ҚҰРСАУДЫ БҰЗҒАН КИМ ЧЕН ЫН
ҚҰРСАУДЫ БҰЗҒАН КИМ ЧЕН ЫН
Тарихи кездесу ойдағыдай өтті. АҚШ президенті мен Солтүстік Корея басшысы бетпе-бет жүздесіп, көзбе-көз келіссөз жүргізіп, төрткүл әлемнің алдында қол алысты. Осыдан алты ай ғана бұрын Ким Чен Ын «Нью-Йоркты талқандайтын баллистикалық зымыранымыз бар» деп дөңайбат шегіп, ал Трамп оны «зымыран-адам» деп әжуалағанын ұмытыңыз. Енді Пхеньянды ешкім диктатор, агрессор, атом қаруын жасау үшін сынақ жүргізіп, әлем тыныштығын алатын арандатушы дей алмайды. Ғаламдық саяси көңілдің ауаны күрт өзгерді.
Әйтсе де, бұл кездесуге бір апта қалғанға дейін оның болу-болмау мүмкіндігі алма-кезек басып тұрған. Трамп бір емес, екі рет ешбір себепсіз «кездесуге бармайтынын» мәлімдеді. Кейінірек қайтадан Ким Чен Ынмен келіссөз жүргізуге әзір екенін айтты. Шамасы, Пхеньян Ақ үйді үгіттеу үшін дипломатиялық және басқа тетіктерді кеңінен қолданған сияқты. Ақыры, дегеніне жетті: 12 маусым күнгі тарихи кездесуде екі президент ортақ келісімге қол қойып, бейбіт мәмілеге келді. Ким Чен Ынның аузынан шыққан алғашқы сөздің өтірігі жоқ: «Бұл жерге келу оңай болған жоқ. Оған кедергілер болды, бірақ біз олардың бәрін еңсеріп, осы жерде отырмыз» деген еді ол.
Арағайын рөлін атқарған Сингапур бұл саммитті ұйымдастыруға аттай 20 миллион доллар жұмсапты. «Мұндай тарихи кездесу осындай шығынға татиды», – деді Сингапур премьер-министрі Ли Сянь Лун. Бұл қаржының дені қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруға жұмсалған көрінеді. Мұның жанында екі президенттің жүріп-тұру шығындары түк емес. Мысалы, Дональд Трамп Үлкен жетіліктегі әріптестерін тастап, №1 ұшақпен Квебектен тікелей ұшып келсе, Ким Чен Ын тәулігіне 10 мың доллар тұратын қонақүйге түскен. Екеуі де Сингапурға өткен жексенбі күні түстен кейін келді. Расында, екі президент орналасқан қонақүйлердің арасы төрт жүз метр ғана. Бірақ олар бір күннен соң ғана жүздесті. Ресми кездесудің ұзақтығы қырық минутқа созылды. Оған Трамптың күні-түні дайындалғаны сонша, осы тарихи сәтке дейін 25 сағат бойы кірпік ілмегенін журналистерге өзі айтты.
Бір тәуліктен аса ұйқыдан қалса, Дональд Трамп үшін бұл оқиғаның қаншалықты маңызды болғанын шамалауға болар. Себебі дәл осы жолғы екіжақты кездесу мен қол қойылған келісім – америкалық президенттің атын тарихта қалдыруға лайықты оқиға. Оның өзі бұл үлкен істің тек басы ғана екенін талай мәрте айтқан, егер бастаған істі соңына дейін жеткізіп, Пхеньянның басқа мемлекеттермен, оның ішінде аймақтағы көршілерімен түсіністік орнатып, бейбіт қарым-қатынас жасауына себепші болса, онда Трамп өзіне дейінгі президенттердің қолынан келмеген ерлік жасадым деп жария салатыны анық.
«Мұның бәрі 25 жыл бойы жалғасып келеді, сондықтан бұл мәселе оң шешімін табуы тиіс. Маған қиын нәрсе мұраға қалды. Мен Иранға қатысты мәселемен де, басқа мәселелермен де айналысуға мәжбүр болдым. Шынымды айтсам, біз оның бәрін тамаша орындап жатырмыз. Иран мәселесі бойынша: мен мұндай қадамға барғанымның (келісімнен біржақты бас тарту – Г.О.) себебі ядролық мәселе мен үшін үнемі бірінші кезекте тұрған мәселе. Ядролық мәселе – нөмірі бірінші мәселе», – деді.
Келісім мәтінінен мәлім болғанындай, екі мемлекет бұдан әрі «жаңа қарым-қатынасты» дамыту бағытында жұмыс істеп, ядролық қарусыздану бағытында тізе қосып қимылдайды. Осы құжатқа қол қою арқылы АҚШ президенті өз атынан Солтүстік Кореяның қауіпсіздігіне кепілдеме беріп отыр. «Өткен нәрсе келешектегі жағдайға әсер етпеуі керек. Кешегі кикілжің ертеңгі соғысқа ұласпауы тиіс. Қастасқан дұшпандардың достасуы мүмкін екенін тарих бұған дейін талай рет дәлелдеген», – деді АҚШ президенті.
Әрине, бұл тарихи кездесудің нақты нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетеді. Билл Клинтонның кезіндегі әкімшілік Пхеньянның ядролық бағдарламасын тоқтатуға талаптанып, сәтсіздікке ұшырағанын Трамп жоққа шығара алмайды. Бір жағынан, ол өзіне дейінгі президенттердің Солтүстік Кореяға қатысты саясатта жеңіске жете алмағанын әдейі еске салатын сияқты.
«Қазір әкімшілік – басқа, президент – басқа және мемлекеттік хатшы – басқа. Бұл адамдар үшін дәл осы мәселе өте маңызды», – деді ол журналистерге берген баспасөз мәслихатында. Басқаша айтқанда, ширек ғасырдан бері Ақ үй басшыларының «бас ауруына» айналған Пхеньян мәселесін күн тәртібінен мүлдем алып тастайтынына сенімді. Мұны растау үшін ол Ким Чен Ын туралы: «Мен оған сенемін, және ол маған сенеді деп ойлаймын», – деп салды.
Трамп бұл кездесуге баға беруде басқалардың мақұлдауына не дәйектеуіне мұқтаж емес. Ол бұл кездесуге «таңғажайып кездесу болды» деп баға беріп қойды. Ал Ким Чен Ынның жеке басына қатысты: «Ол өте ақылды. Келіссөздерді шебер жүргізеді. Өте талантты», – деп сипаттама беріп үлгерді.
Бірақ британдық, америкалық сарапшылар бұл кездесуден АҚШ-тан гөрі Пхеньянның ұтары көбірек болды деп санайды. Себебі Солтүстік Корея баллистикалық зымырандар сынағын тоқтатуға келіскенімен, екеуара қол қойылған келісімде толықтай қарусыздану туралы бір ауыз сөз жоқ. Керісінше, Трамп оның ыңғайына жығылып, АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери ойындарын бұдан кейін өткізбеу туралы шешімін жария қылды. Ким Чен Ын осы әскери ойындарды бұған дейін «арандатушылық» деп атағаны белгілі, Трамп өз мәлімдемесінде дәл осы сөзді қайталады. Яғни, Ақ үй бұдан кейін Пхеньянды арандатып, оның ашуына тиюден аяқ тартатын сыңай танытты.
Бұл келісім ең әуелі Оңтүстік Корея үшін сүйінішті хабар екені анық. Мун Чже Ин бұл туралы: «Екі Корея мен АҚШ енді бейбітшілік пен әріптестіктің жаңа тарихын бірге жазады», – деді. Тарихи оқиғаның маңызын Қытай да қуаттап отыр. Тек Ресей мен Иран бұл кездесудің іс жүзіндегі нәтижесі қандай болатынына әлі күмәнді сияқты. Тегеран ресми мәлімдемесінде Пхеньянға «АҚШ-қа сенуге болмайды» деген мазмұндағы сәлем жолдады, оған дәлел ретінде Ақ үйдің үш жыл бұрын қол қойылған Ядролық келісімнен біржақты шыққанын еске салады.
Біздіңше, Ким Чен Ынның бұл күндері мерейінің үстем болуының ең басты себебі – оның елі талай жыл АҚШ-тың «қара тізімінде» тұрса да, халықаралық құрсауда болса да, өз мүддесінен тайқымағандығы. Америкалық «Washington Post» газеті мұны ашық жазды: «Бұл Ким Чен Ынды ақтау сәті еді. Оның ядролық бағдарламасы расталды: оның шағын ғана, кедей, тіпті аш-жалаңаш елі, кезінде Сталин салған концентрациялық лагерьлерге ұқсас қапастарда жүз мыңдаған адам көз жұмған елі Америка Құрама Штаттарымен терезесі тең мемлекет сияқты келіссөз жүргізді. Егер Ким өзінің зымырандарын жетілдірмегенде, егер ол зымыран тасығыш бағдарламасын жақсарта түспегенде, президент Трамп бұл жерде отырмас еді».
Иә, Ақ үй Иранның да, Солтүстік Кореяның да ядролық мемлекетке айналғанын қаламайды, бұл жөнінен екеуіне қатысты ұстанымы бірдей. Бірақ қазіргі әкімшіліктің Тегеранға және Пхеньянға қатысты қолданып отырған саясаты екі бөлек.
Ұлыбритания