Балиева қызметінен босатылды
Балиева қызметінен босатылды
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімімен Қазақстан Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева қызметінен босатылды. Ақорданың хабарлауынша, бұл қызметке Сәуле Айтпаева тағайындалды.
Сәуле Айтпаева бұған дейін Қазақстан бас прокуратурасында қызмет атқарған.
Қазақстанда бала құқығы уәкілі 2016 жылы ақпанда құрылып, институтты осы уақытқа дейін Балиева басқарып келген.
Балиева бұл қызметте істегенде балалар үйлеріне тексеру жүргізуді азайтуды және оларға үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) кіргізуді шектеуді ұсынған.
Балиеваның жұмысы биыл наурызда ОҚО Сарыағаш ауданы Абай ауылындағы “сексуалдық зорлыққа ұшырады» деп сипатталған жеті жасар баланың оқиғасы кезінде де талқыланды. Зағипа Балиева Шымкентке келіп, «зәбір көрген» бала мен оның нағашы әжесін Астанаға алып кеткен. Баланың туысқандары «Балиева ұлды шешесіне бермей отыр» деп айыптаған. Қазақстандық желі қолданушылары Балиеваның жұмысын сынап, балалар омбудсмені қызметінен кетуді талап еткен.
Балиева бұл айыптауларға қатысты пікір білдірмеген. Тек «зардап шеккен бала» қайта тексерілетінін мәлімдеген. «Зорланған баланың» ісін бас прокуратура өз қарауына алғаны хабарланған. Қазір бұл іс қалай жүріп жатқаны белгісіз.