ХАЛҚЫНА ҚОРҒАН БОЛҒАН СОМ ТҰЛҒА
ХАЛҚЫНА ҚОРҒАН БОЛҒАН СОМ ТҰЛҒА
Тарихи кезеңдерге толы ХХ ғасыр да жыл өткен сайын бізден алыстап барады. Сол ғасырдың басында патшалық билік құлап, коммунистік билікке негізделген Кеңес өкіметі орнап, оның қалыптасу жылдары да тарихи оқиғаларға, саяси күрестерге толы болды. Қазақ халқының мүддесін қорғаған Алаш арыстары мен жекелеген ұлт қайраткерлері саясат сахнасына шығып, ел үшін, жер үшін, ұлт үшін тартыстың таласына түсіп, сол жолда жандарын да пида етуге барды. Сондай арда туған ерлердің ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың да алар орындары ерекше. Міне, биыл олардың туғандарына 120 жыл толып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысында біраз игі шаралар өтуде. Әуелі Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда Сұлтанбек Қожановқа арналған жиын өтті. Қазан айының 17-сі күні Шымкент қаласында ұлт қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығына орай «Ақ жол» және Алаш ардақтылары» атты ғылыми-теориялық конференция болды. Конференцияда филология ғылымдарының докторлары Дихан Қамзабек, Амантай Шәріп және Қайрат Сақ баяндама жасады. Олар ұлт қайраткерлерінің халық үшін сіңірген еңбектерін, «Ақ жол» газетінің қалың елді оятудағы ролі мен ықпалын ашып берді. Ағымдағы қараша айының 1-і күні Тұрар Рысқұловтың 120 жылдығына байланысты атамекені Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының әкімшілігі ұйымдастырған ғылыми-практикалық конференция болды. Алғашқы құттықтау сөз тарих ғылымдарының докторы, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Халықаралық Түркі академиясының президенті Қыдырәлі Дарханға берілді. Ол жуырда ғана Халықаралық Түрік академиясы Оңтүстік Қазақстан әкімдігімен бірлесіп, Шымкентте «Түркі әлемі: тұлғалар тағылымы» атты үлкен жиын өткізгенін, сондай-ақ өткен аптада Астанада Америка, Түркия, Әзербайжан, Польша, Моңғолиядан белгілі ғалымдар келіп, Тұрар Рысқұловтың рухына тағзым еткенін айта келіп: «…Таяуда біз Моңғолияға сапарлап бардық. Моңғолия ұлттық академиясының президенті және Моңғолия парламентінің басшылары жоғары деңгейде қарсы алды. Биыл Моңғолияның тәуелсіздігінің 90 жылдық мерекесі. Кезінде министр болған, ал қазір республика мұрағатының бас маманы Чулуун Дашдаваа мырза өзінің баяндамасында: «Қазіргі Моңғолияның негізін қалаушы, Ата заңын жазып берген Тұрар Рысқұлов екенін мұндағылардың бәрі мойындап отыр. Біз бұл елден Рысқұловқа қатысты бір жарым мың беттен тұратын құжатты алып келдік», − деп айтты. «Тұрар Рысқұлов ұлт қайраткері» атты тақырып бойынша баяндаманы тарих ғылымдарының кандидаты, Тараз мемлекеттік университетінің Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесі тарихи зерттеу орталығының директоры Ордалы Қоңыратбаев жасады. Баяндамашы Тұрар Рысқұловтың саяси сипатына нақтылай тоқтала келіп: «…Біз Түркістан бюросы – егемендік идеясының жаршысы» деп аталатын кітапты жарыққа шығардық. Бұл кітапқа материалдар жинау жеңіл болған жоқ. Мұнда Тұрар Рысқұловтың бюроны құруы мен оның жұмысы жайында айтылады. Бір жылдан кейін осы бюроны өзі жапты. Алайда бюроның түркі халықтарының мүддесін қорғаудағы ролі зор. Кеңестер Одағында бұрын-соңды мұндай ірі мұсылман ұйымы болған емес. Саясатқа ықпалы да күшті болған. 1920 жылы Тұрар Рысқұлов Мәскеуге барып, Ленин мен Сталиннен Түркістанның егемендігін талап еткен. Өкінішке қарай, ол өзінің идеясын өткізе алмаған соң, отставкаға кеткен. Жалпы Мұсылман бюросы туралы Тәшкент мұрағатында әлі де құпиясы ашылмаған құжаттар бар. Сәті түскен кезде сол құжаттарға да қолымыз жетер деп отырмыз», − деді.Тұрартанушы Мұхтар Қазыбек қосымша баяндама жасады. Ол: «…1960 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде Рахмалы Байжарасовтың «Тұрар Рысқұлов» атты мақаласы жарияланып, Бас редактор Қасым Шәріпов қызметінен босатылған. Соған байланысты Орталық Комитеттің бюросы сол жылы 12 қарашада қаулы қабылдады. Сонда Рысқұловты қаралағаны соншалықты, 1938 жылы тергеушілер мен сот ісін бұра тартып, жала жабуынан қаулы шешімі кем болған жоқ. Қаулыда былай делінген: «…Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясы Байжарасовтың «Тұрар Рысқұлов» атты мақаласын жариялай отырып, өрескел саяси қате жібергенін атап көрсетеді. Мақалада тарихи әдебиеттерде және партиялық құжаттарда бар Рысқұловтың жеке басына қатысты берілген бағаға қайшы оның атына тарихта болмаған әлдебір сіңірген еңбектері жапсырылып көрсетілген. Сонымен қатар оның жікке бөлуге бағытталған антипартиялық қызметі мүлдем көмескілендірілген оның ұлтшылдық және пантуркистік қатесі мен көзқарасы баяндалмаған. Шын мәнінде, Рысқұлов Түркістан АССР-ы мен РСФСР-да жоғары лауазымдық қызмет атқара отырып, Коммунистік партияның ұлттық республикаларда жүргізген саясатына қарсы ұзақ уақыт бойына күрес жүргізіп келді. Реакциялық пантуркистік идеалды насихаттады. 1919-1920 жылдары Мұсылман бюросының төрағасы, ТүркЦИК-тің төрағасы, Түркістан Халком кеңесінің төрағасы болып жұмыс істей жүріп, РК(б)П-ге қарсы Түрік компартиясын құруға қол жеткізді. 1920 жылы шілде айында Рысқұлов контрреволюцияшыл Алашорда көсемі А.Байтұрсыновпен және кейіннен басқыншылар жағына өтіп кеткен башқұрт ұлтшылы В.Валидовпен бірге Лениннің атына хат жолдайды. Бұл хат шын мәнінде біздің партияның ұлт мәселесіндегі басты бағытына қарсы күрестегі буржуазиялық ұлтшылдардың негізгі платформасы болып табылады. Бұл хатта Рысқұлов және басқалар Лениннің Коминтерннің Екінші конгреске арналған ұлттық және отарлаушылық мәселелері жөнінде даналық тезистеріне өршелене қарсы шықты. Совет өкіметінің саясатын царизм саясатына теңестіріп, ал Түркістанда жұмыс істеп жатқан орыс коммунистерін патшаның отарлаушыларына теңестірді. Орта Азия мен Қазақстан халқын әлеуметтік және ұлттық езгіден орыс жұмысшы табы мен орыс коммунистерінің көмегінсіз азат ету мүмкіндігі туралы «идеяны» ұсынды. Мұның бәрін біле отырып, «Социалистік Қазақстан» газеті Рысқұловты ірі революционер және де қазақ халқының ұлттық батыры етіп көрсетуге дейін барған мақаланы жариялады. Бұл тарихи шындықты дөрекілікпен бұрмалау болып табылады». Ал енді осы Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің қаулысын бұзған кім? Үлкен тұлға, Асанбай Асқаров! Ол 1965-тен 1978 жылға дейін Алматы обкомының бірінші хатшысы болды. Сол кезде осы қаулының Рысқұловқа тосқауыл болып тұрғанын жақсы білді. Оған қайта жол ашу үшін осы қаулының шешімдерін қайта қарату керек болды. Ол бұны 1972 жылы 26 желтоқсанда Республика Компартиясының бірінші хатшысы Қонаевтың алдына мәселе етіп қойды. Содан соң мемлекеттік комиссия құрылды. Оның төрағасы болып, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің төрағасы Сабыр Біләлұлы Ниязбеков, ал мүшелеріне Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Саттар Имашев пен Асанбай Асқаров сайланды. Асекең 62 беттік материал дайындаған. Ол «Рысқұловтың өмірі мен қайраткерлік қызметі» деп аталынған. Мен мұны кезінде Президенттік мұрағаттан алдым. Тұрар Рысқұловтың 1957 жылдан кейін екінші рет ақталуына ұйтқы болған»,− деп атап өтті Асанбай Асқаров. Тарих ғылымдарының кандидаты Ғаппар Маймақов «Рысқұловтың қайраткерлігі» туралы, тұрартанушы ғалым Жәкен Мейрамқан Сағынқызы «Рысқұловтың басылымдардағы материалдары» тақырыбында, Молдияр Серікбаев халқына пана болған Рысқұловтың жанкешті еңбегі жөнінде мазмұнды әңгіме айтты. Қайрат Амангелді басқарған аудан әкімшілігі аудан орталығынан Рысқұлов атына бір мектеп аты берілетінін, келесі жылы биіктігі 9 метрлік ескерткіш тұрғызылатынын көпшілікке жеткізді.
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ