Жаңалықтар

ҚАЗАҚ КЕЙІПКЕРЛЕРІ ЖОҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ КЕЙІПКЕРЛЕРІ ЖОҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ

Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрына балаларымызды алып барудың сәті түсті. Қызылды-жасылды киім-киген түрлі кейіпкерлер балалардың көңілін көтерді-ақ. Алайда ол бірнеше мәселеге көңілімізді аударды: қойылымдарды жеңіл-желпі, даңғырлақ, батыстық үлгідегі әуендермен әрлейтіндігі, яғни балалар санасын әу бастан ұлттық құндылықтардан тыс тәрбиелейтіндігі, одан бөлек, қойылым кейіпкерлерінің интернационалды образдардан тұратындығы, тіпті қазақ ұғымына жат кейіпкерлерден тұратындығы. Қысқасы, театрдың ұстанған репертуарлық саясаты көңілден шықпады.

«Үш торай», «Қызыл телпек», «Қуыршақ-думаны» (түрлі этностар мен халықтардың билері мен әндері), «Бағдаршам» (жол ережесі) деген қойылым атауларынан-ақ көп дүниені аңғаруға болады. Қазақша қойылымдар орысшадан аударылып беріледі, ал кейбір тұстары аударылмай сол қалпында жүреді. Мысалы, орысша, батыстық әндер қазақша қойылымда аударылмай сол күйі берілуде. 80 жылға жуық тарихы бар мемлекеттік театр қазақ кейіпкерлерінен не үшін бас тартады? Осы сауалды Катерина есімді театр директорының шығармашылық дамыту жөніндегі орынбасарына қойып едік, ол: «Алдағы уақытта «Ажешки» деген қойылым қоюды жоспарлап отырмыз. Бізде бастықтар жиі ауысып жатады. Сондықтан, бастамалар жиі аяқсыз қалады», – деп сылтау айтты. Құдай-ау, «ажешкилерден» басқа кейіпкер құрып қалып па? Жарайды, жоқтан жоғары дерсіз. Ұлттық идеологиялық тұрғыда қарасақ, 80 жылда жеткен жетістігіміз «Ажешки» болмақ па? Айтпақшы, «Қуыршақ-думаны» қойылымында Алдар көсе деген кейіпкер бар. Қойылымның басын ашып, аяғын жауып береді. Бітті. Сонда қазақта балалар кейіпкерлерінен жалғыз Алдар көсе ғана бар ма екен? Құдайға шүкір, қазақ ертегі кейіпкерлеріне кенде емес. Алпамыс батыр, Қобыланды батыр, Ертарғын, Қамбар батыр және тағы басқа эпостық образдарды айтпағанда, ертегі-аңыздарда кездесетін тау көтерген Толағай, желмен жарысқан Желаяқ, бір көлдің суын келесі көлге ауыстырып жүретін Көлтаусар, тау мен тауды қағыстырып ермек ететін Таусоғар, батырға сүйеніш болатын самұрық құс, алып бәйтерек, қазандай басы бар Қағанақбас, шидей бұты бар Шибұт, қылдай мойны үзілгелі тұрған Қылкеңірдек, ұшарын жел, қонарын сай білетін Қаңбақ шал қай елдің кейіпкерлерінен кем? Театрдың репертуарлық саясаты балаларды ең әуелі ұлттық-мемлекеттік, отаншылдық рухта тәрбиелеуге құрылуы тиіс. Ұлттық дүниетанымы қалыптаспаған балалар ертең ел игілігіне жұмыс істейді деп айту да екіталай. Ұлттық дүниетанымды қалыптастыратын бірден-бір өнер ошағы Қуыршақ театры болуы тиіс. «Мемлекеттік» деген дәрежесі бола тұра, 80 жыл бойы мемлекеттік-ұлттық идеологияға дұрыс қызмет етпеуін қалай түсінуге болады? Ең әуелі, қазақ тіліндегі қойылымдар аударма емес, төл туындылар болуы керек. Қуыршақтар театрдың өзінде әзірленеді екен. Мысалы, наурыз мерекесіне «Хайуанаттардың жыл басына таласуы» немесе «Мүшел» деген ертегіні қойсақ, қандай әдемі болар еді. Жазушыларымыз қуыршақ қойылымына ыңғайлап сценарийлер әзірлесе, онда ұлттық кейіпкерлеріміз молынан қамтылса ғой, шіркін. Ендеше, таяқтың бір ұшы өзімізге де келіп тиетіндей. Біз дайын сценарий апарып ұсынбасақ, айтпасақ, сынға алмасақ, қазақта қандай кейіпкерлер бар екендігін театр басшылығы қайдан біледі? Бір шеттен, театр басшылары да қазақ тіліндегі сценарийлер байқауын жариялап, мемлекеттік идеология ыңғайына қарай бет бұруы қажет. 

Гүлім МЫҚТЫБЕКОВА, Алматы қаласының тұрғыны: 

– Менің үш балам бар. Кішкентайларымды Қуыршақ театрына жиі әкеліп тұрамын. Әуелі сағат 11.00-де қазақша қойылым қойылады, ал 12.30-да орысша қойылым қояды. Қазақша қойылымдарға адам аз келеді. Дегенмен, кейде арнайы ұйымдастырылып келетін балабақша балаларымен, баста-уыш сынып оқушыларымен лық толатын кездері көп. Орысша қойылымға адамдар жақсы келеді. Уақыты да ыңғайлы. Ел-жұрт сенбі-жексенбі күндері ұйқыдан ерте тұрғысы келмейді ғой. Сосын 12.30-дағы қойылымға келушілер әлдеқайда көбірек. Оның үстіне, Алматыда орыстілді орта басымдыққа ие. Орыстілділердің басым болуы себебінен қазақша қойылымдарға деген енжарлық көзқарас қалыптасса керек. Өйткені қазақша кейіпкерлер жоққа тән. Бәрі орысшадан аударма. Қазақта жазушы жоқ па, әлде театрдың саясаты дұрыс емес пе, түсінбедім. 

Арман ӘУБӘКІР