14 Маусым, 04:30 785 0 Қоғам "Түркістан" газетінің авторлары

ОРАЗА АЙТ ҚҰТТЫ-БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН!

Қадірменді қауым!

Баршаңызды мұсылман үмбетінің ұлық мейрамы – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын. Қасиетті жұма күнімен қатар келген айт мейрамы құтты-берекелі болғай!

Біздің халқымыз рамазан айын ежелден ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп қадірлеген. Ал мереке күндері ағайын-жұрт бір-біріне «айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Ағайын-туысқа айттап бару, балалар мен қадірлі қонақтарға айттық беру – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр.

Ораза айт – қонақжайлылық пен­ мейірбандықтың, достық пен тату­лық­тың мерекесі. Ізеттілік пен ізгілікке, бірлік пен игілікке үндейтін бұл мейрам елімізде тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстарды да ынтымаққа ұйыстыра түседі.

«Айт» – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген сөз. Демек, бұл күндері отбасын, ағайын-туыс, көршілер мен көмекке мұқ­таж жандарды қуанышқа бөлеп, ал­ғы­сын алудың – сауабы үлкен. Жабыққан жанның көңілін жадыратып, шаңырақты шат-шадыман күйге бөлеп, сыйлық үлестіру де – мерекенің сәнін келтіре түсетін ізгі амалдың бірі.

Ұлық мейрамда толық жуынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Айт намазына барудан бұрын құрмадан дәм тату – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы.

Ораза айт – бір ай бойы төзімділік танытып ауыз бекіткен, ықыласпен қайырымдылық жасаған пенденің құрмет пен марапатқа, қуаныш пен сауапқа кенелетін сәті.

Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...», – деген.

Құрметті бауырлар!

Мұсылман қауымының осынау шуақты мейрамында әрбір шаңыраққа баянды бақыт, Алланың амандығы мен берекетін тілеймін.

Қасиетті рамазан айында ұстаған оразамыз, жасаған әрбір қайырлы амалдарымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болсын!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Алланың сыйы – Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы,

Бас мүфти

Соңғы жаңалықтар