Жаңалықтар

ӨЗБЕКСТАНДА ЖАҢА ЗАҢ

ашық дереккөзі

ӨЗБЕКСТАНДА ЖАҢА ЗАҢ

Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Светлана Артықова парламент және жергілікті органдарға сайлаудың ұйымдастыру жұмыстары басталғандығы жайлы мәлімдеме таратты. Оның сөзіне сүйенсек, республика бойынша 135 сайлау округі құрылады. Әр бір сайлау округіне 154000 сайлаушы тіркелуге тиіс. Жалпы сайлаушылар саны 20 миллионнан асады. Бұл Республика халқының үштен екісі сайлауға қатысуға құқылы деген сөз. Саяси партиялар 12 қазанға дейін сайлауға қатысатындығы немесе қатыспайдындығы жайлы ресми ескертулері ләзім. Депутаттыққа кандидаттар көрсету рәсімі 17 қазанда басталып, 6 қарашада аяқталады. Парламент және жергілікті органдарға сайлау 21 желтоқсанда өтеді. Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Мәжілісі сенатының 2012 жылғы 23 наурыздағы «Кезекті парламент және президент сайлауы туралы» заңға сәйкес, 2015 жылдың қаңтарында сенатқа сайлау өткізіледі. Парламент сайлауының ресми қорытындысы жарияланғасын, 90 күннен кейін яғни, 2015 жылдың сәуір айында президент сайлауы болуы тиіс. Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы 150 депутаттан тұрады. Сенатта 100 орын бар. Бұдан бұрынғы сайлау төменгі палатаға 2009 жылы желтоқсанда, сенатқа 2010 жылы қаңтарда өткен. Ал, ел президенті 2007 жылы желтоқсанда 7 жыл мерзімге сайланды. Сол кезде 88 пайыз дауыс алған Ислам Каримов өкілетінің легитимдігін халықаралық қауымдастық мойындамайды. Өйткені Өзбекстан президенті конституция бойынша екі мерзімге сайлануы мүмкін. 2002 жылғы бүкілхалықтық референдумда президенттің сайлану мерзімі 5 жылдан 7 жылға көтерілді. Ал, 2011 жылы ел парламенті қаулы шығарып, 7 жылдан 5 жылға түсірді. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Светлана Артықова «сайлау кезінде қара пиарға, яғни кандидаттарды сынап жазуға жол берілмейді» деуі мұң екен, Республика парламенті 2003 жылы 11 желтоқсанда қабылданған «Ақпараттандыру туралы» заңға өзгеріс енгізді де жіберді. Бұл өзгеріс «блогерлер жұмысын реттестіру үшін» деп аталды.  Өзбекстанның жаңа заңындағы «тұлғаның беделіне дақ түсіру» деген солқылдақ бапты билік өз қалауынша пайдалануы мүмкін. Хюман Райтс Уотч-тың биылғы есебінде Өзбекстан Республикасы түрмелерінде мыңдаған тұтқынның адам төзгісіз жағдайда екендігі айтылған. Халықаралық ұйымдар «саяси тұтқын» деп таныған 34 тұтқынның 29-ы азапталып жатқаны туралы бұлтартпас дәлелдер бар. 1992 жылы президенттік сайлауға түскен Ислам Каримовтың саяси қарсыласы Мұхаммад Салыхтың інісі болғандығы үшін ғана түрмеге жабылған журналист Мұхаммад Бекжан биыл 13 жылдық жаза мерзімін толық өтеген болатын. Алайда «түрменің ішкі тәртібін бұзды» деген айыппен оған тағы 4 жыл 8 ай қосып берілді. Салижан Әбдірахманов, Ділмұрат Саидов, Ағзам Тұрғынов сияқты жиырмаға тарта журналист әлі түрмеде отыр. Ел заңнамасында зейнеткер адамның қамалмайтындығына қарамастан түркілік идеяның жалаугері, даңқты жазушы Мамадәлі Махмудов 14 жылдық жаза мерзімін санап беріп, биыл 74 жасында әрең бостандыққа шықты. Қазір Ташкент көшелерінде жүрген адамның жүрегіне үрей кірері анық. Өйткені айналада милиция өкілдері қаптап жүр. Метро бекетінің сыртында милиционер сөмкеңді тексереді, ішке кірген соң тағы солай.Тіпті, автобуста да ұстап тексеруі қалыпты жағдай. Қазір қай мекемеге барсаңыз да есік алдын күзетіп тұрған 4 милиционерге кезігесіз. Елдің жартысы милицияға жұмысқа тұрған сияқты. А. ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ