Керітартпа көптің күңкілі таусылмайды

Керітартпа көптің күңкілі таусылмайды

Керітартпа көптің күңкілі таусылмайды
ашық дереккөзі
Еліміздің солтүстік өңірінде әлі күнге мемлекеттік тіл үстемдік ете алмауда. Себебі көше, мекеме атауларын қазақшалау ісіне соңғы жылдары ғана қан жүгіре бастаған. Оның өзінде көбіне бұл жергілікті қоғам белсенділері мен тіл жанашырларының тынбай әрекет етуінің нәтижесінде жүзеге асып отырғаны белгілі. Ал кейбір аймақтағы шенеуніктер екі шоқып, бір қарап, жайбасарлыққа салынып келеді. Осыдан екі жыл бұрын республикалық ономастикалық комиссия 4 рет бас қосып, идеологиялық тұрғыдан ескірген 147 көшені, 32 мектеп пен мәдениет үйін, 85 теміржол станциясын қазақшалаған. Сол кезде елімізде Лениннің атында 352 көше бар екені жария етілді. Сондай-ақ, жалпы солтүстік өңірде 650 елді мекен атауының тек 35 пайызы ғана жаңа атауға ие болған еді. Мысалы, Қостанайдың Таран атындағы орталық көшесі Тәуелсіздік болып өзгерсе, Солтүстік Қазақстан облысында да елді мекендердегі ескірген атаулар жаңартылды. СҚО Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Ернияз Сұлтанов өңірде елді мекен атауларын қазақшалау жоспарлы түрде жүргізіліп жатқандығын атап өтті. «Сергиевка қаласындағы бір көшеге Сәкен Сейфулиннің, ал Явленко көшесіне Боранбай Әбішевтің есімі берілді. Қостанай облысындағы Талшық ауылындағы көшеге э.ғ.д. Кеңес Қажымардың есімін бердік», – деген-ді. Алайда бұл жүргізіліп жатқан шаралар теңізге тамған тамшыдай ғана. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ономастикалық базасында елді мекен, кітапхана, мектеп пен мәдениет үйі секілді нысандарды айтпағанда, елімізде Ленин атында 352 көше болса, Октябрь атында 275 көше, ал Советский атындағы 267 көше тіркелген. Бұл көшелердің атауы көбінесе Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы және Шығыс Қазақстан облыстарында жиі кездеседі. Ресми мәлімет бойынша, Қостанай қаласының тек 15 пайызы, Петропавл қаласының 12 пайызы, Шығыс Қазақстан облысы көшелерінің 18 пайызы ғана қазақшаланған. Ал атауларды қазақшалауға не кедергі? Бұл жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің бас сарапшысы Елерке Төрехан: «Біріншіден, елімізде 7 жыл көлемінде мораторий болды. Екіншіден, елді мекенде көшенің атауын ауыстыру үшін ең алдымен бір ай бұрын көше атауының өзгеретіндігін халыққа жариялайды. Олар белгілі бір жерге жиналады. Сол уақытта дауыс беру хаттамасы толтырылады, қол қойылады. Осы жерде көптеген азаматтар қарсылық білдіреді. Соның салдарынан көптеген көше атаулары ауыстырылмай қалады», – дейді. Шынында да, Шығыс Қазақтан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары көше атауын қазақшалауға келгенде сылбырлық танытып келеді. Бұл өңірлерді кеңестік кезеңнің елесі әлі кезіп жүр десек, артық айтпаған болар едік. Сорақысы сол, жұрт көкейінде жүрген мемлекеттік мәселені газет бетінде «Өскемен қашан рухани жаңғырады?» деген тақырыпта көтергені үшін өскемендік әріптесіміз қысымға ұшырай жаздаған. Мақалада облыс орталығындағы ономастиканың халі сөз болып, Өскемендегі 706 көшенің тек 82-сі, яғни 12 пайызы ғана қазақша атауларға ие екендігі тілге тиек етіліп, қаладағы Паровоз, Трактор деген секілді мән-мағынасы жоқ көшелердің орнына Әлихан Бөкейханов, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханов, Серік Ғабдуллин, Ғалым Байбатыров, Мүсілім Құмарбеков, Қанипа Бітібаева, Рүстем Есдәулетов секілді еліміз мен өңірімізге еңбегі сіңген тұлғалардың есімі берілсе деген ұсыныс айтылған болатын. Абырой болғанда, журналистер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділерінің жұдырықша жұмылуының арқасында қазақ тілінің мәселесі республикалық деңгейге бір-ақ көтеріліп, оң шешімін табуға септігін тигізді. Ал жақында өңір басшысы Даниал Ахметов «таяу уақытта Шығыс Қазақстан облысындағы бір ауданның аты қазақшаланатын болады» деп көптің көңілін көтеріп қойды. Қазіргі таңда облыста көшелерді айтпағанда, көптеген аудан мен ауыл атауларының өзі қазақ тілінде емес. Айталық Шемонаиха ауданында 11, Глубокое ауданында 17 ауылдық округтің атауы орыс тілінде. «Глубокое ауданында бірқатар атаудың орыс тілінде екені рас. Шемонаиха ауданында да жағдай осындай. Әрине, біз ономастикамен айналысуымыз қажет. Түптің түбінде, елді мекендеріміз тарихи атауын алады. Бұл Глубокое, Шемонаиха, Зырян аудандарына да қатысты. Бірақ бір ескеретін жайт бар. Мәселен, Шемонаиха ауданында 20 пайыз қазақтар болса, қалған 80 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Сондықтан да біз объективті болуымыз керек. Нақтырақ айтсам, сол аудан тұрғындарының мүддесін ескеруіміз қажет. Қазір осы бағытта жан-жақты талдау жүргізіп, атауларды қазақшаға ауыстыру мәселесімен айналысып жатырмыз», – деді облыс басшысы. Әрине, әкімнің сөзіне сенсек, өңірде ономастика мәселесіне байланысты тәп-тәуір жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Алайда мемлекеттік маңызы зор шараға келгенде неге жергілікті билік керітартпа көптің пікірімен санасуға мәжбүр? Тұрғындардың 80 пайызы – өзге ұлт өкілдері деп, күлбілтелесек, бұл мұз сірескен күйі қала бермек. Бізді құртатын жалпақшешейлік пен жалтақтық опа әкелмейтіні қоғамның кез келген саласында дәлелденіп жүр. Көңілге қарасақ, әлгі 80 пайыз басқа ұлт өкілдері сөзсіз келісім бермейтіні айдан анық. Задында, олар қазақ елінің топырағында түтін түтетіп, тіршілік кешіп отыр екен, сол мемлекеттің қолға алған әрбір ісіне қолдау білдіруі керек. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ал керісінше, кеңестік дәуір мен оның көсемдерінің атымен аталған көшелер Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл, Атырау мен Маңғыстау облыстарында мүлдем жоқ. Неге? Соңғы деректерге сүйенсек, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері 2500-ден аса атау өзгертілген. Оның ішінде 1107 білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау ұйымдары, 23 қала мен аудан атауы, 1361 елді мекен және 20 мыңға жуық көше атаулары қайта рәсімделген. Айталық, Жамбыл облысында тәуелсіздік жылдары мән-мағынасын жоғалтқан 1924 көше, 172 нысан, 146 елді мекеннің атауы жаңартылып, 2005 жылдан бастап 10 жылдың ішінде облыс бойынша 214 көшеге жаңа есім берілген. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 25 жыл ішінде 250 елді мекенге бұрынғы тарихи атаулары қайтарылып, көшелер мен нысандарға атау беру туралы 1500-ге жуық ұсыныс талқыланған. Алматы қаласында аз уақыт ішінде 158 көшенің аты өзгертіліп, 458 көше жаңа атауға ие болған. Байқасақ, оңтүстік өңірлерде, қазағы басым аймақтарда бұл мәселе ешбір дау-дамайсыз, рет-ретімен жүзеге асырылуда. Ал 26 жыл ішінде солтүстік, орталық, шығыс аймақтардағы мемлекеттік тіл еңсесін тіктей алмай келеді.

Тіл деп шыр-пыр болған...

Қазақ тілінің мәселесі – бір күндік шара емес. Әр өңірде ана тілінің ахуалына алаңдап, шыр-пыр болып жүрген жанашыр жандар жетерлік. Соның бірі – Павлодар қаласындағы қазақ тілінің мүшкіл халін барынша түзеуге тырысып жүрген Руза Бейсенбайтегі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Кереку өңiрiндегi газетiмiздiң тұрақты оқырманы «Павлодарлифт» ЖШС мекемесiн қазақ тiлiн аяққа таптағаны үшiн сотқа берiп, жеңiске жеткен едi. Түбiртекте өзiнiң аты-жөнiнiң үнемi қате жазылатынын және қызмет түрiнiң тек орыс тiлiнде ғана көрсетiлетiндiгiне шағым түсiрген ол бұл табысын қазақ тiлiнiң жеңiсi деп бағалаған. Қазақ тілі үшін талай жылдан бері күресіп жүрген Руза Бейсенбайтегі бір табанды күрескер. Мемлекеттік тілдің мүддесін жоғары қоятын жанашыр қандай оқиғаға тап болмады дейсіз. Ол қазақ тілін менсінбеген дәріхананы да, аялдама атауларын мемлекеттік тілде хабарламаған қоғамдық көлік мекемесін де, үнемі орысша әуен қосатын «Ласточка» базарын да сотқа сүйреді. Әрі қарай әңгімені Руза Бейсенбайтегі былай деп жалғастырды: «Шыдамым шегіне жетті. Мемлекеттік тілді қашанғы табанға таптайды? Қашанғы «орысша сөйле» деп қақылдап тұрады. Бұлармен қалай күресуге болады? Тіпті, күш қолдануға дейін барды. Қоғамдық орындарда қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етсем, несі айып? «Бақауов, қазақ тілін қорлатпа!» деген ұранмен акцияға шықтым. Себебі біраз уақыт бұрын Жасқайрат Қайыров деген жергілікті полиция басшысы «Біз барлық полиция қызметкерлерін шақырып, барлық тұрғын қазақ тілінде сөйлеуге, қазақ тілінде жауап алуға құқылы екенін айтамыз. Тілге байланысты дау шықса, оқиға орнынан барып шешеміз» деген еді. Арада бір апта өтсе де, ешқандай нәтиже болған жоқ. Жергілікті билік пен жергілікті полиция құрғақ сөзбен жылы жауып қоюға үйренген. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа екі рет телефонограмма жібердім. Екеуі де қоғамдық көлікте аялдамаларды, жол ақысын төлеуді қазақ тілінде айтуды сұрағаныма байланысты. Біріншісінде егер полиция қызметкерлері келмесе, автобустың астына түсемін деп айттым. Ал екіншісінде акция жасағалы жатқанымды хабарладым. Себебі қолымда қазақ тілінде қызмет көрсетуін сұрағаным үшін мені автобустан сүйреп шығарған, телефонымды тартып алған видеолар бар. Сол видеоларды полицияға көрсетпек болғанмын. Алайда олар мені мазақ қылғысы келді. «Бізге ешқандай тапсырма берілген жоқ, ештеңе істей алмаймыз» деп бедірейіп тұр. Біз талап етпесек, қазақ тілі қорлана береді», – деп күйінішпен аяқтады сөзін Руза Бейсенбайтегі. Керекудегі қазақ тілінің жағдайының мәз емес екендігі осындай жайттардан-ақ аңғарылса керек. Ол ол ма, дүкенде сатушымен қазақ тілінде сөйлескен Руза Бейсенбайтегіне: «Неліктен орыс сатушыдан кәмпитті қазақша сұрайсыз?» деп тергеп қана қоймай, облыс әкімшілігі алдында жазалануын сұрайтынын жеткізіпті. Қалада бас сұққан дүкеннің бәрі: «Говорите на нормальном русском языке», «Может на литовский перейдем», «Вы провокатор, националистка. Зная русский почему-то всех будоражите своим казахским языком» деп тойтарыс жасап, есіктен шығарып салатын көрінеді. Тіл жанашырының айтуынша, Павлодардағы Ленин көшесіне – Астана, ал Кутузов көшесіне Тәуелсіздік атауы беріліпті. «Мұның өзі көктемде ономастика мәселесіне байланысты өткен отырыста айтылды. Ал қоғамның басқа саласында әзірге айтарлықтай нәтиже жоқ. Меніңше, бұл жұмысты облыстың атауын ауыстырудан бастаған жөн. Кейбір мамандар «Баянтау» деп атайық десе, енді бірі «Ертіс», тағы бірі «Сарыарқа» дейік деген ойын білдіреді. Дәл осындай 19 атаудың жобасы ұсынылды. Сорақысы сол, жергілікті атқамінерлер мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған іс-шараларды атқаруға келгенде немкеттілік танытатындай. Мына түрімізбен елімізде қабылданған «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша 2020 жылы да халықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі мүмкін емес сияқты көрінеді», – дейді ол. Ал Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласының бұған дейін орысша аталып келген 60 көшесінің 58-і қазақшаланғанын сүйіншілеген жұрт көп. Нақтырақ айтсақ, «Капцевич», «Комсомольская», «Черемушка», «Трудовая» секілді көшелер Оқжетпес, Әлдебек би, Бапан би, Үмбетей жырау, Б.Әшімов деген атауға ие болды. Белгілі ақын Алмас Темірбайдың айтуынша, былтыр облыс бойынша 200-дей көшенің атауы ауысты. Оның ішінде аудан атаулары да бар. Әйтсе де, мұның өзі оңайға соқпаған. «Кеңестік кезеңде Көкшетау қаласында қойылған атауларды ауыстырудағы күресіміз нәтижелі аяқталды. Жиында қазақтың мысы басып тұрды. Көпшіліктің қолдауымен, депутаттардың дауысқа салуымен күн тәртібіне қойылған 60 көшенің 58-нің атауы қазақшаланды. Негізі біле білген адамға 58 көшенің атын ауыстыру да аз жеңіс емес. Шынымды айтсам, біздің басты мақсатымыз орындалды. Бұған дейін Facebook пен Instagram желісінде жарияланған посттарда орыстар мен орыстілділер «Көше атауларын неге өзгерте бересіздер?!», «Қаражатты басқа мақсатта жұмсайық, көше аттары солай қала бергені дұрыс» деген сыңайда керітартпа пікір білдірген болатын. Сондай-ақ, олар «Капцевич деген көшені қазақшалап не керек? Ол – Көкшетау қаласының негізін қалаушы» деп айтқан еді. Шын мәнінде, Капцевич деген отарлаушы орыс әскерінің қаныпезер генералы болғанын, ол туралы Гоголь мен Герценнің өзі сыни мақала жазып, теріс пікір білдіргенін олар қаперлеріне алғысы келмейді», – дейді ақын. Иә, көше аттарын ауыстыру мәселесі көтерілсе болды, қала қазынасының ақшасын қызғыштай қорғап, қабырғасы қайыса қалатын азаматтар баршылық. Олардың пікірінше, бюджеттен қыруар қаржы бөліп, көше аттарын ауыстыру құр шығын. Әйтсе де, сала мамандары бір көшенің атауын өзгертуге небәрі 300 мың теңгедей қаражат жұмсалатынын айтады. Бұл жыл сайын жаңа жыл қарсаңында алаңға тігілетін шырша бағасымен салыстырғанда, қара бақыр екенін біле ме екен?! Бұдан бұрын өңірде тіл үшін күресіп жүрген азамат Ақмола облысы, Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы 32 көшенің атауы қазақшаланғанын әлеуметке жеткізген еді. «Алаш жұрты, сүйінші! Абылай ханның ордасы болған Бурабай ауданының 32 көшесі қазақшаланды. Біраз орыс ұлтының өкілдері қарсы шығып еді, оларға жергілікті билік өкілдері қанағаттанарлық жауап беріп, тұқыртып отырды. Біз Көкшетаудан бір топ жігіт (ақын, әнші, актер, асабалар) барып, осы тарихи сәттің куәгері болдық. Қанша орысы көп аймақ десек те, ел ішінде қазақ тілінің ахуалына жаны ашитын азаматтар бар екен. Риза болдық. Алла қуанышымызды ұзағынан қылғай!» деп халықтан сүйінші сұраған. Бұл игі үрдіс былтыр Қарағанды облысында да жалғасын тапты. Қарағанды облысының ономастикалық комиссиясының кезекті отырысында Нұр ауданындағы екі елді мекеннің және Осакаров ауданында тағы бір елді мекеннің атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, күн тәртібінде Нұр ауданында орналасқан 47 көшенің атауын өзгерту мәселесі қаралды. Комиссия 45 көшені өзгерту туралы шешіммен келісіп, бірақ екі көшенің атауын сол күйі өзгеріссіз қалдырған-ды. Осылайша, Нұр ауданындағы Щербаков ауылы Қайнар ауылы, Киевка ауылы Нұра ауылы болып, ал Осакаров ауданындағы Дальнее ауылы Аманқоңыр ауылы болып өзгертілді. P.S. Әрине, мұндайда «Көш жүре түзеледі» дейміз. Бірақ кеңестік кезеңдегі жер-су атауларынан арылуға асықпайтын кейбір өңірлер бұл көшке ілесе де алмай келеді. Ал шын мәнінде, Тәуелсіздік жолында күресіп, сол жолда құрбан болған тұлғалардың атын ұмытып, өзге елдің азаматтарының атын ұрпақ санасынан шығармауға тырысу азаматтығымызды ардақтай алмай жүргендігіміздің дәлелі. жақсылықтың нышаны емес. Әсілі, қазақ даласындағы әрбір түйір тастың, сылдырап аққан бұлақтың қазақша атауы бар. Тек сол бағзы атауларды қайтарып алсақ, қанекей?! Бұл қазіргі тілмен айтқанда, рухани жаңғырудың нағыз мысалы емес пе?!