Сырда туған саңлақ
Сырда туған саңлақ
Қазақ халқында адам өмірінің барлық қырын қамтып, кез келген мәселеге қатысты дөп айтылған дана сөздер өте көп. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөздің түпкі негізінде бала отбасында қандай тәрбие алады, қандай бағытта тәрбиеленеді, өмірде де отбасында алған тәрбиеге сәйкес ұстанымда болары айқындалған.
Халық арасында «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген де сөз бар. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасының орны ерекше. Сондықтан, жас ұрпақты тәрбиелеудегі бірінші бесік – отбасы, ата-ана тәрбиесі.
Қазір айтулы тұлғаға айналған Мұрат Бақтиярұлы Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы Бала би ауылында 1958 жылы 17 маусымда дүниеге келген.
Бақтияр ақсақал мен Рыскүл апай «Еңбек – ердің көркі, ер – елдің көркі», «Еңбек – ердің санаты, білім – ердің қанаты» деген ұстаным иесі, ауыл-аймаққа сыйлы, аса еңбекқор жандар болатын. «Әлемнің әміршісі – еңбек» деп білетін Бақтияр ақсақалдың балалары жастайынан еңбекпен шыңдалып өсті. Мұрат Бақтиярұлы да тынымсыз еткен еңбегінің арқасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақ Мемлекеттік заң университетін және Мәскеу Халықаралық бизнес және информациялық технологиялар университетін үздік бітірген тарихшы, заңгер және экономист.
Атақты орыс жазушысы Л.Толстойдың «Жақсы мұғалім тек екі қасиетке – үлкен білімге және үлкен жүрекке ие болса, жетіп жатыр» – деген сөзі нақ біз білетін Мұхтарға арналғандай.
Көз майынан шырақ жағып, ғылымның қатпарлы қойнауын қыртыстаған ұзақ жылдардағы ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде тарих ғылымдарының кандидаты, саяси ғылымдар докторы және профессор атағына ие болды. Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның қара шаңырағы – Қорқыт Ата атындағы университеттің ұлағатты ұстазы ретінде ұзақ жылдар бойы қаншама шәкірт тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтырды десеңізші. Қорқыт Ата атындағы университеттегі қызметін қарапайым оқытушылықтан бастаған Мұрат Бақтиярұлы кафедра меңгерушісі, факультет деканы болып, абыройлы еңбек етті. Қазақ Мемлекеттік заң университетінің Қызылорда филиалында директор қызметін атқарды.
Осы жылдары облыс және қала аумағындағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, 2005 жылы «Туған жер» қоғамдық ұйымын ашып, аймақта азаматтық қоғам институттарының қалыптасып, дамуына атсалысты. Аймақта алғашқылардың бірі болып жекеменшік оқу орнын ашып, 200-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. 1999-2003 жылдары Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Сайлаушыларының аманатын абыроймен атқарған белсенді депутат ретінде халықтың құрметіне бөленді.
2008 жылы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Әкімнің идеология, денсаулық сақтау, білім және мәдениет саласын басқаратын орынбасары ретінде аймақ халқының әлеуметтік жағдайының жақсаруына бағытталған көптеген шаруалардың басында жүрді. Мысалы, 2009 жылы облыстық бюджеттен әлеуметтік салаға бұрын бөлінбеген қыруар қаржы бөлінді. Жөндеу көрмеген ауруханалар жөнделді, «100 аурухана», «100 мектеп» бағдарламасы аясында салынып жатқан құрылыс обьектілерінің басым көпшілігі Сыр өңірінде ірге көтерген еді.
Осы жылдары аймақтағы ақпарат кеңістігі қалыптасып, барлық ақпарат құралдары нарықтық қатынасқа, облыстағы 2 телеарна да сандық жүйеге көшірілді.
2010 жылы Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға сапары мен Қазақ мәдениетiне арналған көрменiң өткiзiлуi кезінде Қызылорда облысы әкiмшiлiгiнiң мұрындық болуымен Париж маңындағы Ножан-сюр-Марн қаласында Мұстафа Шоқайдың бюстi орнатылды. Осы салтанатқа облыс делегациясын облыс әкімінің орынбасары Мұрат Бақтиярұлы бастап барды.
2011 жылы қыркүйек айынан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 2017 жылы ҚР Парламенті Сенатына екінші мерзімге депутат болып сайланды.
Парламент қабырғасында өткізген жылдарында Мұрат Бақтиярұлы өзін нағыз мемлекетшіл және демократияшыл бағыттағы саясаткер ретінде көрсете білді.
«Тіл – кез келген ұлттың ең басты атрибуты. Тіл болса – ұлт бар, жоқ болса – ұлт жоқ. Ұлт өз тілінде бір-бірінен сөйлесуден қалса, онда ұлт ретінде аталудан да қалады. Францияны француз тілінсіз, Ресейді орыс тілінсіз, өзбектерді өзбек тілінсіз көз алдыңызға елестету мүмкін емес. ... Балтық жағалауындағы жапырақтай Латвияда екі жарым миллион халық тұрады, оның бір миллионы орыс болғанына қарамастан, елдегі бүкіл оқу жүйесі латыш тілінде, барлық іс-қағаздар мемлекеттік тілдеріне көшірілген.
...Еліміздегі жалпы білім беретін 7576 мектептің 1600-і орыс тілінде, 2089-ы аралас мектептер, 62-сі өзбек тілінде, 14-і ұйғыр тілінде. ...Мемлекеттік тілдің коммуникативтік қызметі формальді түрде ғана сипат алып, бәсекелестікке шыдай алмағандықтан ақпарат құралдарының негізгі бөлігі өзге тілде шығуда», – дейді сенатор Мұрат Бақтиярұлы тіл мәселесі жөнінде.
«Адал еңбекті биік құндылық деп білмеген жерде, адал еңбекпен сый-құрметке бөленбеген елде іскерлік пен біліктілікке деген сұраныс барынша төмендейді. Еліміз нарықтық қатынасқа иек артқан екен, экономикалық өрлеудің ең дұрыс жолы осы десек, еңбек адамына деген құрметті арттыруымыз және адал кәсіби еңбекпен байлыққа кенелуге толық болады деген сенім қалыптастыруымыз қажет. Санамызға еңбекке деген қошемет-құрмет сынаптай құйылуы тиіс, сонда ғана еңбек құдіретті күшке айналады», – деп толғанады сенатор еңбек құдіреті жайлы..
Жалпы, Мұрат Бақтиярұлы ұлтжанды, ұлтшыл азамат. Ұлтын сүю – үлкен парасат, терең білім иесіне тән адамгершілік шыңы.
Ұлтымыздың рухани абызы ұлы Абайдың он төртінші қара сөзінде: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр дегені. Рахымдылық, мейірбандылық, әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды», – деген тұжырымы бар.
2015 жылы ұсынылған «Қазақстан Республикасының Жер Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңы» қоғамның ең бір қызу талқысына түскен заңдардың бірі болғандығы белгілі. Парламенттің қос палатасындағы барлық депуттардың ішінде осы заңға қарсы болған 2 депутат болды. Олар – сенаторлар Қуаныш Айтаханов пен Мұрат Бақтиярұлы еді. «Жер тағдырына халық алаңдап отыр, жер халықтың ортақ байлығы, жекешеленбейді, сатылмауы керек» деген ой-пікірлер бұрын да, қазір де айтылып келеді. Біздер мұны ескеруіміз керек. Сондықтан да болашақта жерді пайдаланудың осы кезге дейін қолданылып келе жатқан жалға беру түрін ғана негіз етіп алғанымыз дұрыс», – деді сонда Мұрат Бақтиярұлы.
Мұрат Бақтиярұлы Қазақстанға Отаным, жерім, елім деп сағынышпен жүректері лүпілдеп келген оралмандардың қордаланып қалған күрделі мәселелерінің түйінін шешуге белсене кіріскені бәріміздің есімізде. Белгілі ақын, оралмандардың мұңын жоқтаушы, қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанға қоныс аударған бауырларымыздың басына түскен қиыншылықтарды шешу кезінде көптеген ел ағаларынан көмек болмай мысы таусылғанда, сенатор Мұрат Бақтиярұлының қолын созып, көмектескендігін кеңінен жазған еді.
Сонымен қатар, Байқоңыр қаласындағы туындаған мәселелерге байланысты Мұқаң Ресей жағының зымырандарды гептилмен ұшыруына шектеу қою, космодром айналасындағы елді мекен тұрғындарын сақтандыру, зымыран ұшқаннан кейінгі атмосферада жүретін өзгерістерді тұрақты түрде зерттеп отыратын зертхана салу және Ресей жалға алған ауданнан жергілікті тұрғындарға жайылым жерін бөліп беру сияқты маңызды сұрақтарды депутаттық сауалдарында көтеріп отырды.
Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген Үштілділік мәселесі жөнінде сенатор Мұрат Бақтиярұлы әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ағылшын тілін меңгеру кезең-кезеңімен, тілді оқытудың материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы жүргізілуін және ағылшын тілінде сабақ беретін педагог кадрларды дайындап алу қажеттілігін атап өтті. Және оқушылар мен ата-аналардың келісімі қажет екеніне тоқталды. Өмірдің өзі көрсеткендей, енді мектеп бағдарламасындағы төрт пәннің (физика, химия, биология және информатика) қайсысын ағылшын тілінде оқыту қажеттілігін оқушылар мен ата-аналардың келісімі бойынша мектеп әкімшілігі шешетін болды.
Мұрат Бақтиярұлының қаламынан осы кезге дейін туындаған ғылыми, тарихи, публицистикалық мақалаларының саны 300-ден асып, 11 монография түрінде ел игілігіне айналды. Шығармаларының негізгі арқауы тәуелсіз еліміздің тарихына, қоғамдағы рухани және саяси, әлеуметтік құндылықтарға арналған.
Өзінің «Тәуелсіздіктің он сегіз асуы: құлдыраудан өрлеуге дейін» атты еңбегінде «Тәуелсіздік тақырыбы, оның қадір қасиеті, танымы мен патриоттық рөлі, елді, отанды сүюдегі, құрмет тұтудағы орны, тәуелсіздік туының халқымызға артар жүгі, қояр талаптары бүгінгі күнгі өзекті мәселе. Отан Анамен қатар тұратын тұмардай қасиетті ұғымның қадірін сезіндіретін, сананы ел тұғырына нығайтатын деңгейге дейін көтеретін серпіліс тудыратын үлкен құбылыс. Тәуелсіздік – еліміздің әрбір күнінің, әрбір қадамының қиыншылығы мен өркендеп дамуының қателіктері мен табыстарының белесі, жүріп өтетін жолы, тарихи шежіресі»,– деп толғайды ол.
Біздің түсінігімізде адамның рухы ең күрделі, бір қарағанда көрінбейтін, байқалмайтын құбылыс. Рухты ешкім ешқашан көрген емес. Көне заманның ұлы ойшылдары «Рух адамның ақыл-ойының биік шыңы болатын құбылыс» – деп, есептеген. Орта ғасырда өмір сүрген түркі ойшылы Жүсіп Баласағұни адам рухын биік ұстау керектігін және фәни өмірдің өтпелі екендігін айтады. «Ізгілік, сенімділік, ар-ожданның талабынан шықпау, әділеттілік – адам рухын мәңгілікке әкелетін ұғымдар» дейді ұлы ойшыл. Ал Үнді елінің ұлы қайраткері Махатма Ганди адамзаттың рухани жаңаруына жер бетіндегі әрбір тұлғаның қатысы бар екендігін айтып, ізгіліктің арқасында қоғамның келеңсіз жақтарынан тазара аламыз деп ой түйген.
Мұрат Бақтиярұлы рухы биік ақыл ойдың иесі, азаматтық позициясы бар Сенат депутаты, халық қалаулысы екендігін күнделікті ісімен дәлелдеп келеді. Қазақ қоғамындағы қордаланып қалған мәселелерге байланысты өз ойын, пікірін ашық айта алатын және оны Үкімет мүшелеріне дәлелдеп жеткізе алатын санаулы депутаттарымыздың бірі.
Атақты Шыңғыс Айтматов «Менің өзге жұрттың табалдырығынан аттарда өзіммен бірге алып жүретін екі қасиетім бар, олар – Мұхтар Əуезов пен «Манас». Осы екеуін айтсам болғаны, кез келген ортада шоқтығым биіктеп сала береді» деген. Мұқаңның да екі екі қасиеттісі бар. Ол – халыққа қалтқысыз қызмет ету және туған жері Сыр өңірі. Қанша жұмысбасты болып, жұмыр Жердің сан тарабын қанша шарлағанымен туған жері қасиетті Сыр өңірін ешуақытта есінен шығарған емес.
«Дүниенің қай түкпірінде жүрсем де көңіл төрінен сен кетпейсің, – Сыр елі, жыр елі! Өйткені сен «мың өлген» көк бөрілі байрағы бар көк түріктің ұрпағы қазақ халқын «мың рет» тірілтіп, тал бесігі болып тербеткен анасысың, өз еншіңді теңдей түркі жұртына бөліп берген Алты алаштың Қара шаңырағысың! Скиф-сақ дәуірі отырықшы мәдениеттің орталығы болып, сол кезеңдегі ең күшті мемлекеттер Парсы, Македония әскерлерін тас-талқан етіп жеңген өлкесің! Оғыздардың астанасы кезінде бүкіл Еуропаны өзіңнің айбарыңмен ықтыра біліп, бері келе Көк Орданың астанасы болдың! Қазақтың қазақ халқы болуында дәл осы өңірде ұйыстырған сенсің, Сыр елі. Бүкіл түркі жұртының пірі мен абызы, күй атасы атақты Қорқыт бабамыздың жатқан жері де осы өлке. Шығыс пен Батысты байланыстырған ұлы Жібек жолы да осы Сыр бойымен жүріп отырған. Қасиетті дініміз Ислам дәл осы Сыр бойы арқылы бүкіл түркі жұртына тарады. Сондықтан да сыр өлкесі ұлы қазақ даласының рухани астанасы болды және бола бермек», – деп Мұқаң туған жері жайлы сыр шертеді.
Мұқаңмен сонау 1987 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының жас оқытушылары болып танысқан едік. Елдің болашағы мен ұлттық құндылықтарымыз жайлы тақырыпта әңгіме қозғайтынбыз. Онан бері біраз уақыт өтті. КСРО ыдырап кетті, қоғамдық формация өзгерді, қоғамдағы құндылықтар өзгерген заман болды. Мұрат Бақтиярұлы қазіргі уақытта мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламентте халық қалаулысы болып ел үшін еңбек етуде. Ең бастысы, сонау жылдардағы өмірлік ұстанымы өзгермеген Сырда туған тау тұлға досымыздың әрі бәріміздің тірлігіміздің тұтқасы, татулығымыздың талбесігі, ырыс-ынтымағымыздың бастауы – Қазақ елінің жарқын болашағы жолындағы жасампаз еңбегіне толағай табыстар тілейміз!
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
«Өрлеу» БАҰО» филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, профессор,
Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор