«ӘҢГІМЕ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ»

«ӘҢГІМЕ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ»

«ӘҢГІМЕ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ»
ашық дереккөзі

Алматыда алғаш рет «Әңгіме туралы әңгіме» атты бұрынғы әдеби кештерден өзгерек кездесу өтті. Жазушы Дидахмет Әшімханұлы мен сыншы Құлбек Ергөбектің әдебиетші қауымға, зерделі оқырмандарға арнап өткізген әңгіме кешіне тілшіміз де қатысып қайтты.

«Әңгіме туралы әңгіменің» кіріспесі қазақ әдебиетіндегі алғашқы әңгімеге тоқталудан басталды. Құлбек Ергөбек: «Әңгіменің атасы − Бейімбет Майлин. Қазақ әңгімесіндегі барлық жанрдың элементі, көне дәуірлердегі мифологиядан бастау алады» – деп, әуелгі сөзін бастады. Әдебиет зерттеушісі қазақ әдебиетіндегі классикалық әңгімелерге М.Әуезовтің «Қаралы сұлу», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» сынды әңгімелерін жатқызады екен. «Қаралы сұлуды» біздің сыншылар талдамаған… Бұл әңгімені оқыған сайын бір қырынан жарқ етіп ашылатын дүние», − деді. Ал жазушы Дидахмет Әшімханұлы әңгіменің атасы − Ыбырай Алтынсарин екенін атап айтты. «Әңгіме жанрын қай уақыттан, кімнен бастаймыз деген сұрақ туады. Ы.Алтынсаринің «Бай баласы мен жарлы баласы», «Таза бұлақ» сынды дүниелері әңгіме жанрының бастауы. Негізінде, қазақ жазба әдебиеті Ы.Алтынсариннен басталуы керек», − деді жазушы. 

Д.Әшімханұлының Бейімбет Майлин есімімен тосыннан танысуына Оралхан Бөкей себепкер болыпты. Ал бала Дидахметтің жан-дүниесін ерекше әсерге бөлеп, тебіренткен әңгіме − 1964 жылы «Жұлдыз» журналына басылған «Бір суреттің тағдыры» деген шығарма екен. «Автордың аты қоршалып тұр. Қарасам, «Әбдіхамит Исаев, шешен жазушысы» деп тұр. Содан әңгімесін оқып алдым да жыладым. Міне, 14 жасымда оқыған кейіпкерімді әлі күнге ұмытқан жоқпын. Бұл − бір ғана шығармасымен махаббатқа бөленген жазушы. «Бірақ, бейшараны шығармасы басылардан бірер күн бұрын біреу өлтіріп кеткен екен» − деді, балалық шақтың қимас естеліктеріне кезек берген әңгімеші. 

92de32af38d16ba3861fd4cac7d11aac.JPG

Екі қаламгердің бірлесе өткізген кеші − бірін-бірі сыпыра мақтау мен жаттанды мадақтан аулақ болды. «Өзің зерттеген, өзің мақала жазып отырып, сол суреткердің қалам ырғағын, ішкі иірімін қалай бергенін алып, сын мақалаңа пайдалансаң, тәп-тәуір дүние шығады. Сол секілді, Төлеген Тоқбергеновтен жазушымен жарыса отырып талдауды үйрендім, Сағат Әшімбаевтан суреткерді проблема ете отырып арғы жағында философиялық ой айтуды игердім», − дейді сыншы. 

Әңгіме туралы әңгіменің көрігі қызған тұс − бір шығарма, бір кейіпкер, бір жазушы жайлы айтылған әдеби шолу болды. Ширақ әңгіменің шылбырын Дихдамет Әшімханұлы ұстаған. 

«Бір шығарма, бір кітап. Орыста Всеволод Гаршин (1855-1888жж.) деген 33 жас ғана өмір сүрген жазушы бар. Соның бар жоғы тоғыз-он әңгімесі, үш-төрт мақаласы бар. Орыс әдебиетіндегі Чехов, Короленко-лардың барлығының ұстазы Гаршин болған. Әлі күнге дейін орыс жазушылары оны үлгі тұтады. Мен орыс әдебиетіндегі әңгіме жанры Гаршинның деңгейіне жетті деп ойламаймын. 

Бір сөз. Ғ.Мүсірепов «Біздің іздеп тауып кеткен бір сөзіміз, ғұмырымызды ұзартады» – дейді. Жазып отырып бір сөзді тауып алғанда біз де бір жасап қаламыз. 

Бір деталь. Бір романды түгел оқып шығасың, кейде есіңде ештеңе де қалмауы мүмкін. Бірақ, ішінде бір керемет деталь есіңде қалады. Мысалы, Абай жолы туралы талай адамнан сұрадым. Соның ішіндегі Жұман қыртты бәрі біледі. Бүгінде 90 жасқа келіп жатқан Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен теріндегі» Судыр Ахмет олақтығымен есте қалды. 

68bbd61786428e0a9cef7b3321208e08.JPG

Бір кейіпкер. Марк Твенді көп адам біле бермеуі мүмкін. Том Соер десе бәрі біледі. Маугли де солай, кейіпкер жазушыдан алға шығып кетеді де, шығарма аталады да, жазушы ұмыт қалады. Соның Редьярд Киплингтікі екенін ешкім білмейді. Міне, шеберлік биігіне солай жетуіміз керек. Бүкіл әлем әдебиеті еріншек кейіпкер кім десе – Арлонг дейді ғой. Бір кейіпкер деп осыны айт. 

Бір жазушы. Бір ұлтты, шығарманы бір жазушы әлемге танытады. Абай − қазақтың бас ақыны. Қазақ десе, Абай есіме түседі. Бұны М.Әуезов жасады. 1960 жылдардың аяғына шейін қырғыз деген халықты әлем жұрты біле қойған жоқ. Ал, әдебиетке Ш.Айтматовтың келуімен аядай қырғыз халқын әлем білді ғой. Міне, бір адамның талантының құдыреті деп осыны айт. Мен үнемі, шіркін қазақта жазушы көп болса, осындай деңгейге жеткізе жазса деймін». 

Ал, алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай: “Дидахмет пен Құлбектің “Әңгіме туралы әңгімесі” кейінгі ширек ғасырда болмаған, үзліп қалған үрдіс.  Осыдан 30 жылдай бұрын, Ғабит Мүсірепов марқұм осы сахнада  қазақтың тілі туралы пленум өткізіп, өсиет сөз қозғап, жазушының жан сырын бөліскен еді. Сол есіме келіп тұр. Мынау бір алып қашты заманда, әдебиеттің ішкі проблемаларына, жанрына, жазушылықтың туу себептеріне, тәжірибесіне қалай іштарта сөйлеуге болады деп ойлап қалып едім. Дидахмет пен Құлбектің бірінің сөзін бірі сурытпақтап отырып, әдебиетті терең тағдырлы тұрғысынан қозғады”, – деген бағасын берді. 

«Әңгіме туралы әңгімеде» жас буын жазушылар мен зерделі оқырман әдебиеттің орта легіне айналған жазушы мен сыншыға сауалдарын қойып, мұндай кешті дәстүрге айналдыру керектігін бір ауыздан мақұлдады

 

Жәнібек ҒАЛЫМ