Жаңалықтар

КЕЛЕШЕККЕ БАСТАҒАН КЕДЕРГІСІЗ ҚАДАМ

ашық дереккөзі

КЕЛЕШЕККЕ БАСТАҒАН КЕДЕРГІСІЗ ҚАДАМ

2014 жылдың басындағы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасының халыққа арнаған жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз кеңістік ұйымдастыру басты міндет екендігі айтылған. Қазір елімізде 630 мың мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олардың ішінде 400 мыңы еңбекке қабілетті. 400 мың еңбекке қабілеті бар мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру, оларды белсенді әлеуметтік ортаға тарту үшін мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.Мүгедектерді жұмыспен қам­та­масыз ету оңай шаруа емес. Десек те дамыған елдердің бәрінде еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігі жұ­мыс істейді. Бұл мемлекет үшін де, мүгедектер үшін де, қоғам үшін де тиімді. Біздің елі­мізде де бұл мәселеге баса назар аударылып келеді. Кемтар жан­дарды жұмысқа орналастыру мәселесінде кез келген мемлекетте қиындықтар кездеседі. Біздің елімізде мүмкіндігі шектеулі жан­дарды еңбекпен қамтудағы кездесетін мәселенің бірі – жұмыс беруші тараптың сұранысын қанағаттандыру. Жұмыс беруші­лердің барлығы бірдей мүгедек жандарды қызметке қабылдауға құштар болып тұрған жоқ. Сондықтан олармен келісім жасау қиындау. Екінші бір мәселе – мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігінде жоғары білімді азамат екендігін дәлелдейтін дипломы, ешқандай мамандығы жоқ. Сондықтан мүгедек жандар өзі қалаған қыз­метке орналасып, жеткілікті жала­қы алудан қағылады. Міне, осы түйткілдер мүмкіндігі шектеулі жан­дарды еңбекке тарту кезінде біраз қиындықтар туғызады. Республика халқының 3 пайызын құрайтын мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі әркез басты назарда. Сол себепті олардың әлеуметтік қорғалуынан бастап жұмысқа орналасуына дейін мемлекеттік деңгейде қарастырылады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек етуге деген құлшынысы аса зор. Қазір жеке кәсіп ашып, еңбегімен табыс тауып жүрген мүгедек жандардың қатары көбеюде. Олар қоғамға масыл болғысы келмейді. Сол себепті қолдарынан келген кез келген жұмыстан қаш­пай­ды. Барлық жұмысты үлкен жауапкершілікпен істейді. Алайда бұған жұмыс берушілер әлі де сенбеген секілді. Жеке кәсіпкерлер мен өзге де басшылардың мүгедек жандарды жұмыстан алшақтатуы кездесіп жатады. Мүмкіндігі шек­теу­лі жандар болса, үкіметтің жәр­демақысына қарап отырғысы да келмейді. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі елбасының сөзінен кейін күн тәртібіне қойылды. «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс. Ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн. Егер қажет болған жағдайда Үкімет бұл мәселені барлық компаниялармен бірлесе пысықтап, тиісті шешім қабылдауы керек», – деген болатын Н.Назарбаев. Президенттен тікелей тап­сырма алған «Нұр Отан» партиясы ұзақ созбай «Кедергісіз келешек» бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алды. «Кедергісіз келешек» жобасы 4 бағыт бойынша жұмыс жасауға негізделген. Біріншіден, мүгедектерді тұрақты жұмыс орындарына орналастыру, екін­шіден, кедергісіз жағдайлар жасау, үшіншіден, мүгедектердің мәселелеріне қоғам мен бизнестің назарын аудару, төртіншіден, мүгедектердің құқығын барынша тиімді жүзеге асыру үшін құқықтық алаң қалыптастыру. Жобаның аясында 2014 жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде 5,5 мың мүмкіндігі шектеулі жан жұмыспен қамтамасыз етілді. Олардың ішінде 3 мыңға жуық кембағал жан тұрақты қызметке орналасты. Сонымен қатар осы жобаның барысында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастырып қана қоймай, олардың еркін қозғалуы үшін жағдай жасауды да қарастыру керек. «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасының шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғауға қатысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде заң жобасы әзірленіп, мәжіліске ұсынылды. Бұл мәселеге қатысты 7 Кодекске және 24 заңға 112 түзету мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

Әсел ӘНУАРБЕК