ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
Гүлбиғаш ОМАР
Ұлттық экономиканы аяғынан тік тұрғызар тетіктердің бірі – арнайы экономикалық аймақтар. Осыдан үш жыл бұрын «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» заң қабылданды. Бір жылдан соң елдегі арнайы экономикалық аймақтар саны тоғызға жетіп, онда 500-ге жуық компания тіркелген еді. Қазір «Астана – жаңа қала», «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі», «Ақпараттық технологиялар паркі», «Ақтау теңіз порты», «Сарыарқа», «Қорғас – Шығыс қақпа», «Бурабай», «Павлодар» және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары, ал Астана мен Қарағанды қалаларында индустриалды аймақтар іске қосылған.Заңда бекітілген анықтамаға сәйкес, арнайы экономикалық аймақ – қамту аумағы, шекарасы нақтыланған, кәсіп жүргізудің арнайы құқықтық жүйесі орнаған аумақ. Ресми деректерге жүгінсек, былтырдың өзіне дейін арнайы экономикалық аймақтардан 28 миллиард теңге салық алынған еді. Басқаша айтқанда, бұл аймақтардың инфрақұрылымын салуға республикалық бюджеттен бөлінген қаржының үштен бірі қайтты деген сөз. Экономиканың тегеурінді серіппесі болуға лайық аймақтардың бірі – «Қорғас – Шығыс қақпасы». Бұл арнайы экономикалық аймағы осыдан үш жыл бұрын еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылды. Президент тамыз айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына қатысты өзекті мәселелерге арнайы шолу жасап, «Қорғас – Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймаққа қатысты өз ойын айтып өтті. «Қытай мен Қазақстан арасын жалғайтын, Алматы арқылы оңтүстікке өтетін «Қорғас – Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағының құрғақ портының құрылысын аяқтаудың маңызын тағы бір рет айтып өткім келеді. Ақтау мен Құрық теңіз порттарының да инфрақұрылымын салып бітіріп, оларды дамытуды қолға алу керек» деді Елбасы. Осы жиналыста Президент Үкімет мүшелеріне Парсы шығанағында және Тынық мұхиты жағалауында қойма салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған еді. Ұлттық экономиканы әртараптандыруды жүзеге асыру үшін көлік-логистика жүйесі заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Қазіргі таңда «Қорғас – Шығыс қақпа» құрамына «Қорғас» Шекаралық әріптестіктің халықаралық орталығы сауда-көрме кешендері, құрғақтағы порт – көлік-логистикалық кешені, өнеркәсіптік кәсіпорындар кешенінен тұратын индустриалды аймақ, тұрғын үй кешені, қосымша инфрақұрылым аймағы кіреді.«Қорғас – Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компаниясының бірден-бір акционері «KTZ Express» компаниясы, ол – «Қазақстан темір жол» АҚ еншілес ұйымы. Жалпы, елдегі көлік-логистикалық жүйесін кешенді түрде жүзеге асыру ісі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жүктелгені белгілі. Ұлттық компания – қазіргі таңда республикадағы бірден-бір логистикалық оператор. Президент жарлығына сәйкес, «Қорғас – Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағы 2035 жылға дейінгі мерзімге құрылған. 4591,5 гектар аумақта еліміздегі сауда-экспорттық мүддесін жүзеге асырып, көлік тасымалы қабілетін жетілдіруге сеп боларлық тиімді көлік-логистикалық және индустриалды орталығын құру межеленді. Сондай-ақ бұл көршілес елдермен экономикалық және мәдени байланысты жандандырар өткел. Бүгінгі таңда «Қорғас – Шығыс қақпа» жобасы «Жетіген – Қорғас» темір жолы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік арқылы Еуропа мен Азияға қысқа мерзімде жүк жеткізуге мүмкіндік беретін индустриалды-логистикалық орталық. Сондықтан да оның ұлттық экономикалық жүйеде алар орны ерекше. Қазақстанның аймақтық іскерлік, сауда-саттық, логистикалық торабына айналуына септігін тигізер қақпа осы. Оның үстіне, арнайы экономикалық аймақтарда нарықтық қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру, басқаруда, шаруашылық жүргізуде заманауи әдістерді қолдануға жағдай жасалады. Шындығында, Ақтауда теңіз порты ашылса, Қорғас құрғақтағы портқа айналуы тиіс еді. Екі порттың арасын байланыстырып, тәжірибе алмасу үшін әрі жемісті жұмыс істету үшін халықаралық кеңесшілер жұмысқа шақырылған. Енді құрғақтағы порттан «Ақтау» теңіз портына тікелей шығу мүмкіндігі бар.Оның үстіне, отандық өнімді әлемдік нарыққа шығарудың бірден-бір қақпасы – осы. Бұл аймақта инновациялық әрі ғаламдық бәсекеге шыдас берер сапалы, халықаралық стандратарға сай қазақстандық өнім шығарылады. Мұнда қолға алынған өндірістің басым бағыттары ретінде қойма шаруашылығын жүргізу, қосалқы көлік бөлу, тағам, химия өнеркәсібі көрсетілген. Бұдан бөлек, былғарыдан жасалған бұйымдар шығару, тоқыма өнімдерін шығару, дайын металдан жасалған дайын өнімер шығару, машина және құрал-жабдық шығару, сондай-ақ көрме, мұражай, қойма және әкімшілік ғимараттарының, қонақүй, аспан асты спорттық кешендер, дүкендер, сауда орындарының құрылысы да осы тізімде. Бұл жобаның Алматы облысының ғана емес, республиканың дамуында ерекше стратегиялық маңызы бар. Осы уақытқа дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар тәжірибесіне сүйенсек, мұндай жүйе енгізілген өңірдің экономикасы жаңа сүрлеуге түсіп, өзгеше серпін алады. Тіпті жергілікті деңгейден асып, әлемдік нарықтық байланыстар деңгейіне дейін көтерілуі ықтимал. Ең бастысы, арнайы экономикалық аймақтарда әлеуметтік мәселелер де өздігінен оң шешімін табады. Тұрғын халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайтуға, жергілікті белсенді азаматтарды кәсіппен айналысуға жұмылдыру – арнайы экономикалық аймақ құрылуының бір мақсаты – осы.Арнайы экономикалық аймақтар отандық өнім шығару мен отандық өндіріске инвестиция тарту ісіне айтарлықтай ықпал етер бірден-бір орта. Жергілікті және шетелдік инвестиция тарту, қолайлы инвестициялық ахуал тудыру қажет. Былтыр қараша айында Астанада өткен «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» атты ІІ Халықаралық көлік-логистикалық бизнес форумында «DP World Terminal Services B.V.» компаниясымен он жылға келісім-шартқа қол қойылуы осының дәлелі. «DP World» компаниясы 31 мемлекетте орнатылған 60 терминалы бар алпауыт компания. Алты құрлықта іскерлік әріптестік орнатқан аса ірі әлемдік порттық оператор Дубай – Джебель Әли еркін экономикалық аймағында қоныс тепкен. Мемлекеттің даму стратегиясына сәйкес, алдағы бес жылда арнайы экономикалық аймақтар инвестиция тартатын бірден-бір орталыққа айналуы тиіс. Бұдан былай барлық арнайы экономикалық аймақтар халықаралық стандарттарға сай белгілі бір тәртіппен жұмыс істейтін болады. Сондықтан Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық мүмкіндіктерін барынша пайдалану жоспарлап отыр. Бұл орайда, «Қорғас – Шығыс қақпасы» Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, жаңа заманғы мәдени-экономикалық орталыққа айналады. Осы өңірде жыл сайын өткізілетін қазақ-қытай «Жаңа Жібек жолы» сауда-саттық жәрмеңкесі бұл істің басы ғана.
Астана