Өскеменді қою түтін басты

Өскеменді қою түтін басты

Өскеменді қою түтін басты
ашық дереккөзі
Жексенбі күні кешке Өскемен қаласының аспанын қою түтін басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстың Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды алаңдамауға шақырып, түтін соңғы күндері жиі орын ала бастаған құрғақ шөптің жану оқиғаларымен байланысты екенін айтуда. Өңірлік ТЖД-дан мәлім еткендей, Шығыс Қазақстан облысында тұтанған құрғақ шөпті сөндіруге күніне 30-ға жуық өрт сөндіру бөлімшесі аттанады. Тек Өскемен қаласы бойынша құтқарушылар жалынмен күреске 15 рет шыққан. Шұғыл мәліметтер бойынша, қазір жану фактісі әуежай маңында Ертіс өзенінің ортасындағы аралда тіркеліп отыр. Оқиға орнына жету қиындық тудыруда. Жанып жатқан шөптің айналасы су болғандықтан, оның жақын орналасқан тұрғын үйлерге қаупі жоқ. Тұтану оқиғаларына ыстық күн райы да ықпал етуі мүмкін. Жексенбі күні облыс бойынша ауа температурасы 33 градустан жоғары болды. Өрт сөндірушілер адамдардың абайсыздығы мен селқостығын да жоққа шығармайды. ШҚО ТЖД азаматтарды алаңдамауға шақырады. Өрт сөндіру бөлімшелері күшейтілген режімде жұмыс істеуде.