Тіл деп шыр-пыр болған...
Қазақ тілінің мәселесі – бір күндік шара емес. Әр өңірде ана тілінің ахуалына алаңдап, шыр-пыр болып жүрген жанашыр жандар жетерлік. Соның бірі – Павлодар қаласындағы қазақ тілінің мүшкіл халін барынша түзеуге тырысып жүрген Руза Бейсенбайтегі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Кереку өңiрiндегi газетiмiздiң тұрақты оқырманы «Павлодарлифт» ЖШС мекемесiн қазақ тiлiн аяққа таптағаны үшiн сотқа берiп, жеңiске жеткен едi. Түбiртекте өзiнiң аты-жөнiнiң үнемi қате жазылатынын және қызмет түрiнiң тек орыс тiлiнде ғана көрсетiлетiндiгiне шағым түсiрген ол бұл табысын қазақ тiлiнiң жеңiсi деп бағалаған. Қазақ тілі үшін талай жылдан бері күресіп жүрген Руза Бейсенбайтегі бір табанды күрескер. Мемлекеттік тілдің мүддесін жоғары қоятын жанашыр қандай оқиғаға тап болмады дейсіз. Ол қазақ тілін менсінбеген дәріхананы да, аялдама атауларын мемлекеттік тілде хабарламаған қоғамдық көлік мекемесін де, үнемі орысша әуен қосатын «Ласточка» базарын да сотқа сүйреді. Әрі қарай әңгімені Руза Бейсенбайтегі былай деп жалғастырды: «Шыдамым шегіне жетті. Мемлекеттік тілді қашанғы табанға таптайды? Қашанғы «орысша сөйле» деп қақылдап тұрады. Бұлармен қалай күресуге болады? Тіпті, күш қолдануға дейін барды. Қоғамдық орындарда қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етсем, несі айып? «Бақауов, қазақ тілін қорлатпа!» деген ұранмен акцияға шықтым. Себебі біраз уақыт бұрын Жасқайрат Қайыров деген жергілікті полиция басшысы «Біз барлық полиция қызметкерлерін шақырып, барлық тұрғын қазақ тілінде сөйлеуге, қазақ тілінде жауап алуға құқылы екенін айтамыз. Тілге байланысты дау шықса, оқиға орнынан барып шешеміз» деген еді. Арада бір апта өтсе де, ешқандай нәтиже болған жоқ. Жергілікті билік пен жергілікті полиция құрғақ сөзбен жылы жауып қоюға үйренген. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа екі рет телефонограмма жібердім. Екеуі де қоғамдық көлікте аялдамаларды, жол ақысын төлеуді қазақ тілінде айтуды сұрағаныма байланысты. Біріншісінде егер полиция қызметкерлері келмесе, автобустың астына түсемін деп айттым. Ал екіншісінде акция жасағалы жатқанымды хабарладым. Себебі қолымда қазақ тілінде қызмет көрсетуін сұрағаным үшін мені автобустан сүйреп шығарған, телефонымды тартып алған видеолар бар. Сол видеоларды полицияға көрсетпек болғанмын. Алайда олар мені мазақ қылғысы келді. «Бізге ешқандай тапсырма берілген жоқ, ештеңе істей алмаймыз» деп бедірейіп тұр. Біз талап етпесек, қазақ тілі қорлана береді», – деп күйінішпен аяқтады сөзін Руза Бейсенбайтегі. Керекудегі қазақ тілінің жағдайының мәз емес екендігі осындай жайттардан-ақ аңғарылса керек. Ол ол ма, дүкенде сатушымен қазақ тілінде сөйлескен Руза Бейсенбайтегіне: «Неліктен орыс сатушыдан кәмпитті қазақша сұрайсыз?» деп тергеп қана қоймай, облыс әкімшілігі алдында жазалануын сұрайтынын жеткізіпті. Қалада бас сұққан дүкеннің бәрі: «Говорите на нормальном русском языке», «Может на литовский перейдем», «Вы провокатор, националистка. Зная русский почему-то всех будоражите своим казахским языком» деп тойтарыс жасап, есіктен шығарып салатын көрінеді. Тіл жанашырының айтуынша, Павлодардағы Ленин көшесіне – Астана, ал Кутузов көшесіне Тәуелсіздік атауы беріліпті. «Мұның өзі көктемде ономастика мәселесіне байланысты өткен отырыста айтылды. Ал қоғамның басқа саласында әзірге айтарлықтай нәтиже жоқ. Меніңше, бұл жұмысты облыстың атауын ауыстырудан бастаған жөн. Кейбір мамандар «Баянтау» деп атайық десе, енді бірі «Ертіс», тағы бірі «Сарыарқа» дейік деген ойын білдіреді. Дәл осындай 19 атаудың жобасы ұсынылды. Сорақысы сол, жергілікті атқамінерлер мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған іс-шараларды атқаруға келгенде немкеттілік танытатындай. Мына түрімізбен елімізде қабылданған «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша 2020 жылы да халықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі мүмкін емес сияқты көрінеді», – дейді ол. Ал Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласының бұған дейін орысша аталып келген 60 көшесінің 58-і қазақшаланғанын сүйіншілеген жұрт көп. Нақтырақ айтсақ, «Капцевич», «Комсомольская», «Черемушка», «Трудовая» секілді көшелер Оқжетпес, Әлдебек би, Бапан би, Үмбетей жырау, Б.Әшімов деген атауға ие болды. Белгілі ақын Алмас Темірбайдың айтуынша, былтыр облыс бойынша 200-дей көшенің атауы ауысты. Оның ішінде аудан атаулары да бар. Әйтсе де, мұның өзі оңайға соқпаған. «Кеңестік кезеңде Көкшетау қаласында қойылған атауларды ауыстырудағы күресіміз нәтижелі аяқталды. Жиында қазақтың мысы басып тұрды. Көпшіліктің қолдауымен, депутаттардың дауысқа салуымен күн тәртібіне қойылған 60 көшенің 58-нің атауы қазақшаланды. Негізі біле білген адамға 58 көшенің атын ауыстыру да аз жеңіс емес. Шынымды айтсам, біздің басты мақсатымыз орындалды. Бұған дейін Facebook пен Instagram желісінде жарияланған посттарда орыстар мен орыстілділер «Көше атауларын неге өзгерте бересіздер?!», «Қаражатты басқа мақсатта жұмсайық, көше аттары солай қала бергені дұрыс» деген сыңайда керітартпа пікір білдірген болатын. Сондай-ақ, олар «Капцевич деген көшені қазақшалап не керек? Ол – Көкшетау қаласының негізін қалаушы» деп айтқан еді. Шын мәнінде, Капцевич деген отарлаушы орыс әскерінің қаныпезер генералы болғанын, ол туралы Гоголь мен Герценнің өзі сыни мақала жазып, теріс пікір білдіргенін олар қаперлеріне алғысы келмейді», – дейді ақын. Иә, көше аттарын ауыстыру мәселесі көтерілсе болды, қала қазынасының ақшасын қызғыштай қорғап, қабырғасы қайыса қалатын азаматтар баршылық. Олардың пікірінше, бюджеттен қыруар қаржы бөліп, көше аттарын ауыстыру құр шығын. Әйтсе де, сала мамандары бір көшенің атауын өзгертуге небәрі 300 мың теңгедей қаражат жұмсалатынын айтады. Бұл жыл сайын жаңа жыл қарсаңында алаңға тігілетін шырша бағасымен салыстырғанда, қара бақыр екенін біле ме екен?! Бұдан бұрын өңірде тіл үшін күресіп жүрген азамат Ақмола облысы, Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы 32 көшенің атауы қазақшаланғанын әлеуметке жеткізген еді. «Алаш жұрты, сүйінші! Абылай ханның ордасы болған Бурабай ауданының 32 көшесі қазақшаланды. Біраз орыс ұлтының өкілдері қарсы шығып еді, оларға жергілікті билік өкілдері қанағаттанарлық жауап беріп, тұқыртып отырды. Біз Көкшетаудан бір топ жігіт (ақын, әнші, актер, асабалар) барып, осы тарихи сәттің куәгері болдық. Қанша орысы көп аймақ десек те, ел ішінде қазақ тілінің ахуалына жаны ашитын азаматтар бар екен. Риза болдық. Алла қуанышымызды ұзағынан қылғай!» деп халықтан сүйінші сұраған. Бұл игі үрдіс былтыр Қарағанды облысында да жалғасын тапты. Қарағанды облысының ономастикалық комиссиясының кезекті отырысында Нұр ауданындағы екі елді мекеннің және Осакаров ауданында тағы бір елді мекеннің атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, күн тәртібінде Нұр ауданында орналасқан 47 көшенің атауын өзгерту мәселесі қаралды. Комиссия 45 көшені өзгерту туралы шешіммен келісіп, бірақ екі көшенің атауын сол күйі өзгеріссіз қалдырған-ды. Осылайша, Нұр ауданындағы Щербаков ауылы Қайнар ауылы, Киевка ауылы Нұра ауылы болып, ал Осакаров ауданындағы Дальнее ауылы Аманқоңыр ауылы болып өзгертілді. P.S. Әрине, мұндайда «Көш жүре түзеледі» дейміз. Бірақ кеңестік кезеңдегі жер-су атауларынан арылуға асықпайтын кейбір өңірлер бұл көшке ілесе де алмай келеді. Ал шын мәнінде, Тәуелсіздік жолында күресіп, сол жолда құрбан болған тұлғалардың атын ұмытып, өзге елдің азаматтарының атын ұрпақ санасынан шығармауға тырысу азаматтығымызды ардақтай алмай жүргендігіміздің дәлелі. жақсылықтың нышаны емес. Әсілі, қазақ даласындағы әрбір түйір тастың, сылдырап аққан бұлақтың қазақша атауы бар. Тек сол бағзы атауларды қайтарып алсақ, қанекей?! Бұл қазіргі тілмен айтқанда, рухани жаңғырудың нағыз мысалы емес пе?!