Жаңалықтар

ҚЫЗЫЛОРДА ӘУЕЖАЙЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘРТЕБЕГЕ ИЕ БОЛДЫ

ашық дереккөзі

ҚЫЗЫЛОРДА ӘУЕЖАЙЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘРТЕБЕГЕ ИЕ БОЛДЫ

Қызылорда әуежайына халықаралық мәртебе берілді. Жыл соңына дейін бірнеше халықаралық рейстер ашылмақ. Бұл туралы Қызылорда облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Бәйімбетов хабарлады.   Бүгінде «Қорқыт Ата» әуежайы арқылы аптасына 27 әуерейс жөнелтіледі. Оның ішінде аптасына Астана қаласына 7, Алматыға 12 рейс жасалады. Ал,  Ақтау қаласына 2 рейс, Өскемен және Қарағанды қалаларына аптасына 3 рейстен ұшады. Қазіргі жолаушылар терминалы сағатына 150 жолаушы өткізсе, болашақта 500 жолаушыға дейін қызмет көрсете алатын мүмкіндігі бар жаңа заманауи терминал жұмыс істейтіндігі мәлім болды. “Бұрын қызылордалықтар шет елге бару үшін Астана және Алматы қаласы арқылы ұшатын еді. Бұл қаржы жағынан да, уақыт үнемдеу жағынан да тиімсіз болатын. Осыған байланысты ҚР Үкіметіне Қызылорда әуежайына халықаралық дәрежесін беру және заманауи сағатына 500 адамды жібере алатын «А» санатты жолаушылар терминалын салу туралы ұсыныс жіберілді.  Ағымдағы жылдың қазан айында әуежай халықаралық дәрежесін алды, жолаушылар терминалының құрылысы басталып кетті”, – дейді басқарма басшысы. «Қорқыт Ата» әуежайы АҚ бас директоры Сайлау Жаналин қазіргі уақытта әуекомпаниялармен Бейжің, Стамбул, Мәскеу, Дубай қалаларына тікелей рейстер, сонымен қатар болашақта чартерлік халықаралық рейстер ұйымдастыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.

“Түркістан-ақпарат”