Аграрлық сала: Жаңа бағытқа ұмтылыс

Аграрлық сала: Жаңа бағытқа ұмтылыс

Аграрлық сала: Жаңа бағытқа ұмтылыс
ашық дереккөзі
Әлемде орын алып отырған қаржы-экономикалық дағдарыстың әсеріне қарамастан, елімізде әр салада индустриалды-инновациялық бағдарламалар қолға алынып, көптеген игі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағытта, әсіресе, мемлекетіміздің отандық агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қатысты тың бастамаларының оң нәтиже бере бастауы көңіл қуантады. Елбасы кезекті Жолдауында «Ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі қозғаушы күші болуға тиіс» деп, отандық агроөнеркәсіптік кешенді жаңаша бағытпен дамытуға байланысты нақты тапсырмалар берді. Осы орайда, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде өткен Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісі аграрлық Комитетінің көшпелі отырысы «Агроөнеркәсіптік кешен саласына білікті маман  даярлау және ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды енгізу» тақырыбына арналды. Жиын барысында отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бүгінгі мәселелері мен алдағы мақсат-міндеттері талқыланып, университет аясында аграрлық білім-ғылым-өндіріс интеграциясы тиімді іске асырылып жатқаны айтылды. Отырыс жұмысының басты мақсаты – Елбасы айқындаған міндеттемелерді жүзеге асыру барысында ауылшаруашылық өндірісіне IT технологияларды енгізу, еліміздің аграрлық саласын инновациялық бағытта кешенді дамыту, ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану, инвестиция тарту және ауыл шаруашылығына білікті мамандар даярлау ісін дамыту. ҚР Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитеті төрағасы С.К. Омаров көшпелі отырысқа төрағалық жасап, түйткілді мәселелерді ортаға салып, аграрлық саланы инновациялық тұрғыдан дамыту жайын саралады. Сонымен қатар, отырысқа Парламент мәжілісіндегі аграрлық комитет мүшелері, ҚР Ауыл шаруашылығының  вице-министрі Е.Н. Нысанбаев, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Ұ.Қ. Тәжібаев, ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, академик Ғ.Ә. Қалиев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің проректоры Қ.Қ. Айтуғанов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры А.М. Нәметов, Қазақ­станның аграрлық жоғары оқу орындарының өкілдері, Ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, ҚР АШМ ауыл шаруашылық тәжірибе стансалары мен тәжірибелік шаруашылық мамандары, ауылшаруашылық тауар өндірушілері қатысты. Көшпелі отырысқа қатысушылар оқу орны базасындағы Агротехнологиялық Хаб құрамына кіретін Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік, Су, Тұрақты егін шаруашылығы, Агроөнеркәсіптік кешенге сандық технологияларды енгізумен айналысатын ситуациялық орталықтарымен, инновациялық жылыжай, коллекциялық бақ, мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы (МИИДБ) шеңберінде мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларымен, «Н.Назарбаев білім және ғылым орталығының» жұмысымен және «Аграрлық білім-ғылым-өндіріс интеграциясы» көрмесімен, университеттің жалпы оқу-ғылыми инфрақұрылымымен танысты. ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов: «Еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне білікті маман дайындау бойынша университетте халықаралық студенттік тәжірибе алмасулар, жас ғалымдар конференциялары, жазғы және қысқы мектептер және стартап-жобалар байқаулары ұйымдастырылып келеді. Тек ағымдағы жылда 200 стартап жобасы ұсынылды. Оның ішіндегі ең үздіктеріне 150-1000 АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды. Ауылшаруашылық мамандықтарын дайындауда еліміздегі 3 жетекші ЖОО-мен қатар аймақтарда 20 оқу орны білім береді. Оның 7-еуі жекеменшік. Аграрлық секторға мамандар дайындау үшін гуманитарлық және басқа да профильді емес оқу орындарында мынадай мамандықтар бойынша дайындайды: «Ветеринарлық медицина», «Ветеринарлық санитария», «Мал шаруашылығын өнімдерін өндіру технологиясы», «Су ресурстары және суды қолдану», «Жерге орналастыру» және тағы басқа. Көптеген жоғары оқу орындары мамандарды дайындауға тиісті инфрақұрылымдары мен тиісті ғылыми мектебі жоқ. Осының бәрі мамандар дайындау сапасын төмендетеді. Ресми есеп бойынша қазіргі таңда еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің 80 пайызы білікті мамандарға мұқтаж. Бүгінгі күні ауылда ауылшаруашылығын жақсы білетін экономистер, бухгалтерлер, менеджерлер тапшылығы сезіледі. Бұл мамандарды аграрлық ЖОО-да дайындау керек», – деді. Жиын қорытындысы бойынша «Агро­өнеркәсіптік кешен саласына білікті маман даярлау және ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды енгізу» бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады. Көшпелі отырыстан соң аграрлық Комитет мүшелері мен ғалымдар Алматы облысы аумағында орналасқан «Amiran» Қазақ тағамтану академиясының зауытына, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына, Қазақ картоп және көк­өніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына және басқа да шаруашылықтарға арнайы барып, агробизнес өкілдерімен кездесіп, ортақ мәселелерді шешудің тиімді жолдарын талқылады.