Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДА АЛТЫН ӘРІППЕН ЖАЗЫЛАР ЕСІМ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДА АЛТЫН ӘРІППЕН ЖАЗЫЛАР ЕСІМ

Ата-бабаларымыз бес күндік деп айдарлаған пәни жалғанға кімдер келіп, кім кетпеді.

 «Алдыңғы толқын ағалар,

Кейінгі толқын інілер.

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер» дейді Ұлы Абай.

 «Дүниежалған» дейміз күрсініп. Заманның салған соқпағымен, Алла нәсіп еткен адал дәнді теріп жеп, бұ дүниені тәрк еткен қимастарымызды еске алғанда. Тағы да Абайға жүгінсек, «Дүние – үлкен көл, Замана – соққан жел» деп күңіренеді жарықтық.

Осы үлкен көлде сенің де несібең бар. Сол несібеңді қаншалықты мол қамтыдың, ол енді екінші дүние. Орыстар айтады: адам ата-анасын, туған-туысын таңдамайды. Ол тәңірден берілген сый. Сол туған-туысыңның арасында сенің мәртебеңді биіктетіп, мерейіңді өсіріп жүрер тұлғалар болса, одан асқан мейманаңның тасуы болар ма, шіркін. Мен ата-анаммен, туған-туыстарыммен мақтана аламын. Сол үшін өзімді бақытты сезінетін кездерім де болады. Қарағайдай тұлғасы зорайып, біздің қасымызда Мұжай ағам, Мизаш, Мизамхан Күнтуғанұлы жүргенде бізді өзгеше сезім билейтін. «Мен осы адамның бірге туғанымын, аталасымын» деген сөзді аса зор тәкаппарлықпен қайталауға бар едім. Ол кісі заманынан асып туған білгір, жетелі басшы, өнегелі аға әрі қарапайым ғана қазақ еді.

Атадан ерте айрылған екі шалдың ұрпақтарының соңғы жарты ғасырда іргесі ажырамады. Мен ес біліп, етек жапқалы Мизаш басшы, мемлекет және қоғам қайраткері. Елдің ішкі-сыртқы жағдайынан хабардар әрі халықтың тұрмыс-тіршілігін алақандағыдай білетін сырбаз жан.

Ол кісі Баян-Өлгей аймағына әкім болып тұрған кезең аласапыран заманмен тұспа-тұс келді. 1991-1996 жылдар. Социалистік жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшіп жатқан кезең, Моңғолия қазақтарының атамекенге ағылған көші де осы жылдармен тұспа-тұс келді. Осы кезеңде халқына дұрыс жол сілтей алған, нарықтық экономиканың өтпелі кезеңінен сүрінбей өтіп, аймақ экономикасын алға сүйреген Мизамхан Күнтуғанұлының аты тек Моңғолия тарихында ғана емес, жалпы дүниежүзіне тарыдай шашыраған қазақтардың тарихында алтын әріппен жазылуы тиіс. Өйткені ол сол бір күрделі заманның тамыршысындай бола білді. Көштің алғашқы жылдарында Моңғолия үкіметінде қазақ көшінің болашағын әртүрлі жорыған, сан-саққа жүгірткен саяси мақалалар көп болды. Бірақ, ол кісі көш тізгінін тартпады. Керісінше, осы Қазақстанға көшіп келіп, саяси құқығы шешілмей жатқан қазақтардың проблемасын сөз етті. Мәселен, «Қазақ Елі» газетінде менің ол кісімен өткізген «Бәрі де азаматтыққа тіреледі» атты сұхбатымда Қазақ елінің шетелдерден қоныс аударған қазақтардың, әсіресе, Моңғолиядан қоныс аударғандардың азаматтық мәселесінің көптеген түйткілге бастау болып тұрғандығын айтады ол. Кейін саяси қызметті тәмамдап, Дүниежүзі қазақтарының Баян-Өлгий аймағындағы филиалын басқарып тұрған кездерінде де Баян-Өлгийде ұлттық бет-бейнесін сақтап қалған, этномәдени тұтастықта өмір сүретін қазақтардың Қазақстанға көшуі, қоныстануы, өзге де геосаяси мәселелер төңірегінде жарғақ құлағы жастыққа тимей ойланды, толғанды. Әрі осы мәселелерін қат-қабат қып жазып, Елбасымен, Нұрсұлтан Әбішұлымен кездескен сәтте мәселе ғып қойды. Оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігі жанынан шығатын «Көш» газетіне ол кісінің «Президентпен 6 рет кездесуім» атты естелігін басып шығардық. Осы мақаладан кейін ол кісі Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайында 7-ші рет кездесуге мүмкіндік алды. Осы кездесулерде талмай, әрі жалықпай қайталағаны екі ел арасындағы түйткілді проблемалардың шешілуі болған еді. Мұжай ағамның пендешіліктен жоғары тұратын асыл қасиетінің бірі – осы кездесулерінің бірінде де өз жеке жағдайы үшін, атажұртқа көшіп келіп жатқан туған бала-ша,асы үшін шағынбағандығы. Елдік мәселелерді ту ғып көтерді. Менің ол кісімен «Қазақ Елі» газетінде жасаған «Атажұртқа көшем деушілер көп» атты сұхбатымда Елбасына жеткізген 7 түрлі мәселені тәптіштеп баяндағаны бар. Солардың ішінде талай проблема шешімін тапты да. Атап айтар болсақ, Баян-Өлгий мен Қазақстан арасын тура жалғайтын әуе қатынасы жолға қойылды, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлепкеттік университетінің филиалы Өлгий қаласында ашылды. Соның арқасында көптеген жастар Өлгийде бастаған оқуын Өскеменде жалғастырып, әрі қарай өмірлерін атамекенмен байланыстыруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, қазақ телеарналарының барлығы Баян-Өлгийде көрсетіліп келді. Осы кездесуде күрмеуі қиын, шешуін таппаған бір ғана мәселе болды, ол – Баян-Өлгий мен Қазақстан арасындағы тікелей авто жолын тарту. Өйткені, бұл істе Ресейдің тікелей қатысы бар, оның рұқсатынсыз, авто жолды 1000 шақырымға қысқартуға еш мүмкіндік жоқ. Мизамхан ағамыз осы мәселенің экономикалық және геосаяси тиімділігін қалай арттыруға болатынын он ойланып, жүз толғанып жүріп, әйтеуір өгізді де өлтірмес, арбаны да сындырмас жолын тапқандығын айтқан еді: «1993 жылдан бері біз екі ел арасындағы ең төте жол – Шығыс Қазақстан мен Баян-Өлгий арасын жалғап, тас жол салып беруді өтініп келеміз. Ал қазір Қазақстанға Ресей арқылы жермен барар айналма жолымыз 1400 шақырымға созылды. Егер жоғарыда аталған төте жол салынса, онда екі елді байланыстыратын жол 500 шақырымды ғана құрамақ. Бұл бағыт – Баян-Өлгийдің Қызыл кезең дейтін елді мекені мен Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданының Өрелі ауылын тура жалғайды. Бұрын мұнымен Моңғолия Семей, Өскемен ет комбинаттары үшін сойылатын мал айдап тұрған. Қазақстан Үкіметі, міне, осы жаңа жолдың алты түрлі нұсқасын жасаған екен. Бұның әрқайсысы-әртүрлі қашықтықтағы жолдар. Ең төтесі – мен айтқан жол болса, басқа нұсқалары біртіндеп ұзара бермек. Қазір ең қысқа бағыт бойынша емес, басқа нұсқа бойынша жол салу басталды. Ол Өскемен-Лениногорск-Қарағайлы-Устькан-Қосағаш-Өлгий бағыты. Бұл бүгінгі айналма жолды екі есеге (780 шақырым) қысқартқанымен, Ресей аумағымен тағы да ұзақ жүруге тұра келеді. Ал Ресей жолы – біздің елдің жүргіншілері үшін азапты жол. Өйткені атажұртқа бет алған Баян-Өлгий қазағы тағы да кеден салығы, виза алу дегендей ұшығы жоқ көп түйткілге, кедергіге тап болады.

  Ең тиімдісі – сондықтан біз айтқан ең алғашқы нұсқа деп ойлаймын. Ештен кеш жақсы. Әлі де үміттіміз»,  – алайда қазақ пен қазақты қосуға алакөзденіп отырған Ресейдің ішкі саясаты бұл жолдың жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Алғашқы келіссөздер басталғанымен, нәтижесі жоқтың қасы. Міне, ол кісінің қазақ көшінің толассыз ағылуына тигізген үлесінің ұшан-теңіз екендігі осында. Қазақстанға 1 миллион қазақтың сырттан келуі арқылы қазақ ұлтының үлес салмағы артып, жергілікті ұлттың саяси қуаты еселенді. Ал соған менің Мұжай ағамның қосқан үлесі ерен. Ол кісі Елбасыға жолыққан сәтінде Моңғолия қазақтарына бөлінген көші-қон квотасының аздығын тілге тиек етті. Көш келесі жылы 3-4 есеге дейін артты.

1998 жылы Мұжай ағам екеуміз Өлгий қаласынан Ұланбатырға ұштық. Жол ортада Ұланбатырдағы ауа райының жайсыздығынан, Тосонцэнгэл қалашығына аялдауға тура келді. Шағын қонақ үйі бар екен. Мен ол кезде «Қазақ Елі» газетінде тілшімін. Газет менің Моңғолия сапарым жайындағы мақаланы жазып жіберуімді талап еткенде, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Ұйымдастыру бөлімінің бастығы Ботагөз Уатқанқызы апайға өзі кепілдік беріп, Ұланбатырға ұшып кеттік. Ертең жазып, келесі ұшақпен салып жіберем деген мақаланың жазылуы екіталай боп кетті. Мен қонақ үйден жеке бөлме алып, түнімен мақаланы жазып бітіруге кірістім. Түн ішінде мен жатқан бөлмеге ерлі-зайыптылар келіп, орнықты. Олар мені студент деп ойлап, «қандай керемет дайындаласың?» деп таңдайларын қағып қояды. Бірақ, түн ішінде әлгілерден қорқып, Мұжай ағам мен қасындағы әріптесі жатқан бөлмені қағуға мәжбүр болдым. Дәл осы кезде әлгі бөлмені тағы бір алыс ауданнан келген адамдардың қақпасы бар ма? Сөйтсем, Моңғолияның тағы бір аймағының басшысы екен. Осы бөлмеде Мұжай ағамның жатқанын естіп, әдейі ат басын бұрыпты. Ол кісілер таң атқанша, әңгіме дүкен құрысты. Мен мақаламды жазып бітірдім. Ол кезде компьютер жоқ, қолымда бар бірнеше қағазға шимайлап жазған едім. Әйтеуір, абырой болғанда, Ботагөз апайдың қолына уақытында тиіп, газеттің кезекті санынан орын алды. Ал Мұжай ағам Баян-Өлгий аймағының әкімі болса да, Ұланбатырдағы менің апайларымның үйіне аялдайтын, арнайы қонақ үйге жатып, бәлсінбейтін. Осы жолы Ұланбатырда ол кісі денсаулығын тексертуге келген екен. Бір апта армансыз араладық.

 2004 жылы «Түркістан» газеті мені Моңғолияға іссапарға жіберді. Әуежайдан Мұжай ағам өзі күтіп алды. Ондай құрметті күтпеген мен кеден бақылауының аржағынан қол бұлғап отырған, қара көзілдірікті адамға қайран қалып, қарап қоямын. Көзілдірігін алғанда ғана таныдым. Бұл мен үшін аса ерекше құрмет еді. Келген шаруама бастан-аяқ көмектесіп, бір апта бойы өз машинасымен аралатты. Тіпті, мен туған ауыл Баяннұрға дейін алып барды. 1990 жылы Алматыға келгеннен кейін көрмеген, мен туған үйдің жұртын осы жолы көрдім, әкем қазған құдықтың мөлдір суынан қана жұтып, Көкен ағам (Бәделхан) отырған «Захт» қыстағына дейін барып қайттым. Өзім білім алған Баяннұр 11 жылдық орта мектебіне бас сұқтық. Өмірі көрмеген  Ақарал жайлауымен кері қайттық. Ол кісілер халық Құралы депутаттығына сайлауға қатысты үгіт жүргізуге келген екен. Мен де сол сәтті пайдаланып, туған мекеніме аунап-қунап қайттым. 2008 жылы Өлгий қаласында Мұжай ағаммен бірге жүрген таныс көшелерді жаяу аралап, кейбір істеріміздің берекесі болмай жатқан кезде жүрегім қатты жетімсіреп қайтты. Ағамды аңсадым, жоқтығы жаныма батып, орны үңірейіп тұрды.

Кетерінде жолдасым Бақыт екеумізге  «Бар айтарым, ағайынның береке-бірлігі ажырамасын. Бір-бірлеріңнен алыс кетпеңдер, ауыл алыс, жер шалғай болса да, екі шалдың ұрпағы бірін-бірі білмей кетпесін!» деген аманат айтып еді, жылап отырып. Сол сәтте Мұжай ағамды енді көрмеймін деп ойламаппын. «Жұбатып тұрып, әлі-ақ жазылып кетесіз» дедік көңілге күдік алмай. Екі ай өтпей суыт хабар жеткенде, есеңгіреп қалғанымыз рас.

Мұжай аға, жаныңыз жаннатта, топырағыңыз торқа болсын! Ізіңізді жалғар ұрпақтарыңыз аман болсын.