14 Маусым 2018, 23:41 641 0 Қоғам Дарын Құрманқұл

Салт аттылар экспедициясы

«Астана – ұлы дала елордасы» атты көп күндік салт атпен жүріп өту экспедициясы елордадан бастау алды. Астананың 20 жылдығына арналған экспедиция Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы Бұйратау,  Баянауыл және Қарқаралы арқылы өтеді. Турдың жалпы ұзындығы 600 шақырымды құрайды. 10 адамнан құралған еріктілер тобы Сарыарқаның төсін басып өтіп, 10 күннен соң атбасын Қарқаралыға тіремек. Атты экспедицияда екі жас жеткіншек пен екі мажарлық азамат бар.

Сапарға аттанушы еріктілерді шығарып салу салтанатына Венгрияның Төтенше және өкілетті елшісі Барани Андраш қатысты. Елші қазақ пен мажарлықтардың туыстас халық екенін атап: «Мажарлықтар ежелгі қыпшақтардың ұрпағы. Сондықтан бабаларының ат тұяғының ізі қалған Сарыарқа төсімен жүріп өту бізге бақыт», – деп мақтанышпен айтып өтті.

«Біз он күннің ішінде Бұйратау, Баян­ауыл және Қарқаралы ұлттық парктеріне тоқтаймыз деген ойдамыз. Жалпы сапардың ұзақтығы 600 шақырымды құрайды. Мен мұндай жобаға екінші жыл қатысып отырмын. Ата-баба жолымен жүріп өту, елдегі ішкі туризмге үлес қосу деп білемін. Болашақта осындай салт атпен жүретін туристік бағыттар болады деген ойдамын», – дейді сапарға қатысушы Айдос Нұрақышев.

Экспедицияға қатысушылар күніне жүз шақырым жүруді жоспарлауда,  өздерімен бірге ас-су, далада қонуға ыңғайлы күрке үйлер алған. Бұл іс-шараға кез келген азамат қатыса алады. Осы жолы Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарынан келген азаматтар ұйымшылдық танытты.

«Аталған жоба үшінші жыл қатарынан өтіп келеді. Бұған дейін 2016 жылы жалауын желбіреткен шеру, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, «Астана – ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің құрметіне арналған. Биыл Астананың – 20 жылдығына арналады», – дейді топ жетекшісі Берік Ақылбек.

 

 

Соңғы жаңалықтар