Марал Жақыпова: Ұлттық танымға сай атауларға басымдық беріледі
Марал Жақыпова: Ұлттық танымға сай атауларға басымдық беріледі
Қала, көше, алаң, нысан аттарын қазақ тіліне ауыстыру – мемлекеттік идеологияның бір тармағы. Бұл іс әр өңірде әрқалай көрініс табуда. Мәселен, соңғы жылдары бірқатар көшелері мен аудан атауларын қазақыландыруға барынша білек сыбана кіріскен өңір – Ақмола облысы. Біз Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыповаға хабарласып, өңірдегі ономастика мәселесі туралы аз-кем әңгімелескен едік.
– Марал Қажыкенқызы, елімізде ономастикалық жұмыстарды жүргізуге, нысандарға атау беруге және оларды қайта өзгертуге уақытша мораторий жарияланған еді. Қазір бұл іске қайта жан біткен сияқты. Өңірдегі көше атауларының ауысып жатқанын естіп, қуанып қалдық...
– 2007-2012 жылдар аралығында қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты республика бойынша ономастикалық жұмыстарды жүргізуге, нысандарға атау беруге және оларды қайта атауға уақытша мораторий жарияланған болатын. Осы уақыт аралығында ономастикаға қатысты бірқатар мәселелер жинақталып, нәтижесінде ономастика саласының нормативтік-құқықтық базасы жетілдірілді. 2013 жылғы қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселесі бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» шешім қабылданды.
Ономастика саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге талдау жүргізілді, объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктерге және олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атаудың нақты критерийлері белгіленді және өткізу рәсімдері әзірленді, сондай-ақ, ашықтық қағидатын орнату, ономастиканың жұмыс нысандарына атау беру және оларды қайта атау туралы шешім қабылдау кезінде халықтың пікірін ескеру тәртібі енгізілді. Сонымен қатар, ономастика жұмыстарына тоқтам салынған аралықта елімізде бір мәртелік екі шара өткізілді. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығының маңыздылығы ескеріліп, Кеңес Одағы батырларының және бірнеше ордендермен марапатталған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін көшелерге, тағы басқа нысандарға беруді тоқтамнан тыс жүргізуге рұқсат берілді. Осыған орай, 2015 жылы облыс бойынша 1 ауылдық округ, 1 ауыл және 10 көше қайта аталды. 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, патриоттық рухты шыңдау, тарихи атауларды қайтару мақсатында екінші рет бір мәртелік шара ұйымдастырылды. Облыстық ономастика комиссияларының отырыстарында 272 көше және 1 ауылды қайта атау туралы мәселе қаралып, оң шешімін тапты. Аудан және аудандық маңызы бар қалалар мен елді мекендердің көшелерін қайта атау туралы шешімдер әділет департаментінде тіркеліп, заңды күшіне енді. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар Көкшетау және Степногорск қалаларының 7 көшесі мен 1 даңғылы қайта аталды.
Қазіргі уақытта ономастикалық жұмыстар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2017 жылғы 2 наурыздағы №17-388-5 тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. Аталған тапсырмада идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларымен және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту мәселесі көзделген. Осы тапсырмаға сәйкес, кісі есімдерімен атау мәселесіне мейлінше шектеу қойылып, елді мекендерге, олардың құрамдас бөліктеріне, объектілерге жалпыұлттық деңгейде танылмаған тұлғалар есімдерін беруге жол берілмейтіндігі де қатаң ескертілді.
– Былтыр жылдың аяғында Елбасының жарлығымен Еңбекшілдер ауданы – Біржан сал ауданы болып қайта аталды. Осы сияқты ел-жұртпен бөлісетін қуанышты жаңалықтарыңыз бар ма?
– Иә, Еңбекшілдер ауданының Біржан сал болып қайта аталуы облыс жұртшылығы үшін ерекше қуанышты жағдай болды. Былтыр Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ақмола облыстық филармониясына Үкілі Ыбырайдың, Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақтың, Көкшетау қаласының №18 орта мектебіне Сәкен Жүнісовтің, №3 Ақкөл орта мектебіне белгілі қоғам қайраткері, дарынды журналист Жайық Бектұровтың, Еңбекшілдер ауданындағы Сәуле орта мектебіне қазақ педагогика ғылымының профессоры, ғалым Шәрәпи Әлжановтың, Қорғалжын ауданындағы Дружба орта мектебіне белгілі қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Ақтан Төлеубаевтың, Ерейментау ауданындағы Малтабар орта мектебіне туған ауылына алғаш мектеп салып, ұстаздық еткен Перуаш Кәрімовтің есімі берілді.
2017 жылғы 24 қазанда Ақмола облыстық ономастика комиссиясының отырысында аудандардан келіп түскен 306 ұсыныс қаралып, нәтижесінде 196 атау қайта аталса, 110 жаңа көшеге атау берілді. Атап айтқанда, идеологиялық тұрғыдан ескірген және мағынасыз атаулар қазіргі заман талабына сай, қазақтың тұрмысына, салт-дәстүріне, өнері мен мәдениетіне сәйкес атаулармен және елді мекендердің тарихи атауларымен өзгертілді. Мысалы, Қорғалжын ауданының Коммунар ауылдық округі Майшұқыр ауылдық округіне, Ақкөл ауданының Минское, Виноградовка ауылдары Сазды бұлақ, Кемеркөл сияқты тарихи атауларға ауыстырылды. Сол сияқты Центральная, Комсомольская, Зеленая, Северная көшелері Сарыарқа, Құлагер, Алаш, Береке сияқты атаулармен өзгертілді.
Сондай-ақ, Ақмола облысы әкімдігінің 2018 жылғы 16 наурыздағы № Ф-3/126 қаулысы және Ақмола облыстық мәслихатының № 6С-19-5 шешімімен Көкшетау қаласының 41 көшесі қайта аталды. 2018 жылғы 18 сәуірде Ақмола облыстық ономастика комиссиясының отырысында аудандардан келіп түскен 181 ұсыныс қаралып, нәтижесінде 8 елді мекен, 172 көше қайта аталатын болып, ұйғарым жасалды.
2018 жылғы 14 маусымда облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында Көкшетау қаласының 27 көшесі мен 1 шағын ауданын қайта атау мәселесі қаралмақшы. Ерейментау қаласының №2 орта мектеп-лицейіне Насыр Смағұловтың, №3 Аршалы орта мектебіне Жұмабек Тәшеновтің есімін беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының жобасы пысықталуда.
– Елді мекендердің тарихи атаулары мұрағат құжаттарынан, ғылыми еңбектерден табылып жатса жақсы, ал тарихи атаулары табылмаған жағдайда жұмысты қалай ұйымдастырасыздар?
– Рас, елді мекендердің тарихи атаулары тайға таңба басқандай болып мұрағаттық құжаттардан, ғылыми еңбектерден табыла қалса, біздің жұмысымыз да едәуір жеңілдеу болар еді. Алайда көп жағдайда ауылдардың тарихи атаулары табылмай жатады. 2016 жылдың аяғында басқарманың мамандары Омбы қаласының мұрағатына барып, көптеген ескі карталардың көшірмесін сатып алып келді. Карта көшірмелерін облыстық мұрағатқа табыс еттік, қазіргі уақытта зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш картадағы мәліметтерден Атбасар, Сандықтау ауданына қарасты елді мекендердің тарихи атаулары (Амантай, Сарымсақты) табылды. Елді мекендердің тарихи атаулары табылмаған жағдайда, сол жердің географиялық ерекшелігіне сәйкес атайтын жағдайлар да кездеседі (мәселен, Ақбұлақ, Теректі, Бұлақсай, Арнасай және т.б.). Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыру барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында әзірленіп, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» (150 адам), «Тарихи жер-су атаулары» (70) және «Дәстүрлі атаулар» (298) тізімдерін басшылыққа алатын болдық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы