ОҒЛАН ДЕП АТ ҚОЙДЫМ...

ОҒЛАН ДЕП АТ ҚОЙДЫМ...

ОҒЛАН ДЕП   АТ ҚОЙДЫМ...
ашық дереккөзі

Балаға ат қою мәселесіне қазақтар ерекше мән беріп, жақсылыққа ырымдаған немесе белгілі бір мақсат көздеген. Қазақтардың балаға ат қоюы – бала дүниеге келген күннен бастап жүргізілетін тәлім-тәрбиелік дәстүрлермен, бағзы замандардан бері қалыптасып келе жатқан анемистік, тотемдік, магиялық наным-сенімдермен тікелей байланысты.Адам аттары тарихи дәуірлердің ауысуына қарай қалыптасып, өзгеріске еніп отырды. Тоныкөк, Күлтегін, Кетбұға, Күлшора, Мойыншора деген есімдер түркі дәуіріне саяды. «Қорқыт Ата кітабын» негізге алсақ, ерте түркілер дәуірінде Қорқыт, Байындыр, Оғлан, Бұқаш, Дерсе, Ұлаш, Қарашық, Қазан, Қиян, Ерен, Бижан, Икенек, Домрұл, Ұлан, Торалы, Бәрік, Бұрла, Бану Шешек т.б. түркіше есімдермен қатар, жыр желісінде Мәлік, Ораз, Фатыма, Мелек, Рүстем, Аруз, Әлмүш деген ислам аттары кездеседі, бұл ислам діні қазақ даласына тараған кезден бастап балаға арабша ат қою тарала бастағандығымен байланысты. Ислам дінінің таралуымен бірге балаға Омар, Оспан, Әбу, Әбубәкір, Қади, Қали, Әнуар, Әли, Сұлтан, Патыма, Айша, Әмина т.б. есімдер қойыла бастады. Түркі сөзі мен араб сөздері тіркескен есімдердің қойыла бастауы да осы кезеңнен басталады. Қожахмет, Молдахмет, Жанахмет, Мырзахмет, Ділдахмет, Кенжеахмет, Сейдахмет, Иманғали, Сұлтанәлі, Жанәлі, т.б.
Кейбір қазақ және түркі хандарының түркіше есімдерімен қатар арабша, яғни мұсылманша есімдері болғаны белгілі. «Сығанақ жарлықтары» атты құжаттан Кереймен бірге Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның түркіше есімімен бірге, бірқатар деректемелерде Әбу-Сағид немесе Бу-Сағид деген мұсылманша есімі де болғанын білеміз. Мұсылман аттарын қою қожа, сунақтар тығыз қоныстанған оңтүстік өңір мен отырықшы шаруашылықты кәсіп еткен қазақтар арасында жиі кездесті.
Бай, бек, хан деген сөздер өскенде сыйлы, тұрмысы жақсы болсын деген ниетпен жалғанған. Ә.Диваев Сырдария экспедициясы негізінде жазылған «К вопросу о наречении имен у киргизов» атты мақаласында: «Көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, көшіп-қонып жүрген қазақтар көбіне бала атын дәстүрлі және қосалқы шаруашылықтарымен байланыстырған. Мысалы Түйебай, Жылқыбай, Сиырбай, Қойлыбай, Қозыбай, Лақбай, Күшікбай, Итбай, Аюбай, Қабанбай, Қарсақбай, Бүркітбай, Сұңқарбек, Қарғабай, Шортанбай, Сазанбай», – деген есімдерді атаған (1916 ж.). Дәстүрлі шаруашылыққа байланысты Қыстау, Көктеу, Жайлау, Күздеу, Қасқырбай, Боранбай, Қаршыға, Қосым, Науқан т.б. аттар кездеседі.
П.И. Пашино Перовск және Жөлек қазақтарының балаға ат қою мәселесіне орай «көш жолында немесе қырда туылған балаларға «мұсылман» аттары сирек қойылды», – деген пікір білдірсе (1867 ж.), Ә.Диваевтың «Қазақтардың Осман түріктерінен, Еділ татарларынан айырмашылығы – нәрестеге араб аттарын сирек қояды», – деуі де қазақтардың ат қою ерекшелігін нақтылайды.
Ә.Диваев: «Балалары өле берген жағдайда Тұрсынбай, Жүзжасар, Жүзбай, Майлыкөт, Тезек, Боқбас, Боқтыбай, Көтібар деп қойған», – десе, А.Н.Самойлович: «балалары өле берген жағдайда ұлға Тұрсын, қызға Жетер деп ат қойған немесе баласын Италмас деп атаған, бұл ит жоламаған жерге шайтан да жоламайды дегенді білдіреді», – дейді (1911 ж.). Ә.Диваев, А.Самойлович көрсеткен есімдерді қою ХХ ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Сыр бо­йында алдындағы балалар шетінеген немесе бала тоқтамай қойған кезде жеті иттің астынан өткізіп, Итемер, Итемген, бала тұрсын деп Ақорын, Тұрақ, балтадай берік болсын кіндігін балтамен шауып Балтагүл, Балтабай деп ат қою кездеседі. Өмірі ұзақ болсын деп ағасының атын Өмірбай, темірдей берік болып тұрып қалсын деп өзінің атын Темірбай қойған. Бала тұрақтамауына байланысты ырымдап қою қай кезде де жалғасып отырған. Бала пердесімен туылған кезде Пердеш, Пердекүл, Пернебек деп қойған.
Баланың денесінде қалы, меңі бар болып туылса Қалжан, Қалдаш, Қалдыбай, Қалдан, Қалдыкүл, Аққалы, Қалтай, ал егер дене мүшесінде кемтарлық белгі болса атын Нышан, Нышанкүл, Нышанбай деп, не болмаса балаға көз тимесін деп өз атымен атамай жанама ат, ғұмыры ұзақ болсын деген ниетпен Ұзақбай, Қартай, Кәрібай, Тірлікбай деп қойған. Кей баланың денесінде қал кейіннен білінеді, ондай жағдайда баланың өз атына қосымша, жанама ат ретінде Қал сөзінен басталған жоғарыдағы аттардың бірін қойған.
Қыздар қатарынан туылған жағдайда Оңбер, Оғылту, Ұлтуар, Ұлмекен, Ұлболған, Ұлбала, Ұлболсын, Ұлдана, Ұлпан, Ұлтай, Ұлжан әлі де ұлдан дәметіп жүрміз деп Дәметкен деп қойған, ал қатарынан ұл туыла берсе, Қыздарбек деп қойылған аттар кездеседі. Ал, енді бірнеше ұлдан соң қыз туылса, атын Қыздарша, Қыздыгүл, Қыздаркүл деп қойған.
Қыздарға көбіне Мейізгүл, Шайгүл, Жұпар, Қырмызы, Қызғалдақ, Жауһазын, Еңлік, Өрік, Теңге, Меруерт, Қарлығаш, Мамық, Тұйғын сияқты нәзік аттар беруге тырысты. Байырғы әйел аттарынан Дүрия, Айымжамал, Сақыпжамал, Сұлу, Ақсұлу, Қойсана, Ақілгек, Көкілгек, Шәйғаным, Қанткүл, Тұмар, Айткүл, Ырыскүл, Ырысалды, Күлпаш, Ырымкеш, Ырымкүл, Үрімхан, Үрліхайым, Бибіһаят, т.б. аттарды атауға болады.
Баланың дүниеге келген жеріне қарай жер-су аттарын қою кезінде дәстүрге айналған. Мысалы Мұхит, Талас, Ертіс, Орал, Аралбай, Сырлыбай, Сырбай, Тоқабай, Құндызбек, Аққалыш, Дария, Күлдария деген аттар кездеседі. Сырдария ауданы, Махамбет ауылының тұрғыны, 1922 жылы туылған Рабат Жәкенқызының есімі сақтардың Сыр бойындағы астанасы болған Шірік-Рабат қаласының атымен байланысты қойылса, Рабат Жәкенқызының анасы Іңкәр Тобашқызының есімі Сырдарияның ескі арнасы Іңкәрдария өзенінің жағасында дүние келгендігімен байланысты қойылған.
Соғыс жылдарында туылған балаға Майдан, ағайын-туыс соғыстан аман оралсын деп Еламан, Аманкелді, соғыс тынсын деп Тыным, Ақтыным деп ат қойған.
Қорқыт Ата кітабының «Дерсе хан ұлы Бұқашхан» баянында Оғлан 15 жасқа келгенде Байындар ханның тасқа мүйізін сүзсе ұндай қылып үгітетін бұқасымен айқасып, бұқаны басынан жұдырығымен ұрып құлатып, бұқаның басын кесіп алады. Сонда Қорқыт ата келіп «Байындыр ханның алаңында бұл ұлың бұқа өлтірді, балаңның аты Бұқаш болсын, атын мен қойдым, жасын Алла берсін», – деген. Содан кейін баланың Оғлан аты ұмытылып, Бұқаш атанып кеткен. «Қам Бурабекұлы Бәмсі Бәрік әңгімесінің баянында» Бай Бурабектің Бамсы деген жалғыз ұлы 15 жасқа толғанда аңға шыққан. Әкесінің ордасына тарту-таралғымен келе жатқан көпестерді Қарадербен маңында Евнук қаласының 500 кәпірлері тонап кетеді. Жолда демалып жатқан Бамсыдан көпестер көмек сұрап келеді, сонда Бамсы қырық жігітін қасына ертіп, кәпірлерді шауып, көпестердің керуенін қайтартып береді. Көпестер қалауыңды айт дегенде, жігіттің көзі теңіз тайы Бозайғырға, алты қырлы күрзіге, ақ кірісті садаққа, қылышқа түседі. Жігіт қалауынан көпестер шошып кетіп: «Бегіміздің жалғыз ұлы бар еді, бұл соған апара жатқан сыйымыз еді», – дейді. Көпестерге Бектерінің ұлы өзі екенін айтпайды:«Мұнда мақтау алғаннан, әкемнің жанында мақтаусыз қалғаным игі еді», – деп кетіп қалады. Көпестер ордаға келгенде Бай Бураның оң жағында отырған жігітті көріп қолын сүйеді, сонда Бай Бура ашуланып: «Әкесі тұрғанда ұлының қолын сүйе ме?», – дейді. Көпестер Бамсының хан баласы екенін сонда біледі, ерлігін айтып береді. Бай Бура хан оғыз бектерін шақырып қонақ етіп, ат қоюды сұрайды, сонда Қорқыт Ата: «Сен ұлыңды Бамсам деп атаушы едің, мұның аты Бозайғырлы Бамсы Бәрік болсын. Атты мен бердім, жасын Хақ Тағала берсін!», – деген. Содан Бамсы, енді Бәрік атанады. Оғыз тайпасында ұл туылғанда берілген атынан бөлек ерлік көрсеткенде қайта ат беру дәстүрі болған. Қорқыт Ата асқан даналығымен адамға ат қою құрметіне ие болып отырған.
Ерекше қасиетке ие болып, халық арасында танылған адамдардың аттары өзгеріске ұшырап, ол халыққа халық берген атымен, яғни кейін қойылған атымен танымал болып қалады. Әбілмансұрдың жауға «Абылай» деп ұрандап шабуына байланысты халық берген атымен Абылай хан атанып кетті. Сунақ Ата кесенесі әулие Алла Үмей Хасамуддин Сахабинханға арнап тұрғызылған. Сунақ тайпасының өкілі болғандықтан тайпа атымен аталып кеткен. Қармақшы Ата кесенесі, Қармақшы атауы да «Қармақшы» деген атпен белгілі болған балықшының есімімен аталады, ал оның өз аты Дәурен болған. Сырдарияның Дәуренөзек өткелінің атауы осымен байланысты. Адамға ерекше қасиетіне қарай халықтың кейіннен қосарланған ат беруі қай кезеңде де жалғасын тауып келген. Ерекше қасиетіне орай кейбіреулер өз атына қосарланған ат иемдеген, мысалы Ақан Сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай.
Үлкен адамдарды, сыйлы кісілерді құрметтеу ниетін білдіріп, олардың өз атына Ереке, Өсеке, Қалеке деп «әке», «еке» деген жұрнақтарды қосып айту қазақ халқында салтқа айналған.
Отбасылық дәстүрде балаға ат қою рәсіміне баланың атасы мен әжесі, немесе әулеттің үлкені ие болған. Ата мен ененің көзі тірі болса ұл мен келіннің балаға атты өзіміз қоямыз деуі бертінге дейін болмаған жағдай, балаға атты әулет басшысының, шаңырақ иесінің қоюы ертеден сақталып қалған дәстүр.
Атадан балаға, яғни бүгінге дейін жалғасып келе жатқан қазақы дәстүр бойынша келіндер күйеуінің туыстарын өз атымен атамай, жанама аттармен атауы керек. Келіндердің «ат қою» дәстүрі белгілі түрколог ғалымдар А.Н.Самойлович, Н.И.Ильминскийдің назарын аударып, олардың зерттеулеріне арқау болған. Н.И.Ильминский: «Егер күйеуінің туыстарының ішінде аты бір заттың атымен аталатын болса, онда келін бұл заттың атын атамай, басқалар түсінетіндей етіп, оған балама басқа бір сөз ойлап тапқан», – десе (1860 ж.), Н.И. Гродеков: «Келін қалыңдық кезінде де әдеп сақтап, болашақ күйеуінің ағайындарының атын атамаған», – дейді (1889 ж.).
Жаңа түскен келінге ат қоюға енесі көмектескен, кейде өзінен үлкен, өзінен бұрын түскен келін қандай ат қойса, кіші келін де солай атаған, тапқыр, пысық келіндер өздері-ақ ат қойып алған. Бұл қазақ келіндерінің күйеуінің туыстарына деген ізеттілік белгісі саналды.
Күйеуінің туыстарының аты бар сөздерді де айту әдепсіздік болып саналады. Қазақ әйелінің «ат тергеу» дәстүрінің классикалық үлгісі судың жағасында қойға шапқан қасқырды көріп, су, қамыс, қой, қасқыр, пышақ, қайрақ сөздері күйеуінің туыстарының аттарында болып, айтуға болмайтындықтан, оларды «Ата, ата, сарқыраманың арғы жағында, сылдыраманың бергі жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Жаныманы байламаға байлап алып келіп көріңіз» деп жеткізгендігі жайындағы әңгіме «Будагов сөздігіне», Н.И.Гродеков, Н.И.Ильминский еңбектеріне арқау болған.
Әйел күйеуінің көзінше күйеуінен үлкендердің әйелі болсын, баласы болсын атын атамаған. Күйеуінен үлкен барлық ерлерді әйелдер «қайын аға» деген; егер ер адам қайын атасымен құрдас немесе одан үлкен болса, онда келін өзінің қайын атасы сияқты «ата» деп атаған; егер ер адам күйеуінен біраз жас үлкен, бірақ, қайын атасынан жас болса, онда келін «би аға» деп, атасының үлкен ұлын, яғни күйеуінен жас бойынша үлкенін «мырза аға»; одан кейінгісін «ортаншы аға», туысқан қайнағаларын атқаратын қызметіне қарай «ауылнай аға», «мырза аға», «би қайын аға» деп атаған. Қайныларын да жасына қарай «ортаншым», кенже ұлын «кішкенем», еншіге берген қайнысын «еншілес» деп атаған. Күйеуінен үлкен «қайын ағаларының» ұлдарын да атымен атамай, оларға «төрем», «аппағым», «ақ жарқын», «айдарлым», «шырақжан», «бөпежан», «тентекжан» деген аттар берген.
Күйеуінен үлкен әйел адамдарды келін «шешей» деп, енесінен жасы үлкен әйелдерді келін өзінің енесі сияқты «ене» деп атаған; күйеуінен үлкендердің үлкен, ортаншы, кіші қыздарына «бикеш», «ортаншы қыз», «кішкене қыз» деп немесе түр-сыйпатына қарай «шырайлым», «сұлуым», «ботакөз», «көз жақсым», «қара көз», «айдарлым» деп ат қойған; күйеуінің үлкен қыз апасын келін «апа» деген; отбасының кенже баласын келін ұл болса «кенжем», «кенжетай», «кенже бала», қыз болса «кенже қыз» деп атаған. Егер жас келін түскен үйдің қайын атасы тірі болмаса, қайын атасының өзінен кейінгі інісін «ата», ал егер қайын енесі тірі болмаса, қайын атасының өзінен кейінгі інісінің әйелін енесімен тең санап «шешей» деген. Егер қайын атасы да, оның інілері де тірі болмаса, онда күйеуінің үлкен ағасын «ата» деген. Осы аталғандардың ешқайсысының әйелі тірі болмаса жас келін күйеуінің үлкен ағасының әйелін «ене» атаған.
Әйелі күйеуінің де атын атамай «отағасы», «біздің мырза», «біздің кісі» деп атайды немесе өзінің бір баласының атымен «Темірдің көкесі» немесе атқаратын қоғамдық қызметімен «ауылнай», «ру басы», «елу басы» деп атаған. Күйеуі туралы айтқысы келсе, балаларына «әкелерің», қайын, қайын сіңілілеріне «біздің үйдегі ағаларың», «көкелерің» деген.
Кеңес үкіметі тұсында, атқаратын қызметіне қарай «колхоз қайнаға», «совхоз қайнаға», «күрішші қайнаға», «мұғалім қайнаға» деген атаулар кездеседі.
Әйел күйеуінің құрдастарын «құрдас», ал күйеуінің аттастарын «аттас» деп атайды. Қазақ әйелдері қалжыңы жарасатын қайныларын, құрдастарын кейде ерекше белгісіне қарай бадырақкөз, көккөз, төртбақ, торпақ, айыр сақал, таңқы мұрын, қалқанқұлақ, тазша, домбырашы, шешен деп атаған. Тентекжан, жәудірік, сарықыз, қарақыз деген аттар да жиі кездеседі. Келіндер қайны-қайынсіңілілеріне өсе келе мінез-құлық, қоғамдағы орнындағы өзгерістеріне қарай кішкентай кезінде берген атын өзгертіп отырған. Келіндер үшін атауға болмайтын адам атына, сол адамның сыртқы келбетіне ұқсас немесе мінез-құлқына ұқсас бөтен адамның аты берілетін жағдай да кездеседі. Мысалы, қайнысын бала күнінде тентекжан десе, ол бала өскесін елге сыйлы азамат болса, Мырза қайным, Мырзаш, Ақжігіт, Ақтөре, Ақшірен деп атаған. Кішкентайында баланың бойының аласа болуына байланысты «бөдене», «көлеңке», «көжек» деп атаса, ол бала да өскенде мінез-құлығына қарай жеңгелерінен басқа ат иеленуі мүмкін.
Егер келіннің үлкен баласы күйеуінің ата-анасының тірі кездерінде туылса, онда оны өз атымен атамай, мысалы «кенже бала, бөпежан, кішкенем» деп жанама атымен атаған. Бұл үлкен баланы ата-ананың бауырына салып беру дәстүрімен байланысты, яғни үлкен бала ата-ененің кенже баласы есебінде өскен. Әдепті келін, тіпті күйеуінің інісінің әйелі өзінен бұрын келін болып түссе және атасын немесе енесін тірі кезінде көрсе, егер өзі түскенде олар тірі болмаса, онда оның да атын атамаған. Бұндай жағдайда оның өз атының орнына «келіншек» деп атау қолданылады. Келіндер сондай-ақ туыс болмаса да біреудің аты күйеуінің ағайынымен аттас болса, оны «атам аттас», «енем аттас», «қайнаға аттас», «мырза аға аттас» деген.
Белгілі түрколог-ғалым Александр Николаевич Самойловичқа қазақ ұлты­ның зиялысы Мұстафа Шо­қайдың дерек беруі бойынша жазыл­ған «Запретные слова в языке казак-киргизской замужней женщины» атты ма­қаласы Сыр бойы келіндерінің күйеуінің туыстарына «ат қою» мәселесіне арналып, оны «Живая старина» беттерінде жариялаған (1916 ж.). А.Самойловичтің «К вопросу о наречении имени у турецких племен» атты мақалаласы да осы журналда басылған (1911 ж.). А.Н.Самойлович Мұстафа Шоқайдың дерек беруі бойынша келіндердің «ат қою» дәстүрінен келесідегідей мәлімет береді: «…Мұстафа Шоқайдың атасының атындағы «торғай» сөзі Сыр өңіріндегі торы руының әйелдері арасында шымшық, шөже, жау шөже сөздерімен ауыстырылған. Шашты ру-тармағының әйелдері арасында бошай аталығының жылқыайдар тармағы болғандықтан жалпықазақтық «жылқы» сөзі қолданылмайды, оны «мінгіш» немесе тушар деп айтады. …Күйеуінің туысының бірінің аты Сары аталса, әйелдер тілінде Сарысу өзенінің аты Шікілсу болып ауыстырылады. Бір орыс офицері қазақ әйелінен Ташкент темір жолы бойындағы Сұлутөбе бекетін қай жерде деп сұраса, әйел Әдемі төбе деп жауап берген, себебі сұлу сөзін оған айтуға болмайды; егер офицерге түсіндірмесе, онда географиялық картада жаңа жер аты пайда болған болар еді. Қазақтың әйелін молда оқуына бергендігі жөнінде қызықты әңгіме бар. Құранды оқып отырған кезінде VІІІ «Каусар» сүресіне келген кезде, әйел осы сүренің бірінші қатарындағы араб тіліндегі каусар сөзіндегі сар сөзін айтудан бас тартқан, себебі сар сөзі оған айтуға болмайтын «сары» сөзін еске түсірген, сондықтан оны кау-шікіл деп айтқан екен. Қыпшақ тайпасының ұзын руының алтыбас тармағының атын әйелдер алты сөзін айтуға болмайтындықтан жет-бас деп айтқан». Мұстафа Шоқайдан А.Н.Самойловичтің жазып алуы бойынша әйелдер күйеуінің туыстарының атында кездесетін заттарды келесідегідей жанама сөздермен ауыстырып айтқан: боқ сөзі орнына – қыш, тезек, ақ – шаңқан, қара – боран, сары – шікіл, мамық – төсек, жүн – төсе, көш – жөнеу, қой – маңырама, қошқар – азбан, алты – бестен бір артық, базар – сауда, айдар – төбе шаш, пышақ – ет кесер, балға – соғар, тоқпақ – қол ағаш, айна – бет көргіш, Бұқара – ұлы кент, бүркіт – үлкен құс, қораз – айғыр тауық, тышқан – қап тесер, қоян – есек құлақ, тоқты – кішкене қой.
Келіндер күйеуінің туыстарының атын анығырақ жеткізу үшін кейде қайны, қайынсіңлілерінің көмегіне жүгінген. Бірде маған Қарақұмдық Тоқсанбаев Қыдырәлі ақсақал: «Шамамен менің 14-15 жасым болатын, әкем Тоқсанбай ауыл сыртынан егін салып, біз қостың басында отырғанбыз. Бір күні 2-3 жолаушы адам келіп: «Бұл кімнің қосы?», – деп сұрады. Сонда Мағрипа жеңгем мені шақырып алып: «Жүзден онды алып тастаса, не қалады?», – деп сұрады. Мен: «Тоқсан», – дедім. Сосын: «Малы көп адамды кім дейміз?», – деді. Мен: «бай», – деп жауап бердім. Сонда жеңгем: «Енді осы сөзді қосқанда қандай сөз болады, соны мына кісілерге айтып жіберші», – деді. Мен: «Тоқсанбай болады», – дедім. Сонда әлгі кісілер күліп: «Е, бұл Тоқсанбайдың қосы екен ғой», –деп жүре берді», – деген еді.
Өз аттары орнына келіндердің берген жанама аттарына олар өлгенше ие болады. Тіпті өз аты ұмытылып, ауыл адамдары да оны келіндер қойған атпен атап кеткен жағдайлар болған. Мысалы, Кіші жүздің Әлімұлы тайпалық бірлестігінің шежіресі бойынша Әлімнің бір ұлының аты Айнық. Халық арасында Айнықтың қара қалың сақалды болуына байланысты жеңгелері берген Қарасақал аты кеңінен тарап, одан тараған ұрпақтар Қарасақал тайпасын құраған. Өзінің негізгі аты бірте-бірте қолданыстан шығып қалған.
Әлихан Бөкейханов өзінің «Безправность киргизских молодух» атты мақаласында: «Жаппас руының А. деген сұлуы Б. атты қыпшақ жігітіне ұзатылады. Су құйып тұрған күңі құманмен байқаусызда келіншектің басына ұрып алады, қорыққан күң келіншектің енесінің үйіне барып тығылады. Ашу үстіндегі келіншек: «Мен сені С.-ның үйіне емес, құдай үйіне тығылсаң да тауып аламын», – деп енесінің атын айтып қояды. Сол күні келіншек енесінің тапсырмасымен тұншықтырылып өлтірілген», – деген оқиғаны жазған. Бұл дерек қазақ қоғамында әйел тәртібінің межеден асып кетпеуіне ене қатты көңіл бөлгендігін, сонымен қатар ертеде қазақтар арасында «ат қою» дәстүрінің берік сақталғандығын көрсетеді. (Ә.Бөкейханов бұл мақаласында қазақ қоғамында кездескен ащы шындықты бүкпей көрсеткендіктен болар, мақала «Таңдамалы шығармалар» жинағына енбей қалған – Т.К.)
Арнайы ат қойылмаған күнде де жеңгелері қайны-қайынсіңілілеріне «ұл-ау», «әй бала», «қыз-ау» деп қатынас жасаған. Қайнаға-абысын, қайын апа аттарын олардың тұратын жерінің атымен атау кездеседі. Мысалы, «Қырдағы қайнаға», «Ауылдағы апа», «Қаладағы абысын».
Келіндердің «ат қою» дәстүрі қазіргі таңда қазақ жерінің Сыр өңірінде, оңтүстігінде және батысында, шетелдегі қазақ диаспорасы арасында кездеседі. Жас келіндер арасында жаңадан «ат қою» дәстүрі қатаң сақталмағанымен, күйеуінен жасы үлкен туыстарының атын көзіне де, сыртынан да атамайды, ал үлкен жастағы әйелдер байырғы дәстүр бойынша жаңа келін болып түскен кезде қойған аттарымен атайды.

Тәттігүл Картаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры міндетін атқарушы,
тарих ғылымдарының кандидаты