Жаңалықтар

Дәрі-дәрмек жарнамасы тоқтамайды

ашық дереккөзі

Дәрі-дәрмек жарнамасы тоқтамайды

Үстіміздегі жылдың мамыр айында еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында дәрі-дәрмектердің жарнамасына тыйым салу мәселесі талқыланып, бұл мәселе «Рұқсаттар мен ескертулер туралы» заңда қарастырылған. Түзетулерге байланысты дәрі-дәрмек, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникалар жарнамасын тарату мен орналастыру тек қана мамандандырылған медициналық басылымдар мен денсаулық сақтау ұйымдарында іске асырылатын болған. Сол заңға енгізілген түзетулердің  нәтижесі бойынша қараша айынан бастап дәрі-дәрмектердің жарнамасы тоқталуы тиіс еді. Алайда дәрілік препараттар жарнамасы телеарналардан әлі де көрсетілуде. Оған себеп болған «ҚР салық мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген түзетулер. 5 қараша күні Мәжілісте рецептсіз берілетін дәрі-дәрмек жарнамасына салынған тыйымды алып тастауды қарастырған. Жоғарыда аталған заңға енгізілген түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Республикалық телеарналарға дәрі-дәрмек жарнамасын тоқтату үлкен экономикалық шығын келтіретін болғандықтан заң жобасына қайта түзету енгізілген. Түзетулер қабылданған күннен-ақ бұған сарапшылар мен БАҚ тарапынан наразылық туған еді.  «Кеден одағының барлық елінде, ТМД-да, Еуропада бұқаралық ақпарат құралдарында рецептсіз берілетін дәрі-дәрмек жарнамасына рұқсат беріледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары бойынша пациент препараттың кері әсерлері, әсер ету тетіктері туралы білуге құқылы. Қазақстандық телеарналардың пікірін ескереміз, себебі олар шығынға ұшырайды, егер біз тыйымды енгізсек, жарнаманы басқа арналар көрсететін болады, мысалы, ресейлік, т.б. Демек, олардың жарнамалауға құқы бар, табыс соларға кететін болады. Біздің телеарналардың құқығын шектемеу үшін, олардың экономикалық табысын азайтпау үшін, пациенттер дұрыс ақпарат алуы үшін түзету қабылданды. Біз түзетуді жарнаманың халықаралық стандарттарына сәйкестендіре отырып енгіздік», – деді ҚР Мәжіліс депутаты Надежда Петухова БАҚ-та дәрі-дәрмек жарнамасына тыйым салудан бас тарту себептерін түсіндіру кезінде. Заң жобасына түзету енгізуді Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті көтеріпті.