МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР МҮЛТІКСІЗ ОРЫНДАЛУДА
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР МҮЛТІКСІЗ ОРЫНДАЛУДА
Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттiк ҮИИД бағдарламасы аясында биыл 43,3 млрд. теңгенi құрайтын 41 жобаның бесеуі iске қосылды. Осы іс-шаралар нәтижесiнде бес жүзден астам жұмыс орны пайда болды. Сондай-ақ, 2015 жылға жоспарланған бiр жоба мерзiмiнен бұрын iске қосылып, 100 жұмыс орны ашылды. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген облыс әкiмiнiң орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді. Оңтүстiк өңiрiндегi әлеуметтiк-экономикалық дамудың тоғыз айлық қорытындысы айтылған жиынға басқарма басшылары да қатысты.Облыс әкімінің орынбасары: «Облыстың экономикалық-әлеуметтiк дамуының үш тоқсандық көрсеткiшi бойынша мемлекеттiк бағдарламалар толық орындалды. Жарты жылдағы iшкi өнiм мөлшерi 980 млрд. теңгенi құрап, өткен жылғы 6 аймен салыстырғанда 132 млрд. теңгеге көбейді. Бұрын өңiрлiк өнiм мөлшерi жөнiнен оныншы орында тұратын оңтүстік соңғы екi жылда бесiншi орынды тұрақты иеленіп жүр», − деді.
Басқосуда әлеуметтiк-экономикалық дамуды айқындайтын негiзгi бағыттар туралы да айтылды. Биыл жергiлiктi бюджетке түскен салықтар мен басқа да төлемдердiң көлемi молайған. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жыл iшiнде 30 мың адамды жұмыспен қамту көзделсе, қазiр бұл көрсеткiш 29,1 мыңды құрап отыр. Ауқымды жұмыстардың арқасында 14 елдi мекенде ауыз су құбыры жаңартылып, 65 елдi мекенге табиғи газ жеткiзiлген. Табиғи газбен қамтылған ауылдардың саны 319-ға жеткен.
Жиында басқарма басшыларына да сұрақтар қойылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қанатбек Оспанбеков биыл Алматыға екi рет 120-130 тонна, Астанаға бiр рет 200 тонна ауыл шаруашылығы өнiмдерi жеткiзiлгенiн айтты. Бұл жәрмеңкелер Алматы, Астана қалалары мен Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң арасындағы келiсiмшартқа орай жасалғандықтан оның экономикалық жағынан гөрi достық байланысқа негізделген саяси мәні бар екенін атап өтті. Сондай-ақ ол субсидия бөлу, мақта бағасы туралы да ойларын ортаға салды.
− Мақтаның бағасы Еуропадағы мақта биржасының мәлiметiне қарай өзгерiп отырады. Қазiр мақтаны қабылдау бағасы 82-83 теңге болуы керек. Бұл мәселе облыс әкiмiнiң тiкелей бақылауына алынған, − дедi Қ.Оспанбеков.
Ал облыстық бiлiм басқармасының басшысы Альбина Елшиева оқушыларды оқулықтармен қамту мәселесі бақылауда тұрғанын жеткізсе, кәсiпкерлiк және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Бақытжан Әшiрбаев «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағының жұмысы жөнiнде әңгімеледі. Оның айтуынша, соңғы жылдары мұнда бiрнеше кәсiпорын іске қосылған. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жұмағали Исмаилов және өзге басшылар да атқарған жұмыстары туралы қысқаша баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.