араб елдері мен Еуропа мемлекеттерінің кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар Қазақстанға келіп, жұмыс істеуге дайын. Бірақ қай салада, қандай іске кірісу керектігін біле бермейді. Біз оларға белгілі бір бизнес жобаларды ғаламтор арқылы, портал арқылы таныстырып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз. Порталда жобаны жариялайтын тұтынушыларға жасы, білімі, мамандығы, жұмыс тәжірибесіне орай қандай да бір шектеу қойыла ма? Егер ешқандай шектеу болмаса, кәсіпқойдан да, әуесқойдан да келіп түскен мың-миллион идея қалай сұрыпталады?Бұл жобаның басты ерекшелігі – жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер Инвесторлар альянсы арқылы ешқандай кепілсіз, үстемақысыз алғашқы капитал табады. Тағы бір жағымды жаңалық – жобаға қаражат бөлген инвестор жас кәсіпкермен болашақ істің бар ауыртпашылығын бірге көтереді, оның ыстық-суығын бірге көреді. Яғни, тәжірибелі кәсіпкер өз тәжірибесімен бөліседі, жас әріптесін үйретіп, баулиды деген сөз. Халық осыны түсінген кезде, идея ұсынушылардың көп болатыны сөзсіз. Біздің мақсатымыздың өзі қоғамда осындай импульс тудыру емес пе? «Кәсіпкер ұлтқа» айналудың алғышарты да осы.Ал сіздің сұрағыңызға келсек, әрбір ынталы жас ең кемі он жобадан ұсынса да, оның бәрін жариялауға біздің порталдың қабілеті жетеді. Әрине, порталда жарияланған жобалардың бәрі бірдей іске жарамды болуы мүмкін емес. Саннан сапа шығады, неғұрлым көп идея айтылса, соғұрлым пайдалы. Олардың бәрін сараптап, іске татитынын сұрыптап, таңдап алу, одан әрі дамыту, жүзеге асыру жолдарын қарастыру – біздің жұмысымыз. Жоба авторымен бірлесе отырып, біз бұл идеяны қаржыландыратын инвестор іздейміз. – Әлемдік тәжірибеде осыған ұқсас жобалар бар ма?– Америкада «крауд фандинг» жобалары жұмыс істейді. Олардың жылдық айналымы 8-10 миллиард доллар шамасында. Еуропада осыған ұқсас жобалар бар. Біз жылдық айналымы 10 милллион доллар болатын жобаны жасай алсақ, соның өзі талай игі іске мұрындық болар еді. – Қазір порталда қанша жоба жарияланды? Жақын арада жүзеге асатын жобалар бар ма?– Порталдың ашылғанына бір-ақ ай болды. Қазірдің өзінде оған 25-30 шақты бизнес-жоба келіп түсті. Оның бәрін қарап зерттеп, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беріп отырмыз. Соның арасынан әзірге бес жобаны таңдап алдық. Жыл соңына дейін аз дегенде он жобаны іріктеп алып, қаржыландыруды жоспарлап отырмыз. Ең үздік деген жобалардың басталуын, даму барысын жұртшылыққа таныстырып отыру да ойда бар. – Альянс қолдау білдіретін жобалар негізінен қай саланы қамтиды?– Атқарылатын жұмыс ауқымына орай, біз инвестиция салатын басым бағыттарды белгіледік. Олар: сауда-саттық, қызмет көрсету саласы, ауылшараушылық және өндірістегі қайта өңдеу салалары.– Үлкен жұмыс бастап отырсыздар. Болашаққа болжам жасап, алдағы үш немесе бес жылда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қандай үлес қоса аламыз деп ойлайсыз?– Елбасының қолдауымен шағын және орта кәсіпкерлік алдағы бес жылда екі есе өсуі мүмкін. Бұл істе біздің үлесіміз қомақты болады деп ойлаймын.Жалпы, кез келген іс нәтижелі болуы үшін төрт негіз-тірек қажет. Біріншісі, жақсы бизнес-идея, екіншісі – қаржы, үшіншісі – бизнесті дұрыс ұйымдастыра білу, яғни сауатты менеджмент. Төртіншісі, маркетинг және сату. Осы төртеуінің бірі ақсаса, бизнестің арбасы жылжымайды. Төртеуі де мықты болса, онда тасы өрге домалайды. Мемлекеттің ең үлкен қазынасы – дарынды адамдар. Біздің Альянстың мақсаты бизнес-идея айтатын дарынды адамдарды тауып, соларға қолдау білдіру. Ал қалған үшеуі білікті мамандар мен инвесторлардың көмегімен жүзеге асады. Осылайша, біз алдағы төрт-бес жылда шағын және орта кәсіперліктің дамуына жақсы серпін бере аламыз деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Гүлбиғаш ОМАРАстана