Сағынтаев қатаң ескерту жасады

 Сағынтаев қатаң ескерту жасады

 Сағынтаев қатаң ескерту жасады
ашық дереккөзі
 Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бөлінген қаражатты игере алмай жатқан министрлерге ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Айта кетсек, бүгін Үкімет отырысында министрлер 2018 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің орындалуы туралы баяндама жасды. Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов құрылыс саласының даму жайы жыл бойы біркелкі емес серпінді көрсетіп отырғанын айтқан болатын. Министрдің айтуынша, құрылыс саласының өсу серпіні бірінші тоқсанда 5,9 пайызға ұлғайғанымен, қаңтар-мамырдың қорытындылары бойынша 0,3 пайызды, яғни нөлдік мәнге қарай жақындаған. Бәсеңдеу Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту бойынша, магистральді құбырлар мен өнеркәсіптік объектілердің, сондай-ақ «Әбу-Даби Плаза» көп функциялық кешеннің құрылысы бойынша жұмыстардың төмендеуімен байланысты болып отыр. Министрлердің баяндамасын тыңдаған Бақытжан Сағынтаев негізгі мәселені көлденең тартты. «Негізі, біздің мәселелердің барлығы тек қана құрылыста. 275 млрд теңге 2018 жылға қабылдаған болсақ, қалған міндеттемеміз - 178 млрд теңге. Яғни, алда әлі 100 млрд теңгеге міндеттемелер қабылдау керек. Оның ішіндегісі 5 айдың ішінде 42 млрд теңгенің ғана жұмысын атқарғанбыз. Ал уақыт өтіп бара жатыр. Қазан айынан бастап күн суытып, жол салу мәселесі, Жеңіс Махмұдұлы, басқа да құрылыстар мәселесінің бәрінде өте ауыр жағдай қалыптасады. Сонда қалай мұны игереміз?», - деді Үкімет басшысы. Бақытжан Сағынтаев егер де шын мәнінде қаржы игерілмесе, алты айдың қорытындысымен ақшаның бәрін кері қайтару керектігін атап өтті. «Бостан-бос ұстап отырғаннан гөрі, басқа министрліктердің тарапынан сұраныстар түсіп жатыр. Өзінің жолымен шығып, ақшаны уақытында тиімді игеру қажет. Жолдарға үлкен тапсырмалар болды, Жеңіс Махмұдұлы. Қауіп бар. Мәдениет және спорт министрлігі визит-орталықтарын соғып бітем дегенше туристік маусым өтіп кетеді. Әлі конкурс өтпеген. ЖСҚ-сы жоқ. Онда ақшаны неге сұрады? Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрлігі де... Қосымша міне, қаржы сұрап отырсыздар. 42 млрд деген дайын тұр, міне. Алу керек те - басқа салаға салу керек. Бәрібір одан пайда жоқ», - деді ол. Сөз соңында Үкімет басшысы министрлерге ескерту жасады. «Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет қаржыны бөлді. Парламент қолдады. Бюджет қабылданды. Бірақ, қаржы игерілмейді. Қашанғы күтіп отырамыз? Не экономикада өсім жоқ, не халықтың алдында айтатын сөз жоқ. Есеп берілген кезде бәрін де қатырып жатырмыз деп айтамыз. Одан кейін бәрі ұмыт қалады. Айтпады демеңіздер, құрметті әріптестер! Соңғы сөз - жарты жылдың қорытындысынан кейін бөлінген, алайда игерілмеген қаржы басқа салаға жұмсалатын болады. Ары қарай өздеріңіз білесіздер. Халық пен Елбасының алдында өздеріңіз жауап бересіздер», - деді Бақытжан Сағынтаев.