Жаңалықтар

ЖАЛҒАННАН ӨТТІ ЖАҚСЫ АПА

ашық дереккөзі

ЖАЛҒАННАН ӨТТІ ЖАҚСЫ АПА

«Өмірде бірін-бірі тапқандар ба­қытты», – дейді. Қалтай аға мен­ Фарида апай сондай жандар еді. Қалағаң драматург-жазушы, Фари­да Бекжанқызы дәрігер болды. Әри­не халық жазушысы Қалтайдай кең ауқымды білімді жанның талға­мы­нан шығып, өмірлік жар болу кез келгеннің маңдайына жазбаса керек. Ағамыз көркіне ақылы сай Фариданы көрген бойда ұнатқан екен. Екеуі өткен ғасырдың елуінші жылдарында бас қосып, шаңырақ көтерген. Өмірге ұл, қыздары келді. Ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Немерелер сүйді. Өмірдің талай асуларынан бірге асты. Қиналған да, қуанған да кездері аз болған жоқ. Тағдырдың тауқыметін де тартты. Бірақ өзімен бірге әзілі қатар жүретін Қалағаң мен адал жары Фарида Бекжанқызы сыртқа сыр берген емес. «Қалтайдың барлық драмалық шығармалары сахнаға күреспен шықты. Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінің бақылауында болды, – дейтін еді Фарида апа. –Тіпті оның алдын ала билеті сатылып кеткен «Жат елде» спек­такльін кешкі қойылым алдында ғана сахнаға шығармай жиналған жұртты таратып жіберген кездегі жан күйзелісін айтып жеткізу қиын. Оны әйелі мен ғана білемін. Сонда қолымнан келгені қай спектаклінің де күреспен шығып келе жатқанын, бұл спектакльдің де әлі күні туатынын айтып, рухани жағынан демеп, жанына жалау болу ғана болды». Қалтай мен Шыңғыстың «Көк­тө­­бе­дегі кездесуі» әлем сахнала­рын­да қойылды. Фарида апа бір жолы кездесуде Қалтайдың барлық драмалық шығармаларын қайталап оқып, кейде пікір қосып отыратынын тілге тиек ете келіп: «Қалтай мен Шыңғыс «Көктөбедегі кездесу» драмасын жазуды қолға алғанына біраз болған. Олар драма кейіпкерлерінің басын біріктіріп, сырларын айтқызатын образды таппай күнде бір-біріне телефон шалып, сөйлесіп жатты. Сонда мен: «Қалтай-ау, өзіңді мектепте оқытқан Айша апайың бар емес пе. Меніңше сол апайыңның образы осы драмаларыңа сұранып тұр ғой», – деп едім, ол жерден жеті қоян тапқандай қуанып, бөлмені жаңғырта дауыстап жіберді. «Сен тауып кеттің, Фарида! Шыңғыс екеуміздің шарқ ұрып іздегеніміз менің сол Айша апайым ғой. Дәп соның өзі! Енді міне, бәрі де орын-орнына келетін болды», – деп Фрунзедегі (қазіргі Бішкек сол кезде осылай аталатын) Шыңғысқа телефон шалып, оны да қуантқан еді», – дегені әлі күнге есімізде.Фарида Бекжанқызы қай отырыс, жиында да орынды әрі мәнді сөйлейтін. Екі тілге де қамшы салдырмайтын жүйрік еді. Қазақша, не орысша сөйлесе де ойын толық жеткізетін шешендігі де болатын. Қысқасы, сөз өнерінен де қара жаяу еместігі байқалып тұратын. Ұлттық салт-дәстүрді де, ағайын арасындағы сыйластықтың жөн-жобасын да бір әйелден артық білмесе, бір мысқал да кем білмейтінін көргеніміз тағы бар. Апайдың редакциядағы әйелдерге: «Қай кезде де, қандай жағдайда да ер азаматтарыңды құрмет тұтып, сыйлаңдар», – деп айтып жатқанын да құлағымыз шалған. Қазақтың «көрегенді әйел екен» дегені сол шығар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кім-кімге де оңай болған жоқ. Біздің «Түркістан» газетінің ұжымы да үш-төрт айлап жалақы алмаған. Сондай кездерде Бас редакторымыз Қалекең үйіне дәмге шақырып, Фарида апамыз дастарқанға барын қойып, дәм таттырғаны есімізде. Ондай жағдай бір емес бірнеше рет болса, қалай ұмытарсың. Фарида апайдың дәмді тамағын жеп отырып, Қалағаңның әзіл-қалжыңдарын есітіп, көңіліміз марқайып қайтушы едік. Осыдан он үш жыл бұрын Қалағаң бақилыққа аттанды. Артында мол мұрасы мен бай кітапханасы қалды. Әбілмәжін Жұмабай пен Сейфолла Оспан құрастырған «Саңлақ» жинағы, Сейфолла Оспанның құрастырған «Қалтайдың қалжыңдары» жарыққа шығып, Қалағаңды оқырмандармен қайта қауыштырғандай болды. Ал Фарида апа бұрынғы Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедке өтініш жасап, Қалағаңның орыс тілінен аударған «Мың бір түннің» сегіз томын шығарды. Өмірлік жары болған Қалтай ағаның бейіті басына белгілі мүсіншіге тастан қашатып, ескерткішін орнатты. Қызылорда қаласындағы бұрынғы 1 май атындағы орта мектепке Қалтайдың атын бергізуге ықпал етті. Бұл Фарида апаның жарға деген адалдығы, әруаққа деген құрметі!Иран университетінің профес­соры Замани Алматыға келген. Қала­ғаңның үйіне ертіп бардым. Ол Қалағаңмен бұдан бұрын екі рет кездескен екен. Фарида апа оны жаңа пәтердегі Қалағаңның тақырыптарына қарай жүйелеп қойылған бай кітапханасымен таныстырғанда қасындағы аудар­ма­шыға қарап әлденені айтып там­санған. Түстік ас үстінде Қалтайдың Тегеранда арнайы шақыртумен болғанын, ислам діні жөнінде ғылыми-теориялық конференцияда сөз сөйлеп, залда отырған оқы­мыс­тыларды терең білімімен, жара­сымды әзілімен күлкіге қарқ қылғанына тоқтала келіп: «Қалтай ағаның қазасы Ислам әлемінің тағы бір жарық жұлдызының сөнгені», – деп еді. Сөзінің соңында сондай драматургтің әйелінің өресін байқайын деді ме, Фарида апаға бірнеше сұрақтар қойды. Аудармашы орыс тіліне аударғанда сұрақтарының астарлы екені сезіліп тұрды. Фарида апа еш мүдірген жоқ. Оның жауаптарына қанағаттанып отырғаны риза көңілінен байқалды. Ол астан соң дұға жасады. Фарида апа Қалтайдан қалған тәбарік болсын деп иығына оқалы шапан жапты. Табиғаттың қатал заңы бар. Мәңгілік ештеңе жоқ. Фарида апай да сексен алты жасқа қараған шағында өмірден озды. Ұлдары мен қыздары, туған-туысқандары ақ жуып арулап, Кеңсайдағы Қалтай ағаның бейітінің қасына жерлеп, «Достық» мейрамханасында ас беріп, дұға бағыштатты. Жатқан жерің жайлы, топырағы торқа болсын, Фарида апа.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ