Жаңалықтар

ЗАМАНДЫ ҚҰБЫЛТАТЫН АДАМ ЕМЕС ПЕ?

ашық дереккөзі

ЗАМАНДЫ ҚҰБЫЛТАТЫН АДАМ ЕМЕС ПЕ?

Интернет – заманның озық жетістігі. Бүгінде өмірімізге дендеп еніп кеткен әлеуметтік желілердің пайдасымен қоса, зардабы да жетерлік. Адамның ақыл-ойынан жаралып, әлемді өз игілігіне бөлеп, ақыр соңы адам санасына айтарлықтай зиянын тигізіп жатқан әлеуметтік желілердің теріс әсері туралы аз айтылып жүрген жоқ. Олай деуіміздің себебі – таңның  атысы мен күннің батысын ажырата алмайтын, бар тірлігін интернетпен тындырып, бар қуаныш-қызығын сол желінің ішінен іздейтін тоғышар топқа айналуда біздің қоғам. Мүмкін, бұл біреулердің пайдасына жарап жатқан болар, дегенмен жастарымыздың көбі әлеуметтік желінің әлегімен өмірін өткізіп жүр. Жас та, жасамыс та әлеуметтік желінің құлақкесті құлына айналып бара жатқан мына заманда оның зияны ең алдымен жас жеткіншектерге, балаларға тимек. Ғалымдардың пікірінше, балалардың желіде күніне бір сағат отыруы жеткілікті көрінеді. Балалық шақта желілерді ұзақ уақыт қолдану – уақытты ғана ұрлап қоймай, денсаулыққа да өте зиян. Интернетке тәуелділік олардың көңіл-күйінің аумалы-төкпелі болуына, депрессияға түсуіне, ұйқыларының бұзылуына себеп болып, психикасын бұзады. Интернетпен бірге ілесіп келген тағы бір ерсі қылық – танымалдыққа деген жан құмарлық. «Болмаса да ұқсап бағып», жердегі жұлдызға айналуды арман еткендер қаншама?! Бәлкім «Атың шықпаса жер өрте» деген осы болар. Жақсылыққа жаны құмар жандар да бар. Озық техниканы оңды пайдаланып, жетім-жесірге жәрдем беріп, талайдың өміріне шуақ болып төгіліп жүргендер – шынымен де лайкке (мадақтауға) лайық жандар. «Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме» деген сөз жиі айтылады ел арасында. Заманың өзгерсе, айналып келгенде құбылтып жатқан адамның ақылы, ой-санасы емес пе?! Заманға сай дамыған жақсы, бірақ адам үшін табиғи болмыстан айырылып қалу – ең үлкен қасірет.  

Назира АДАҚ,

Шәкәрім атындағы мемлекеттік

университеті, журналистика

факультетінің 3-курс студенті