Жаңалықтар

БЛОГЕРЛЕР – АЗАМАТТЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР

ашық дереккөзі

БЛОГЕРЛЕР – АЗАМАТТЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР

Астанада өткен құрылтайдан кейін Қазақстан Блогерлер альянсы (ҚБА) құрылды. Ұйымның басты мақсаты, міндеті, құрамындағы мүшелері мен қаржыландыру көздері туралы ҚБА вице-президенті Аршат Оразовпен сұхбаттасқан едік.

– Аршат, Блогерлер альянсын құрудағы басты мақсат не? Дəл қазір мұндай альянстың қажеті қаншалықты еді?

– Интернеттің де өз кезеңдері, дәуірлері бар. Бұрын форум, чаттар дәуірі еді, кейін блогтар, әлеуметтік желілер қосылды. Блогерлер пайда бола бастады. «Азаматтық журналистика» деп те аталды, қоғамға ой салушы, пікір қалыптастырушы ақпарат тасушы делінді. Демек мұндай адамдар бар, олардың өз тақырыптары аясында бірігулеріне себеп те бар. Қоғамдық ұйым ретінде тіркеліп, өз күштерін біріктіру, бірін-бірі қолдау, кей мәселелер бойынша мекемелерге заңды ұйым атынан сұраныстар жіберу, қазақ және орыстілді қолданушылардың басын біріктіру, ортақ іс-шаралар ұйымдастыру – альянстың мақсаттары мен міндеттері. – Блогерлер ұйымы Қазақ қоғамын дамытуға ықпал ете ала ма?

– Альянстың басты мақсат­тарының бірі – блогерлер арқылы қоғамда дұрыс пікір қалыптастыру, түрлі арандатулардың алдын алу, ақпараттық қауіпсіздік саласында өзіндік үлес қосу. Қазіргі ақпараттық соғыс заманында бұл дұрыс нәрсе деп ойлаймын.

– Альянс құрамына танымал тұлғалар тартылған ба?

– Альянс мүшелері блогерлер және әлеуметтік желілерде көп оқылатын авторлардан құралған. Сондай-ақ альянстың ақылдастар алқасы бар, ол жерде танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері, депутаттар, партия өкілдері бар.