ҚАЛАДА ҚҰРАСТЫРМАЛЫ ҮЙЛЕР КӨБЕЙМЕК
ҚАЛАДА ҚҰРАСТЫРМАЛЫ ҮЙЛЕР КӨБЕЙМЕК
Бәсекеге қабілетті тауар өндіру – уақыт талабы. Әсіресе, елімізде құрылысқа қажетті заттарға сұраныс өте жоғары. Өйткені бүгінде Қазақстанның түпкір-түкпірінде әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер көптеп салынуда. Жолдар жөнделуде. Міне, осы құрылыс алаңдарын отандық өніммен қамтамасыз ету маңызды мәселе. Жуырда Шымкенттегі «Ордабасы» индустриялды аймағындағы «Заманауи құрылыс бұйымдары» ЖШС-де болып, жұмысымен таныстық. Бұл өндіріс орнында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлiк дәлiзiнiң құрылысына арналған бетон бұйымдары шығарылуда. Осыдан 3 жыл бұрын құрылған кәсiпорын басшылығы бұл жобаны жүзеге асыру үшiн 1,2 миллион еуро қаржы жұмсаған. Заман талабына сай кәсіпорында жол құрылысына қажетті заттардан бөлек, қаладағы ирригациялық жүйелерге қажетті желілер және төсенiш плиталар жасалуда. Істің көзін таба білген зауыт ұжымы мұнымен шектелмей, тұрғын үй құрылысына қажеттi бетон бұйымдары өндiрiсiн қолға алды. Дәлірек айтсақ, топса мен ригель колоннасын, текпiшек пен плитаны және базальтты жылытқышты шығару арқылы көпқабатты тұрғын үйлердi құрастырмалы әдiспен салуды бастамақшы. Алғашқы нысан салынатын жер де белгілі. Жобаның тұсаукесері және тәжiрибе ретiнде «Нұрсәт» шағынауданында «Шымкент» ӘКК-нiң тапсырысы бойынша осындай үй бой көтермек. Сондай-ақ құрастырмалы үйлер құрылысын жүргізуге «Тұран» шағынауданынан 26 гектар жер бөлiнген. Ол Шымкент қаласының солтүстiк iргесiнде. Мұнда жыл соңына дейiн 9 қабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берiлмек. Жалпы, алдағы уақытта 26 гектар аумаққа дайын бұйымдардан құрастырылатын 50 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Мамандардың алдын ала есептеулеріне сүйенсек, мұндай үйдiң 1 шаршы метрi 118,5 мың теңге болмақшы. Облыс әкімдігі «Тұрандағы» үйдiң жобалық-сметалық құжатын дайындауға 8 миллион теңге бөлінді. Өзге өңірлерде қолданысқа енгізіле қоймаған бұл жоба тiкелей облыс әкiмi А.Мырзахметовтiң бақылауында. Құрастырмалы үйдiң қандай артықшылығы бар? Осыған тоқталайық. Біріншіден, құрылысшылар монтаждау жұмыстарын 4-5 айда аяқтайды. Демек, бұл осы уақытта үйдiң құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берiледi деген сөз. Қазiргi салынып жатқан үйлердiң құрылыс жұмыстары 6-8 айға созылатынын ескерсек, бұл тәсілдің тиімді екені сөзсіз. Сондықтан қаңқалы үйлер құрылысы арқылы бiр жылда 2 үй салып бiтуге болады. Алғашқы үй пайдалануға берілген соң ол әбден зерттелмек. Құрылыс өзін ақтап, сапасы мықты екені дәлелденсе, осы әдіс жаппай қолданысқа енгізілуі мүмкін. «Заманауи құрылыс бұйымдары» ЖШС-нiң директоры Т.Бекжiгiтовтің айтуынша, зауыттың бастамаларына көптеген құрылыс компаниялары қызығушылық танытуда.− Сапалы әрі тиімділігі жоғары 3-4-шi класты қолжетiмдi баспана салу мәселесiн көптен берi ойластырып жүр едік. Сөйтiп, «Сәулет және дизайн», Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық сейсмикаға төзiмдi құрылыс пен сәулет институтымен бiрлесiп жобасын жасадық. Үйдiң қаңқасы 4 бөлшектен құралады. Ол ригель колоннасы, топса, текпiшек пен плита. Соңғысын қазiргi таңда шығарып жатырмыз. Қалған бетон өнiмдерiн дайындайтын қондырғылар жуырда шетелден әкелiнедi. Қарашада толық өндiрiс қуатына көшемiз деп отырмыз. 1 үйдiң қаңқасын құрастыруға қажеттi бұйымдарды зауыт 25 күнде шығарады. Еліміздегі үшінші қала – Шымкентте жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлер санын көбейтуге үлес қоссақ, еңбегіміздің ақталғаны, − дейдi ол.«Заманауи құрылыс бұйымдары» ЖШС сонымен қатар тұрғын үй құрылысына қажетті құрылыс өнімдері, жылылықты оқшаулайтын плиталар мен базальт талшықтарын да шығаруда. Бұл да маңызды қадам. Кәсіпкер Т.Бекжігітов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды жақсартуға қол жеткізгенін де айтты. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған зауыт негізінен отандық нарықтағы сұранысты қанағаттандыруды көздейді.