Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ – МӘРМӘР БҰЙЫМДАР

ашық дереккөзі

ШЫМКЕНТТЕ – МӘРМӘР БҰЙЫМДАР

Таяуда Шымкент қаласында мәрмәр бұйымдар шығаратын кәсіпорын ашылды. Елді елең еткізген «Elite Telecom Management» ЖШС-нің өніміне қазірдің өзінде сұраныс бар. Кәсіпорын басшысы Серік Дәрібаевтың айтуынша, осы инновациялық жобасы үшін оған «Шымкент инновация» мекемесі «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 6 миллион теңге грант беріп, тиісті құжаттарды жинауға жан-жақты көмектескен. Бизнес-жоспар құруға да жәрдемдерін аямаған.

Отандық нарыққа қадам басқан «Elite Telecom Management» ЖШС еліміздегі құймалы мәрмәрдан зат жасайтын ең алғашқы кәсіпорын. Мұндай жобаны бұрын-соңды Қазақстанда ешкім қолға алып көрмеген. Германиядан құрылыс материалдарын тасымалдаумен айналысқан кәсіпкер жинаған қаражатына серіктесімен бірге осы цехты ашуды жөн көріпті. «Шымкент инновация» мекемесі арқылы жеңіп алған 6 миллион теңге грантқа Түркиядан мәрмәр құятын арнайы қалыптар сатып алған. Сонымен қатар шетелден осы кәсіптің қыр-сырын білетін тәжірибелі маман жалдап әкелді.Кәсіпорын басшысының айтуынша, осындай цех ашу туралы идея Атырау қаласында жұмыс істеп жүргенде пайда болған.− Сол қалада қонақүйлер салатын құрылыс компаниясында жұмыс істеп жүргенімізде мәрмәр бұйымдарды Қытайдан алдыратынбыз. Ол бұйымдардың сапасы нашар әрі бағасы қымбат еді. Кейде құрылысқа жарамай сынып қалатын. Дегенмен, амал жоқ, шетелдік өнімге кіріптар болдық. Бірде өзіммен бірге жұмыс істейтін түркиялық азаматтың «осы жұмысты өздерің де жасасаңдар болады ғой» дегені намысымды қамшылады. Сөйтіп, осы жобаны қолға алдым,− дейді Серік Дәрібаев. Кәсіпкер шикізатты Жамбыл облысы, Қаратау қаласынан алдырады. Яғни, мәрмәр шикізатын кәсіпкер ұнтақ күйінде сатып алады. Сөйтіп, өнім өндіреді. Цехта негізгі жұмысты Эфиопия елінен келген түрік маманы атқарады. Бүгінде ол тек мәрмәр құйып қана қоймай, жергілікті қазақ жастарын да осы кәсіпке үйретуде. Қазақстандағы жоғары оқу орындарында бұл мамандық иелері даярланбайтынын ескерсек, Шымкентте тәжірибе жинаған жастардың бағы бар екенін анық. Цехта заманауи техникалық құрал-жабдықтар орнатылған. Құрылғылары да сапалы. Мұнда бүгінде 8 адам жұмыс атқарады. Олардың жалақылары да жоғары – шамамен 130 мың теңге көлемінде. Себебі бұл кәсіпті атқару оңай емес. Цехта күніне 320 мың теңгенің заты шығарылады. Бағасы шетелдік өнімнен екі есе төмен. Осында өндірілген өнімдерді Шымкент қаласындағы қонақүйлер сатып алуда. Жеке тұрғын үйге деп алып жатқандар да бар. Көршілес Қырғызстанға да тауар жіберілген. Кәсіпкер мұнымен тоқтамай, Қызылорда қаласынан да бір цех ашуды көздеп отыр. Әрбір қалада осындай цехтар ашылса, еліміз шетелден мәрмәр тасып, сабылмайтыны сөзсіз.