ҰЛТ ҚАЙРАҒЫНА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

ҰЛТ ҚАЙРАҒЫНА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

ҰЛТ ҚАЙРАҒЫНА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА
ашық дереккөзі
ХХ ғасырдың басын қазақ тарихындағы қоғамның ілгері дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлт зиялыларының алтын кезеңі деуге болды. Осы ардақтылар тобының арасында ұлтымыз үшін бірден бір дұрыс жолды таңдаған Алаш ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің орны ерекше. Осы жұлдыздар шоғырында 1905 жылдардан Алаш қозғалысының басты теоретигі, негізгі идеологы және шебер ұйымдастырушысы, 1-ші Мемлекеттік Думаның мүшесі, қазақтың ұлттық «Алаш» партиясының негізін қалаған, Алашорда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейханның рөлі айрықша мәнді, ерекше маңызды. Ол Ресейдің күллі мұсылман зиялыларының арасында ерекше беделге ие болып, өзімен үзеңгілес қазақ зиялы қауымының өріс бағытын айқындап, тұстасына да, өзінен кейінгілерге де ұстаздық ете білген еді. Әлихан Бөкейханның игі ықпалын Мұстафа Шоқай сонау Ташкенттегі ерлер гимназиясында оқып жүргенде-ақ сезінген-тұғын. Сол кездегі орыс пен жадит мектептерінде оқып жүргенде: «Әлихан бізге ылғи да: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді» – деп үйрететін деген ұстаз сөзін Мұстафа Шоқайдың 1939 жылы Францияда еске алуы жайдан жай емес еді. Және осыдан кейін болашақ саяси қайраткерлер өздерінің бар ынта-ықыластарымен «мұғажыр мәселесін» үйренуге кірісіп, мұның түпкі мақсаты – қазақ жерін этностық отарлау деген тұжырымға айқын тоқтап, қазақ үшін ең үрейлі қатердің қайдан келе жатқанын түсінген көрінеді. Олар, шынында да, қателескен жоқ болатын. Мұстафа Шоқайдың өз сөзіне қарағанда, Әлихан Бөкейханмен Ташкент гимназиясында оқып жүргенде кездескен. Ал студент кезінде Петербургте тұрып жатқан түркістандық адвокат Серәлі Лапиннің үйінде бас қосқан жиындарда болған түрік мұсылмандары өкілдерінің ішінде Әлихан Бөкейханның да аты аталады. Осы кезде М.Шоқай, тағы басқа да жастардың түрікшілдік бағытты ұстауын байқаған Әлихан Бөкейхан «өздерін ешқандай сағыммен алдамауларын» ескертіп, ұлттық қозғалыста саяси бостандықтан гөрі діни және жер мәселесіне көңіл аударуды ұсыныпты. Мұстафа 1905 жылдан Ұлы даланың саяси сахнасында мәлім бола бастаған Әлихан Бөкейханның «Иртишъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттеріндегі редакторлық қызметінен хабардар болуы ғажап емес. Ал Санкт-Петербургте оқып жүрген бір топ студенттер, арасында Мұстафа да бар, 1913 жылдан Орынборда шықпақшы болып жатқан тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетіне құттықтау хат жолдаған еді. Онда жастар Орынборда шықпақшы болып жатқан «Қазақ» газетіне, басылымның «қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілектестіктерін» білдірген болатын. Сонымен қатар хат иелері маңызды екі мәселені көтереді. Оның бірі – «Қазақ» газетінің «...біздің мұңды жұртымыздың мұңдасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруына да жәрдемі аз тимес еді» деген ой. Екіншісі, «қаламменен жәрдем беретұғын мұсылманша оқыған құрбыларымыз бір нәрсе жазғанда басқа әріп, фарсы, ноғай қарындастарымыздың (қандастарымыздың деген мағынада – Ә.Б.) сөздерін; орысша оқығандарымыз орыс, яки басқа Еуропа жұртының тілдерін орынсыз көп кірістірмей, өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазуды» бас редактордың әрқашан назарға алып жүруіне тілек білдіреді. Бұл материалды түркі тектес халықтың ой пікір алаңын жіті бақылап жүрген «Қазақ» газетінің басты ұйымдастырушысы Әлихан Бөкейханның білуі заңды. Осыдан кейінгі Петербордағы түркі жастарының «Сиратель-Мустаким» (Тура жол) жақтаушыларының жаңа әрекеттері туралы» үндеуінің де мәні зор. Бұл бір жағынан, Мұстафа Шоқайдың жасынан түркі тілдес жастармен жиі араласқанын, пікірлес болғанын көрсетсе, екінші жағынан, осындай топтың патшаға жағынып үйренген діни ұйымға қарсылығын білдіреді. Мұнда да діннің тазалығы әңгіме болады. Бұл екі материал түркі халқының болашақ ұлы перзентінің де келешегін айқындаған алғашқы нышандар деуге болатын еді. Мұстафа Шоқайдың саяси көзқарасының шыңдала түсуіне сол кезде Петербургте өтіп жатқан түркі мұсылман халықтары жиындарына қатысып отыруы елеулі рөл атқарғанына дау жоқ, алайда 1912 жылдан Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы мүшелерімен жиі араласуы, олардың ақыл кеңестерін тыңдап отыруы ерекше маңызды болды. Бұл оның кейін осы фракцияда жұмыс істеуіне ықпал етті. 1916 жылы ақпан айында Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.М. Тевкелев мұсылман халықтарының көрнекті қоғам қайраткерлерін арнайы шақырып, осы мәжілісте фракцияның саяси платформасы, тактикасы және оның жанынан кеңесші бюросын құру туралы мәселе қаралады. Бұған арнайы шақырумен Ә.Бөкейханов, С.Жантөрин, А.Байтұрсынов қатысады. Олар қазақтарға жеке мүфтилік ашу, қазақтарды әскер қатарына жазу, қоныс аударушылар толқынына тоқтау салу мәселелерін көтереді. Арнайы комиссияның баяндамасы тыңдалған соң фракцияның жанынан депутаттармен тең құқылы төрт адамнан тұратын бюро құру туралы шешім қабылданады. Бюродан тыс бір хатшы, үш көшіріп жазушы және тағы бір қызметкер алу ұйғарылады. Бюро құрамына қазақ уәлаятынан Әлихан Бөкейханов енеді. Осы Бюрода Түркістаннан бір өкілдің болуы керектігі және оған М.Шоқайдың лайық екендігі туралы мәселе көтеріледі. Ресей патшасының 1907 жылдың 3 маусым жарлығымен қазақ сияқты «бұратана» халықтың Мемлекеттік Думаға сайлану құқығынан айрылғандығы, сол себепті онда қазақ мәселесі көтеріле бермейтіні ұлтымыздың зиялы қауымын да ойландырмай қоймаған болатын. 1916 жылы сәуірдің басында Түркістан аймағынан Қожахмет Оразаев, Мұстафа Оразаев және Жүнісбек Байменов «Қазақ» газетіне «Жұрт жақсыларына ашық хат» жолдап, онда Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясына жәрдем һәм жәрдемші мәселесін алғаш көтерген болатын. Олар Мемлекеттік Думада қазақтан депутаттың жоқтығын, өзге депутаттардың қазақ жайын жете білмейтіндігін, саны өте аз мұсылман депутаттарының жұмысы аса көптігін айта отырып, құралақан біз түгіл ноғай туғандарымыз да депутаттарының қасына жәрдемшіге кісі қосып жатыр. Түрлі мәселелер туып, басы-қасында кісіміз жоқ болып тұрған кезде, мұсылман фракциясына көмектесетін, қазақ жұмыстарын бірге кеңесетін ақылшы адам керектігін, ол үшін екі мың сом шығаруға уағда қылатынын, оны «Қазақ» басқармасына жіберетінін айтып және қазақ атынан фракцияда қызмет қылуға Әлихан Бөкейхановты қалаймыз әрі бұл істі оның атқаруын өтінеміз деп жазған болатын. Бұдан кейін Орал, Торғай облыстарының бірсыпыра зиялылары да бас қосып, бюроға Әлихан Бөкейханды жіберуге келіседі. Бұлардан басқа да бюроға келген хаттарда Әлихан барса жарайды деген тілектер айтылғаннан кейін ол ризашылығын білдірген еді. 1917 жылғы «Қазақ» газетінде басылған «Бюроға екінші кісі қою туралы» деген бір топ кісілердің Түркістан өңірінен жазылған хатында «былтыр бюроға Әлиханды жұрт қалағанда, ол «Түркістан жағының жай күйіне аса жетік емеспін, сондықтан да Түркістан өлкесінің өзінен бір адам бюрода болуы жөн» деген екен. Осыдан кейін біз Мұстафаға хабарласып едік, ол уақытының жоқтығын, қолының тимейтінін айтқан еді. Биыл Қ.М.Тевкелевпен келгенінде тағы осы мәселе әңгіме болғанда, қолдан келген қызметтен тартынбаспын депті». Әңгіме 1916 жылғы 10 тамызда Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Мемлекеттік Думаның жанындағы Мұсылман фракциясының Құтлық Мұхаммет Тевкелев жетекшілік еткен, құрамында фракция мүшесі Шәкір Мұхамедияров және депутат Александр Керенский бар делегацияның Түркістан өлкесіне келгені туралы болып отыр. Оған Мұстафа Шоқай аудармашы, хатшы және маман зерттеуші ретінде шақырылып, Самарқан, Ферғана және Сырдария облыстарында болған. Мұсылман фракциясы мәселені тікелей шешуге өкілеттігі болмаса да, халықтың арыз-шағымдарын, өтініш хаттарын фракцияға, сол арқылы депутаттарға жеткізуде, оларды қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп отыруда үлкен рөл атқарған. Мемлекеттік Думадағы Мұсылмандар фракциясы бюросындағы қызметінде Мұстафа Шоқай депутат-мұсылмандар мен фракция мүшелеріне Түркістан туралы және өлкеге қатысты басқа да қажетті түрлі материалдар, баяндама мәтіндерін даярлапты. «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбегінде бұл туралы былайша жазылған: «Түркістан туралы материалдар жинайтынмын әрі Мемлекеттік Думадағы мұсылман өкілдеріне Түркістанға қатысы бар, қажетті материалдарды дайындап беретінмін. Революция қарсаңында бітірген соңғы ісім – депутаттардың Дума мінбесінен сөйлеуге қажетті 1916 жылғы бүкіл Түркістан көтерілісі туралы материал әзірледім әрі мұсылман тобы атынан сөйлейтін депутат Мұхаммад Юсуф Жағыфардың сөзін жазып бердім». Орыс патшасы II Николайдың 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығының шығуынан бастап Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары Батыс майданы шебінде болып, жергілікті жерде көптеген шараларды жүзеге асырды. Олар майданның қара жұмысына алынған қазақ азаматтарының жол бойында және барған жерлерінде тиісті медициналық көмек алуы, жалпы жағдайы туралы «Қазақ» газетіне тұрақты жазып та тұрды. Бұл бағыттағы жұмысқа М. Шоқай да тартылған болатын. Мысалы, «Жұмысшылар жайынан» атты Петроградтан 29 қазанда жазылған мақалаға Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай қол қойып, онда Павлодардан 685 және Семейден 463 жұмысшының Петроградта күтіп алынғандығы, олардың Псков пен Гатчинаға кеткендігі туралы, бұларды жіберудегі ел ішінде орын алған әділетсіздіктерді, «елдегі байлар, мүше тістеп жүрген мырзалар туралықтан тайып, малының арқасымен от басында қалса керек» деп жазған. Мұндай ақпарат дайындауға кейде Мұстафа Шоқай жеке қатысып отырған. Осындай тақырыппен 15 қарашада жарық көрген оның мақаласында Павлодар мен Семейден қара жұмысқа тартылған жұмысшылардың жағдайы баяндалады. 1917 жылдың 2 наурызында Минскіде жұмысшы әскерлерге көмек беру жұмыстарын басқарып жүрген Әлихан Бөкейханның қазақтарды майдан маңындағы жұмыстарға жұмылдыру, өзіне тиесілі жұмыстың бастан асып жатуына байланысты Мұстафа Шоқайды Минскідегі өзінің орнын басу үшін шақыруы өзінен мүшел жастан астам кіші, 26 жасар шәкіртіне көрсеткен үлкен сенімі де болатын. Алайда екі қала арасындағы жол жабық болғаннан кейін Мұстафа Минскіге бара алмады. Мария Шоқай «Менің Мұстафам» атты естелігінде Мұстафаның Петербургтегі кезінде түрік халықтарының саяси өміріне жіті араласқанын айта келіп, Еділ татарлары, Қырым татарлары, Кавказ халықтары, Орал башқұрттары оған түрлі саяси міндеттер жүктейтінін, оның бұл міндеттерді өте жақсы орындап отырғанын жазған болатын. Мұстафа Шоқайдың қажырлы еңбегін, терең білімін, саяси сауаттылығы мен ерекше іскерлігін байқаған мұсылман депутаттары оған әріптес ретінде де қараған көрінеді. Патша жарлығына сәйкес Түркістанның Думаға өкіл жіберуге рұқсаты жоқтығынан Мұстафаны Уфа уәлаятынан сайлау ойластырылған еді. Уфа уәлаятының помещигі, қазақ сұлтандарының бірі С.Жантөрин (Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, белгілі саяси қайраткер – Ә.Б.) оған өз иелігіндегі жерін сыйлап, Дума мүшелігіне кандидатурасын осы өлкеден ұсынуға келісім берген екен. Міне, Петербургтегі студенттік кездер, содан кейінгі саяси қызмет Мұстафа Шоқайдың жаңа саяси университеті болса, оның тәлім алар басты ұстазы – Әлихан Бөкейхан болған еді. 1917 жылғы наурыздың соңғы күндерінде Мұстафа Шоқай Ташкенттен жеделхат алады. Онда Ташкентке шақырылғаны және жолда Орынборда өтетін Торғай облысы қазақтарының құрылтайына қатысуы, онда Түркістан туралы сөз сөйлеуі керектігі туралы жазылған болатын. Бұл Әлихан Бөкейханның ұсынысы еді. Содан Мұстафа Шоқай Петербургтен 1-14 сәуір аралығында Орынборға қарай жол тартты. Мұстафа Шоқай Түркістанға барар жолда Орынборда өткен Торғай қазақтарының құрылтайына қатысады. Бұл алдағы жалпы қазақ құрылтайын өткізуге дайындық мәселелерін қараған, көрші облыстардың қазақтары қатысқан ен алғашқы құрылтай болатын, сондықтан оны кейін «Қазақ халқының тұңғыш съезі» деп атап кеткен еді. Мұстафа Шоқайдың мұнда сөз сөйлегені туралы қолымызда ақпарат жоқ. Дегенмен Түркістан аймағы жайын ешкімнен кем білмейтін оның сөз сөйлеуі де мүмкін. Түркістанға барар жолда Мұстафа Шоқай екі күн өзін Түркістан өлкелік атқару комитетінің бірінші құрылтайына делегат етіп сайлаған Ақмешітте аялдап, ал Ташкентке келгенде саяси қозғалыстың қайнаған қазанына түсіп, мұндағы Уақытша үкіметтің және жұмысшы-солдат депутаттарының, т.б. әртүрлі құрылымдар арасындағы талас-тартыстың бел ортасында болады. Түркістандағы ұлттық қозғалыстың бірден-бір дем берушісі әрі Қоқан автономиясының басты ұйымдастырушысы болған Мұстафа Шоқайдың ел арасындағы белсенділігі мен беделі туралы Украина халық республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі А.Я. Шульгиннің: «Жастығына қарамастан (ол кезде отызға да толмаған еді) ол қайта өрлеген Түркістанның нағыз көсемі бола білді» деген сөзі айқын баға болатын. Ертеде Алаш атауы Еуразиялық кеңістікте орасан зор аймақты қамтыған. Өз ұлтының азаттық күресін тиімді басқару үшін оның тарихына ерекше көңіл бөлген Әлихан Бөкейхан «Қазақ тарихы» атты еңбегінде «Алаш» сөзінің шығу төркінін сонау Шыңғысхан дәуіріне апарып, Сібірдің күнбатыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін басқарған Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болғанын айтады. Сондай ақ, «Алаш партиясы» атты мақаласында ол: «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр» деп жазуы да орынды болатын. Ал 1937 жылдың 6 тамызында Мәскеудің Бутырка түрмесінде ОГПУ тергеушісіне берген жауабында Әлихан Бөкейханның: «Біздің «Алаш» партиямыз басқа саяси партиялармен саяси блок құрды (Татарстан, Башқұртстан және т.б.). Құрылтай жиналысынан орыстың буржуазиялық партияларымен уәжге келе отырып, Ресей буржуазиялық демократиялық мемлекетінің құрамында ұлттық облыстардың автономиясын бірігіп талап ету – осы бірігудің басты мақсаты болды» деп жауап беруі де жайдан жай емес еді. Бұдан отаршыл Ресейдің империясы құрамындағы түркі мұсылман халықтарына азаттық идеясының ортақ болғанын түсіну қиын емес. Ал Алаш атауын Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы өзінің «Алаш» атауы қақында» атты мақаласының қорытындысында сонау б.ж.с. III-XII ғ.ғ. аралығына апарады. Міне, көріп отырғанымыздай, «Алаш» атауы әуелде орасан кең мағынаға ие болған. Мұстафа Шоқай Орынбордағы Екінші бүкілқазақ құрылтайында Алашорда Ұлт Кеңесінің және үкіметінің құрамына кіріп, Сыртқы Істер министрі болып сайлануы, бір жағынан, Алашорда мен Түркістан Үкіметінің тұтастығын көрсетсе, екінші жағынан отызға да тола қоймаған Мұстафаға көрсетілген зор құрмет болатын. Мұстафа Шоқай Екінші жалпықазақ құрылтайының делегаттарын Түркістанмен бірге болуға шақырғаны белгілі. Бұл мәселе Құрылтайдан кейін өткен алғашқы жиналыста арнайы қаралады. Жиналыс қайсы автономияға қосылу туралы мәселені Сырдария қазақтарының өздері шешсін деп тапты. Өзі барынша сыйлайтын Әлихан Бөкейхан жан-жақты түсіндіріп, мәселені асықпай бірте-бірте шешудің қажеттігін байыптап айтқаннан соң Мұстафа Шоқай ұстазының аталы сөзіне тоқтады. Содан Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай Сырдария облысы қазақтарының құрылтайын шақыру туралы жеделхатқа бірге қол қойып, қалың қазақтың тұтастығын сақтауды ойлағандары белгілі. Мұстафа Шоқай «Бірлік туы», «Қазақ» газеттерінде Сырдария қазақтарына үндеу жариялап, онда «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айырылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешіктірмей Алаш туының астында жиналар деген үміттеміз» – деп, жазған еді. Сырдария қазақтарының съезі 6-9 қаңтарда Түркістан шаһарында өтеді. Оған Түркістан уезінен 20 өкіл, Ақмешіт уезінен – 5, Шымкент уезінен – 10, Әулиеата уезінен – 3, Ташкент уезінен – 9, Алашордадан – 3 өкіл, арнайы шақырылғандардан 14 адам келеді. «Егер біз алты миллион Алаш баласы айырылмай бас қоссақ, іргелі ел болғанымыз, бас қоса алмай бытырап, бет-бетімізге кетсек өмірге іргелі ел болмай, кім көрінгеннің қолында кетуіміз ықтимал. Атамыздың мақалы бар: «Пайданы басқа, бастан соң досқа» деген. Әуелі өзіміз бас қосайық, мұнан соң басқа бауырлармен бірігу жағын қарайық» – деп, Мұстафа Шоқай Сырдария қазақтарының бірден Алаш автономиясына қосылуын қуаттайды. Алайда Сырдария құрылтайы сол кезде қалыптасқан әртүрлі саяси жағдайды ескеріп, әзірше Сырдария облысы Түркістан автономиясында болуы себепті осы құрамда қалсын деген шешім қабылдаған болатын. Дегенмен «қайта өрлеген Түркістанның нағыз көсемі бола білді» деген бағаны Мұстафа Шоқайға қиғысы келмей, «Қоқан автономиясын немесе Түркістан мұқтариятын құру туралы бастама да, түпкілікті шешім де Қоқан қаласындағы Мұсылмандардың IV Жалпытүркістан құрылтайында емес, Бүкілресейлік Уақытша үкіметінің Торғай облысы бойынша қомиссары Әлихан Бөкейханның Орынбордағы кеңсесі резиденциясында қабылданған» – деп жазылып жүрген жайттарға түсінбегенімізді жасыра алмаймыз. Біріншіден, Мұстафаның өзі сонау гимназист кезінен ерекше ықпалын ұмытпаған, кейін де қағидатты мәселелерде ылғи ұстазы санаған, Түркістан өлкесіндегі саяси жағдайды бір адамдай білген Әлихан Бөкейхан мұндай нақты тапсырма бермес еді. Екіншіден, Мұстафа Шоқай Екінші жалпықазақ съезінде мәлім еткенге шейін делегаттар Қоқан автономиясының жарияланғаны, оның үкіметінің сайланғанынан хабарсыз болатын. Бұл туралы М.Дулатұлы ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында: «Қоқанда Түркістан елінің де съезі болып, Түркістан ұлт автономиясы үкіметін құрған екен. Ол жөнінде біз съезде білдік» деген. 1917 жылғы сәуірдің басында Түркістанға кетер алдында танысқан, сол кезде Петербург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төрағасы Николай Семенович Чхеидзе Мұстафа Шоқаймен сұхбат барысында оның немен айналысып жүргенін сұрағанда Мұстафа Шоқай: «Біз Түркістанның автономия алғанын қалаймыз. Сондықтан автономияға әзірлік жасап жатырмыз»,– деп жауап қатқан болатын. Рахатынан азабы, қуанышынан қайғысы мол ғұмырында Мұстафа Шоқай өзіне ылғи қамқорлық жасаған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының басшыларын аса жоғары бағалаған. Оларды ұлт зиялыларының көшбасшылары, ұлы тұлғалар деп сан рет еске алып, аға тұтып ардақтап, құрмет көрсетіп, оларға көлеңке түсіруге тырысқандармен күреске бар күш жігерін салғаны аян. 1931 жылы жазылған «Ұлттық зиялы жөнінде» деген мақаласында Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлын – «атамекенімізді қара түнектен жарық дүниеге алып шығу жолында ұмытылмас қызметтер көрсеткен ...қоғам қайраткерлері» деп жазды. Мұстафа Шоқай «Қырғыздардың аштығы» (Голод у Киргиз) атты 1926 жылы 19 қаңтарда Париждегі «Дни» газетінде басылған мақалада Ахмет Байтұрсынов туралы: «Бұл қырғыз (қазақ) қайраткерлерінің ең танымалдарының бірі, ол қандай лагерде болса да, біздер, қырғыз қызметкерлері, оның таза ниетіне күмәндана алмаймыз» дей отырып, осы мақалада аталған Ленинге жазылған хатқа А.Байтұрсыновтың қатысы бар сияқты дейді. Шынында да, Қазақстанның ащы шындығы айтылған бұл хатты 1920 жылы А. Байтұрсынов жазған болатын. Мұстафа Шоқай Алаш жетекшілері құрған «Алаш» партиясын да шырылдап қорғағанын айтпай кетуге болмайды. 1935 жылы Алматыда шыққан «Алашорда тарихы төңірегінде» атты кітаптың авторлары С.Брайнин мен Ш.Шафиро Алаш қозғалысын шама-шарықтарынша большевиктік тәсілмен талдап, бағасын бергеннен соң, оқырмандарды осы қозғалыстың кейбір құжаттарымен, соның ішінде пайдасыз болмас деп «Алаш» партиясының бағдарламасын түгелдей кітапқа кіргізіп, таныстыруды мақсат еткен еді. Бұл қадамдары өздеріне бәле болып жабысты. Өйткені бұл бағдарламаның коммунистік партияның бағдарламасымен үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын. Мұны білген «Правда» газетінің «көзіқарақтылары» ашу-ыза шақырып, кітапты түгелдей «Алашорда ақтаушысы» деп атады. Осы мәселені Мұстафа Шоқай «Жалалар мен жалғандарға тойтарыс» деген мақаласында саяси сынның басты нысанасына алған еді. Сонан соң кітаптағы «Алаш» партиясының Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сияқты басшылары 1916 жылғы көтеріліс кезінде «қазақтардан жұмысшы алынған кезде байлардың балаларын құтқарып, олардың орындарына кедейлерді жіберді» деген сөздерде «шындықтың жұрнағы да жоқ» деп жазды. Тағы да басқа мәселелер төңірегінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы тәрізді «Алаш» партиясы лидерлеріне арсыздықпен жала жапқандарды нақты мысалдар келтіре отырып, аямай масқаралаған болатын. Сөз соңында энциклопедиялық білімдарлар берісі қазақ ұлтының, арысы Ресей отаршылдығының азабын шегіп отырған түркі тектес халықтардың азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен, осы жолда бар ақыл-парасатын, қажыр-қайратын еш аямаған, ғұмырларын да құрбан еткен, бірі – Алаш ұлт азаттық қозғалысының басты жетекшісі Әлихан Бөкейхан мен осы қозғалыстың оңтүстік қанатының басшысы Мұстафа Шоқайдың әрқайсысы бай мұра мен асқақ идеялар ғана қалдырған жоқ, сонымен қатар саяси күрес кеңістігінде бір-бірлерін қастерлеп өтті, кемеңгерлік қарым-қатынастың өшпес өнегесін де көрсеткен болатын.  

Әбдіжәлел Бәкір,

саяси ғылымдарының докторы,

профессор