Қазақстан ресейлік бензинді импорттауды тоқтатады
Қазақстан ресейлік бензинді импорттауды тоқтатады
Қазақстан отандық жанар-жағармай нарығын қорғау шараларын іске асырады. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысынан кейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары аяқталып келеді. Нақтырақ айтқанда, Павлодар және Атырау зауыттарында жаңғырту шаралары жүргізілді. Сәйкесінше, олар жоғары сапалы әрі жоғары октанды отынды көбірек өндіре бастады, яғни АИ-92, АИ -95 бензинінің көлемі артты. Тамыз және қыркүйекте Шымкент мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылған бөлігін іске қосу жоспарланып отыр. Осы орайда Қазақстанда бензин өндіру көлемі тағы да артады», - деді Қ.Бозымбаев. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде еліміздегі АИ-92 бензинінің жинақталған қоры 350 мың тоннаға жетті. Бұл өз кезегінде нарықтағы қажеттіліктен 1,5 есеге артық. «АИ-92 маркалы бензиннің импортына үш айға шектеу енгіземіз деп қарастырып отырмыз», - деді ведомство басшысы. Осы орайда бұл шектеу ел аумағында бензиннің бағасына әсер етпейтінін атап өтті. «Себебі бізде бензиннің профициті байқалып тұр. Егер де біз экспортты ашу бойынша шараларды қабылдамасақ, сондай-ақ өзіміздің нарығымызды қорғамасақ, онда елдегі зауаттар өнімнің шектен тыс артық болуынан тоқтап қалуы мүмкін», - деді министр. Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Қанат Бозымбаев Қазақстанға сырттан бензин импорттаудың қажеті жоқ екенін айтқан болатын. Сонымен қатар ол Қазақстан Орталық Азия елдеріне бензин экспортын ашатынын мәлім етті.