Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев:Абайды білу-біздің халқымызды білу

ашық дереккөзі

Нұрсұлтан Назарбаев:Абайды білу-біздің халқымызды білу

Өткен аптада Қытай еліне арнайы іссапармен барған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Қытай халықтық азат ету армиясының әскери оркестрі қазақ халқының «Гүлдерайым» әнімен қарсы алды. Әуелі Елбасы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда кездесу өткізсе, одан кейін екі елдің министрлері келіссөз аясында бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізді. Бұдан соң Қазақстан Президенті Қытай тарапына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылық білдіріп, дәстүрлі қонақжайлық көрсеткеніне алғыс айтты. – Ең алдымен, сізді жоғары мемлекеттік лауазымға қайта сайлануыңызбен және Қытай Компартиясының ХІХ съезін табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Бұл қытайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолындағы әлемдік мәні бар айтулы оқиға болды, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев «Қытай арманын» жүзеге асыру ісінде ел мемлекеттілігінің тірегі саналатын Қытай Компартиясы рөлінің артқанына тоқталды. Қазақстан Президенті 2012 жылдан бері жоғары деңгейдегі 18 кездесу өткенін айтып, Қазақ-стан – Қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. – Осы уақыт ішінде біз жалпы сомасы 67 миллиард доллар көлеміндегі екіжақты 127 құжатқа қол қойдық. Бізге осы диалогты жалғастыру қажет. Былтыр өзара сауда көлемі 11 миллиард долларға жуықтады. Бұл жердегі өсім 30 пайыздан астам. Екіжақты қатынасты ілгерілету үшін біздің бұдан да зор әлеуетіміз бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы төрағасының достық, тең құқылық, өзара ынтымақтастық пен егемендікті құрметтеу көршілік қатынастарды дәйекті дамыту ісіндегі жеке үлесін жоғары бағалай келе, «Сіздің Жібек жолының экономикалық белдеуін қалыптастыру жөніндегі бастамаңызды іске асыру барысында біздің ынтымақтастығымыз нығая түсті», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінде татулықтың үлгісіне айналған екіжақты ықпалдастықтың жоғары қарқынмен дамып, бірлескен инфрақұрылымдық бастамаларды, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын іске асыру ісінде өзара сенім мен ынтымақтастықтың нығайғаны белгілі. Бұл тұрғыда ҚХР басшысы Си Цзиньпин: «Біз адамзаттың ортақ тағдырын қалыптастыру жолында Қазақстанмен бірге болуға және адамзаттың жарқын болашағы үшін ақыл-ойымыз бен күш-жігерімізді жұмылдыруға дайынбыз. Қазақстан – Қытай достығының алып кемесін сізбен бірге басқаруға әзірмін», – деді. Екіжақты келіссөздер барысында Қытай тарапы Қазақстанның экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімін өз нарығына жеткізуге, энергетика саласындағы, мұнай-газ кешеніндегі, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық байланыстар, жаңа технологиялар мен цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытты. «Қытай – біздің сауда-саттығымыз бен өзара инвестициямызда маңызды орынға ие. Тәуелсіздік жылдарында Қытай біздің елімізге шамамен 17 млрд доллар инвестиция салды. Мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 10,5 млрд доллар, қытайлық дерек бойынша 18 млрд долларды құрап, өсім 33 пайызды құраған. Бүгінде Қазақстанда қытайлық компаниялардың қатысуымен экономиканың мұнай-газ, химия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп сынды түрлі салаларында 1200-ден астам кәсіпорын, сонымен қатар қытайлық ірі үш банк табысты жұмыс істеуде», – деді Елбасы. Ал екіжақты кездесулер барысында 13 млрд доллардан астам сомаға қырыққа жуық құжатқа қол қойылғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар Елбасы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен, іскер топ өкілдерімен де кездесті. Қытайға жасаған мемлекеттік сапарын қорытындылаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Кездесу барысында Си Цзиньпиннің «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деген Абайдың 37-ші қара сөзін қытайша айтып отырғаны әрине, жанымызға жағады. Бұл Абай бабамыздың халықаралық қатынасқа да өз әсерін тигізгенін білдіреді. Абайды білгеннен кейін біздің халқымызды білу деген сөз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан арқылы өтетін «Жібек жолы» Қытай мен Еуропаны жалғағанын, сол арқылы Қытаймен қарым-қатынасымыз ғасырлар бойы өрбігенін айтты. «Қазір де 14 мың қазақстандық жас Қытайда білім алып жатыр. Елшіліктің мәліметі бойынша одан да көп болуы мүмкін. Кеше бір топ жастармен кездестім. Қытай тілін оқуға олардың ынтасы зор. Болашақта Қазақстанда жұмыс істейтін Қытай компанияларында қызмет етуі үшін өзіміздің мамандар, тілмаштар қажет. Олар екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыратын болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сұхбат барысында Қазақстанның сыртқы қарызы туралы да сауал қойылды. «Бүкіл әлем бойынша біздің мемлекеттік қарызымыз ең төмен. Америкалықтардың қарызы 14 трлн долларға тең. Бұл ішкі жалпы өнімнен де жоғары. Германия қарызы жалпы ішкі өнімнің 90, Италияда – 120, Испанияда 100 пайызды құрайды. Ал біздің қарызымыз небәрі 13 млрд доллар ғана. Яғни, жалпы ішкі өнімнің 10 пайызынан да төмен», – деді Елбасы.

Саммит сәтті аяқталды

Бұдан соң Елбасы Н.Назарбаев Қытайдың шығысындағы Шаньдун провинциясының Циндао қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің мемлекет басшылары саммитіне қатысты. Жиын барысында Мемлекет басшысы және ресми делегация мүшелері жаңа жағдайға байланысты келешекте атқарылатын өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. «ШЫҰ-ның стратегиялық басымдығы саяси диалогты нығайту, сенім, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және біздің ұйым кеңістігіндегі дамуды жалғастыра беру болып қалуы тиіс. Осыған байланысты біз ШЫҰ мемлекеттерімен ұзақмерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы қабылданған шартты кезең-кезеңімен жүзеге асыруды қолдаймыз. Бұл біздің серіктестігіміздің негіз құраушы, құқықтық құжаты. Онсыз басқа да алған қойған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес. Бүгін біз қол қоятын шарттың ережелерін жүзеге асыру жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары осы жолдағы жол картасына айналады», – деді Елбасы. Саммит жұмысына толық құқылы мүше ретінде бірінші рет қатысып отырған Үндістан мен Пәкістан тараптарына ілтипат білдіріп, ұйымның бүкіл кеңістігінде саяси диалог пен сенімді нығайтудың, қауіпсіздік пен дамуды қамтамасыз етудің кепілі саналатын ШЫҰ мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімге арналған тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі шартын дәйекті жүзеге асырудың маңызды екенін айтты. – Елдеріміздің үш миллиардтық адами әлеуетінің жиынтық күшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық ынтымақтастығын жандандыру үшін пайдалану керек. Елдеріміз арасындағы сауда-инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды екі жақты деңгейден көп жақты деңгейге көшіруді қамтамасыз ету маңызды болып саналады. Біз Ұйым аясында жобаларды қаржыландырудың бірлескен тетіктерін қалыптастыруға және технологиялық ресурстарды жұмылдыруға шақырамыз, – деген Елбасы Назарбаев бірлескен заманауи өндірісті дамыту үшін және электронды сауданы кеңейту үшін ортақ платформа құру мақсатымен цифрландыру және жаңа технологиялар саласында тәжірибе алмасу жөніндегі алаң қалыптастыру идеясын талқылауды, Қазақстан Президенті сапалы экономикалық өсім үшін инфрақұрылымдық «мегажобаларды» жүзеге асыруды ұсынды. Бұл жобалар мультипликативтік әсердің қуаттылығын қамтамасыз етуге және ШЫҰ мүше мемлекеттердің ғылыми, қаржылық және адами әлеуетін жұмылдыруға мүмкіндік беруге тиіс. – «Бейжің – Астана – Мәскеу – Берлин» бағыты бойынша Еуразия жоғары жылдамдықпен жүретін теміржол магистралін жүзеге асыру осындай жоба бола алады. Бұл жобалардың іске асуы ШЫҰ – Еуразиялық экономикалық одақ ықпалдастығының перспективалық форматын, ал болашақта Еуропа одағымен де ынтымақтастықты қамтиды деп үміттенеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Қазақстан Президенті әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының үздік модельдерін негізге алған «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастағанын және оның Қазақстанның экономикасы мен ШЫҰ-на қарасты барлық елдің қаржы жүйесінің дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Мемлекет басшысы ШЫҰ елдерінің мәдени-гуманитарлық және ғылыми ықпалдастығы аясында былтыр Бейжіңде өзі айтқан Жібек жолы халықаралық ғылым академиясы бастамасын жүзеге асыру мәселесіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әрдайым жаһандық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге күш салып келе жатқанына басқосуға қатысушылардың назарын аударды. – Қазақстан Ауғанстанның экономикалық тұрғыдан орнықты және қауіпсіз дамуын қолдайды. Осыған орай біз көп жылдан бері Кабулға қаржылай көмек беріп келеміз, – деді. Сөз соңында Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге тиімді әрі табысты төрағалық еткені үшін алғыс айтып, Қырғызстанның да осылайша жемісті жұмыс жүргізуіне тілектестік білдірді.