Жаңалықтар

Өзге ұлт өкілдері: Қазақ тілі – қасиетім менің

ашық дереккөзі

Өзге ұлт өкілдері: Қазақ тілі – қасиетім менің

Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне,  мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Осы орайда, өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болар деген ниетпен қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірнешеуін оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік. 

«Қазақтың сары баласы»

Қазақ тілін туған тіліндей сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің бірі – Максим Рожин. Ол – «Қазаэронавигация» мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз хатшысы. Максимді білетіндер оны «қазақтың сары баласы» деп атап кеткен. Журналистика саласында біраз жылдар еңбек еткен Максимнің қазақшасы кейбір қазақтарды да шаң қаптырады. Телевизия саласында табанды қызмет атқарған Максимді кейбіреулер фоторепортер ретінде де таниды. Шығармашылықтан алыстай алмайтынын білген еңбекқор жігіт телевизиядан кеткен соң, қолына фотоаппаратын алып, суретке түсірумен айналыса бастаған. Ол сапалы туынды жасау үшін білімнің қажет екенін жақсы түсінетіндердің қатарынан. Сондықтан да, қашықтан білім беру әдісі бойынша Нью-Йорк фотография институтына оқуға түскен. Максим – жан-жақты болғанды, өмірінде үнемі өзгерістер орын алғанын қалайтын жан.

«Қазақ тілі менің бойыма көшеде сіңді». Бұл – Максимнің үнемі айтатын сөзі. Максимнің отбасы 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс қаласына көшіп келген. Бірыңғай қазақ отбасыларының арасында тұрған екен. Сонымен қатар, Максимнің анасы да қазақтардың арасында өскен. Анасының қазақ тілін жетік меңгергені де Максим үшін үлкен көмек болған тәрізді.

– Максим, қазақша өте жақсы сөйлейсіз. Қазақ тілін қалай меңгердіңіз?

– Ауылда өстім. Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары болды. Жалғыз орыс отбасы біз ғана болдық. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал менің қазақ тілін еркін меңгеруіме араласқан ортам көмектесті. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Қазақ тілін өзім үйрендім. Және осы үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда. Менің анам да, қарындасым да қазақ тілінде еркін сөйлейді.

 Максим тіл білуді отбасындағы тәрбиемен байланыстырады. Оның отбасында қазақ тілін білуге, қазақтың мәдениетін құрметтеуге баса мән берілген. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін Максимді ата-анасы өз ана тілін ұмытып қалмасын деген ниетпен орыс мектебіне беріпті. Ал Максим ол мектептің тек орыс мектебі деген аты болмаса, онда тек қана қазақтың ұл-қыздары оқығандығын айтады. Мектеп қабырғасынан бастап «қазақтың сары баласы» қазақ тілін өте жақсы оқыған. Максим Рожин журналистика саласына да қазақ тілін білгендігінің арқасында келіпті. Негізгі мамандығы – еңбек пәнінің мұғалімі. Солай бола тұра, ол өзінің журналистикадағы орнын адаспай тапты. 2006 жылы саяси іс-шараға қатысқан Максим қазақ тілінде сөйлеп, журналистердің назарын өзіне аударған. Содан кейін Максимді отандық телеарналардың біріне қызметке шақырады.

Максим Рожин – қазақ тілінің бүгінгі тағдырына алаңдайтын азаматтардың бірі. Ол Алаш арыстарының қазақ елі мемлекет болып, байрағы көкте желбіреп, қазақ тілінің мәртебесі биік болса екен деп армандағанын үнемі айтып жүреді. Тәуелсіз ел атанған бақытты шақта қазақ тілінде сөйлей алмайтын азаматтардың да бар екеніне өкінеді. Ең бастысы, қазақ тілінің өрісін кеңейту үшін тілге қажеттілік болуы тиіс деп есептейді. Сондай-ақ, отбасында, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында қазақ тіліне баса назар аудару қажеттігін алға тартады. Максимнің айтуынша, қазақ тілін меңгеру үшін ең алдымен ниет болуы керек.

Қазақ тілінің қолданылу аясы төңірегінде сөз қозғағанда Максим мына бір мысалды тілге тиек етті: 

– Сеул университетінің С.Хун есімді профессоры Қазақстанға келіп, студенттерге корей тілін үйретіп жүрген. Сол уақыт аралығында профессор қазақ тілін жетік меңгеріп алыпты. Кейін өз еліне барып, университеттің Орталық Азия кафедрасында қазақ тілінен сабақ берген. Профессор студенттеріне қазақ тілін үйретіп, Қазақстанға жібереді. Олар біздің елге келгенде үйренген тілдері пайдасына жарамапты. Қазақтарға қазақша сөйлесе, барлығы орысша жауап берген. Осылайша, Кореядан келген студенттер өздеріне қажет болмаған тілдің бізге не қажеті бар деген оймен орыс тілін меңгеруге көшкен.

Осы мысал арқылы Максим қазақ тілін өзіміз құрметтемесек, оның мәртебесінің биіктемейтінін түсіндіргісі келеді. Қазақтың халқын да, тілін де құрметтейтін Максимнің өмірлік серігі де – қазақ қызы. Өйткені Максим жанымен, жүрегімен қазаққа айналған жан. Оның бүгінге дейінгі өмірі қазақтармен тікелей байланысты болды, қазақ балаларымен бірге өсті. Тіпті, Максимге телеарналарда орыс тіліндегі мәтіндерді оқуға рұқсат бермеген. Таныстарының көпшілігі оған орыс тілінде акцентпен сөйлейтіндігін айтады екен. Ол өзінің болашағын Қазақстанмен ғана байланыстырады және қазақ елінің азаматы екенін мақтан тұтады. Сондай-ақ, Қазақстанда қазақ тілі қашанда бірінші орыннан көрінуі керек деп есептейді.

«Қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таң қалудың қажеті жоқ»

«Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуі тиіс». Еліміздің байрағын көкте желбіретіп жүрген боксшы қыз Марина Вольнова осылай дейді. Қазақы ортада туып-өскен Марина қазақ тілін жетік меңгерген. 1989 жылы Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген Марина Вольнованы бүгінде спортсүйер қауымның бәрі таниды. Ол – Қазақстанның еңбегі сіңген спорт шебері, әйелдер арасындағы бокстан Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, 2010 жылғы Азия чемпио­ны, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сондай-ақ, ол 2012 жылы Лондонда өткен жазғы олимпиадада қола жүлдені қанжығасына байлады. Айта кетейік, осы жылы жазғы олимпиада ойындарының бағдарламасына әйелдер боксы алғаш рет енгізілген еді. Осылайша, қазақстандық орыс қыз жазғы олимпиада ойындарында әйелдер боксынан елімізге жүлде әкелген алғашқы спортшыға айналды. Марина Вольнова алғашында дзюдо секциясына қатысқан. Кейін ауыр жарақат алып, бұл спорт түрін ары қарай жалғастыруға мүмкіндігі болмады. Осылайша, Марина өзінің бокста бағын сынап көруге бел буған. Кішкене қыз көп ұзамай жаттықтырушының назарына түседі. Содан соң жарыстарға қатыса бастайды. Жарыстан әркез жүлделі оралатын Маринаның осылайша боксқа деген қызығушылығы оянған. Бокспен кәсіби түрде айналысқысы келгенін айтқанда анасы қарсы болған екен. Ал Маринаны мұндай сәтте әкесі мен ағалары қолдапты. Отбасындағы ер азаматтардың қолдауына ие болған Марина нақты шешім қабылдап, бокспен кәсіби түрде шұғылдануды бастап кетеді. Марина үлкен жетістіктерге қол жеткізе бастағанда анасы қызы үшін бокстың жай ермек еместігін ұғынады.

Марина Вольнова жайлы сөз болған кезде міндетті түрде оның қазақ тілінің майын тамызып сөйлейтіндігі айтылады. Біз де осы тақырыпқа қатысты Маринамен байланысып көрмек болған едік. Алайда Маринамен байланысу мүмкін болмады. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін Марина Вольнова жайлы жазбағанымыз әбестік болардай көрінді. Сондықтан боксшы Марина Вольнованы әлеуметтік желілерден іздестіре бастадық. Бұл ісіміз де нәтижесіз болды. Маринамен байланыс орната алмағандықтан, оның БАҚ-қа берген сұхбаттарын ақтарып көрдік.

Марина Қазақстан азаматы болғандықтан, өзінің қазақша сөй­лейтініне таңырқауға негіз жоқ деп есептейді екен: «Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл мәселесі өте өзекті. Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін білуі қажет. Сол себепті қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таңырқаудың қажеті шамалы», – дейді Марина Вольнова өзінің сұхбаттарында.

Маринаның қазақ тілінде еркін сөйлейтіндігін білген жанкүйерлері әуелде таңырқай қараған. Ал қазақ тілін жетік меңгерген боксшы қалың қазақтың ортасында жүріп қазақша сөйлемеу мүмкін еместігін үнемі айтады. Ұлты орыс болғанымен, Марина көбінесе қазақша сөйлейді екен. Марина – отбасында қазақша сөйлейтін жалғыз жан емес. Жас спортшының әкесі мен екі ағасы да қазақ тілін өте жақсы біледі. Тек Маринаның анасы қазақша түсінгенімен, қазақ тілінде ойын жеткізе алмайды. Сондықтан да, отбасында Марина анасымен орысша тілдеседі екен. Сондай-ақ, Марина қазақ тілін кітап оқу арқылы игеремін дейтін жандарға күмәнмен қарайды. Өйткені қазақтың көркем әрі бай тілін тек кітап оқып қана меңгеру мүмкін емес. Маринаның айтуынша, қазақ тілінде еркін сөйлеу үшін қазақы орта керек. Адамдар айналасындағылармен тек қазақ тілінде қарым-қатынас орнатқанда ғана тілді тез меңгеруге болады деп есептейді. Маринаның қазақ тілін еркін меңгеруіне де дәл сол қазақы ортада өскендігі әсер еткен. Ал өзі орыс мектебін тәмамдапты. Бірақ оның орыс мектебінде білім алғандығы қазақ тілін меңгеруіне ешқандай кедергі келтірмеген.

Жұмыс кестесінің өте тығыз­дығына қарамастан Марина кітап оқуға әркез уақыт табады. Қолы қалт ете қалса, детектив жанрындағы романдарды оқығанды ұнатады. Юлия Шилова, Марина Крамер сынды жазушылардың шығармаларын сүйіп оқитын Мария қазақ тіліндегі әдебиеттерді де назардан тыс қалдырмайды. Сондай-ақ, ол қазақтың философиялық мағынасы терең мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін үнемі жадында сақтауға тырысады.

Марина биіктерден көріну үшін Абай айтқандай ақыл мен еңбектің қатар жүруі қажет деп есептейді. Өзі де бүгінгі жетістіктеріне тек еңбектің арқасында қол жеткізді. Вольнованың соңғы жетістігі – 2014 жылдың күзінде Инчхонда өткен Азия ойындары. Бұл байрақты бәсекеде Марина тағы да қола жүлденің иегері атанды. Азия ойындарынан кейін Маринаның өмірі күрт өзгерді. Ол тұрмысқа шықты. Иә, қазір боксшы қыз қолғабын шешіп, ана атануға дайындалып жүр. Болашақта Марина балаларына да қазақ тілін үйретер деген үміттеміз.

«Кәріске ұқсайтын қазақ қызы»

Қазақстандықтарды таңмен таласып оятатын «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасы қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің біразын елге танытқаны баршаға мәлім. Солардың бірі – Ирина Тен. Кәріс қызы Иринаның «Таңшолпан» бағдарламасын жүргізіп жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Бала кезінен тележүргізуші болуды армандаған Ирина әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Өзінің телевизиядағы еңбек жолын студенттік күнінен-ақ бастап кеткен. Ол үшін «Таңшолпан» бағдарламасы ар­қылы барша қазақстандықтарды ояту – үлкен мәртебе. Иринаның журналистикадағы ең үлкен жетістігі де – «Таңшолпан». Өйткені оны халыққа танытқан осы бағдарлама.

Қызылорда облысының Арал өңірінде дүниеге келген Ирина қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған құтты мекенде туып-өскенін мақтан тұтады. Бүгінде тележүргізуші ретінде жалпақ жұртқа танылған биязы қыз балалық шағын Арал топырағында қазақтың қарадомалақтарымен бірге өткізген. Қазақ тілін жетік меңгеруіне жанындағы достары мен ұстаздары ықпал еткен көрінеді. Әйтсе де, Ирина әлі де «білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» дейді. Үнемі сөздік қорын байытып, білім көкжиегін кеңейтуге тырысатындығын айтады. Арал топырағында өскен кәріс қызы өз халқының мәдениетімен қатар қазақ жерін де қадір тұтады. Отбасында орысша сөйлеген Ирина ауладағы достарымен тек қазақ тілінде тілдесіпті. Ата-анасы Иринаны орыс мектебіне беруді жөн санап, Арал қаласындағы №14 орыс орта мектебінде білім алған. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, қазақ тілі мен әдебиетінен облыстық, республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

 – Қазақ тілін білетіндігіңіз сізге қаншалықты көмектесті?

– Мен үшін қазақ тілі тек жұмыс құралы ғана емес. Қазақ тілін білгенімнің арқасында Алаш­тың ақын-жазушыларының шығармаларымен ешқандай аудармасыз таныстым. Ал қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде айтар болсақ, мемлекеттік тілді білу әр азаматтың міндеті. Кейде қазақша сөйлеуге ұялатын, қазақ тілін менсінбейтін бауырларымызды көріп жаным ашиды.

Көрерменнің көзайымына айналып үлгерген Ирина әрбір қазақты бауырындай көреді екен. Қазақ пен кәріс ұлтының арасында белгілі бір ұқсастықтар бар екендігін де жасырмайды. Тіпті, кәріс ұлтының салт-дәстүрлері де қазақ халқына жақын. Иринаны кәріске ұқсайтын қазақ қызы деп ойлайтындар да аз емес. Үлбіреген арудың қазақша сөйлегенін көргендердің іштей риза болып қалатыны рас. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін Ирина халқымыздың ұлттық тағамдарын да әзірлей алады. Өз халқының мәдениетімен қатар қазақ халқының барлық әдет-ғұрпын санасына сіңірген кәріс қызы өзінің Қазақстан топырағында туып-өскенін мақтан тұтады.

Жұртшылыққа тележүргізуші ретінде танылған Ирина өнерге жақын жан. Ән айтып, би билеуден жалықпайтын талдырмаш ару қыздар арасындағы сұлулық байқауларында да өзінің бағын сынап көрген екен. Иринаның қазақтың ұлттық билерін мың бұрала билейтіндігін де көпшілік біле бермейді. Сондай-ақ, қолы қалт ете қалса, кітап оқығанды жақсы көреді. Әрине, Ирина қазақ әдебиетін де сүйіп оқиды.

Жаны мен жүрегі – қазақ

Халил Маслов. Бұл азаматпен сөйлескендер әуелде оның қазақ еместігіне аса сене қоймайды. Бірақ оның ұлты – беларусь. Алайда Халилдің жаны, жүрегі – қазақ. Түрі қазаққа аса келіңкірей бермейтін жігіт қазақша сөйлегенде талайды жаңылдырады. Оның балалық шағы өткен ауылда тұрғындардың 90 пайыздан астамы қазақтар болған. Сондықтан да, Халил отбасымен қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған. Ауылдың шаңын жұтып, топырағына аунап өскен бала Халилдің қазақ тілінен басқа тілде сөйлеуі де мүмкін емес еді. Біз сөз қылып отырған ауыл – Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылы. Тарихы мол Сарайшық топырағында дүниеге келген Халил қазір еліміздің бас қаласы – Астананың тұрғыны. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасында қызмет етеді. Өзінің қызметі жа­йында Халил Маслов былай дейді:

– Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің жанынан ашылған әлемде теңдесі жоқ алғашқы Қазақстан халқы Ассамблея­сы кафедрасының негізгі міндеті – Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінге дейін атқарған игі істерін жастар арасында насихаттау. Сонымен қатар, Қазақстандағы татулықты, бейбітшілікті  сақтай отырып, Мемлекет басшысының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жастарға жеткізу.

Халил беларусь болса да, өзінің ана тілінде бірде-бір сөз білмейді екен. Тіпті, орыс тіліне де шорқақ. Мұны естіген жандар таңырқай қарауы мүмкін. Тіпті, Халилдің өз ана тілін білмейтіндігіне, орыс тілінде таза сөйлеймейтіндігіне сенбейтіндер де табылатын шығар. Бірақ бұл – шындық. Халил тек қазақ тілінде ғана таза әрі қиындықсыз сөйлейді. Оның өзіндік себебі де бар. Халил кішкентайынан отбасында ата-анасымен тек қазақша сөйлескен. Өскен ортасы да нағыз қазақы орта болды. Әрине, Халилдің айналасындағылар да қазақтілділер болды. Халил үнемі қазақтың қарадомалақ балаларымен тай-құлындай тебісіп, қатар өскенін айтып, мақтанып жүреді.

Халил еліміздегі түрлі ұлт өкіл­дерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын қазақ халқының қонақжайлылығының арқасында деп біледі. Сондықтан, ешкімді кеудесінен итермеген Қазақ­станның мемлекеттік тілін білу өзінің де азаматтық борышы екенін түйсінеді. Ол іштей кең байтақ қазақ жерінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің барлығы да қазақ тілін меңгеруге тырысуы қажет деп үнемі ойлайды. Дүние есігін ашып, мекен еткен еліңнің тілін меңгеріп, салт-дәстүрін игеріп, әдет-ғұрпымен таныс болудың да өз артықшылығы бар екендігін айтады.

Мемлекеттік тілді меңгеруді әрбір адам отбасынан бастауы керек деп есептейтін Халил бүгінде өзі де бір отбасының отағасы.

– Естуімше, сіздің жарыңыз қазақ қызы екен...

– Әйелім – қазақ қызы. Мен қазақтардың арасында туып-өскендіктен, болашақ жарымды таңдауда қазақ қыздарынан өзгелерді байқаған да жоқпын. Қазір Әмина және Зарина есімді екі қызымыз бар. Отбасымызда тек қазақша сөйлесеміз.

Халил балаларының да қазақы тәрбие алуына баса назар аударады. Төрт және үш жастағы кішкентай бүлдіршіндер де қазақ балабақшасына барады. Тіпті, Халил қыздарының тек қана қазақ тілінде хабар тарататын «Балапан» телеарнасын ғана тамашалайтынын да қуана жеткізді. «Балаларым да өз елінің бір кірпіші болып қаланса екен» деп тілейді қазір Халил. Халилдің отбасы түрлі ұлттар арасындағы түсіністік пен татулықтың маңызды екенін тағы бір дәлелдегендей болды.

«Наурызды асыға күтемін»

Ол – көгілдір экран арқылы қазақ тілді көрермендердің көңілінен шығып жүрген тележүргізуші. Ол өзгелер секілді ауыл топырағында туып-өспеген. Ол – Алматы қаласының тумасы. Оның ұлты – орыс. Қазақ тілін жетік меңгерген тележүргізуші Ольга Спирина талайға үлгі.

Кішкентайынан журналист болуды армандаған Ольганың шағын әңгімелері мен мақалалары әуелде «Ұлан» газетінде жарияланып тұрды. Кейін ол осы газеттің жас тілшісі атанды. Ольганың негізгі мамандығының журналистика саласына еш қатысы жоқ. Дегенмен оның бала арманы орындалды. Мамандығының журналистикаға еш қатысы болмағандықтан, қазір Ольга бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатқанын айтты:

– Мен әркез ізденісте болғанды қалаймын. Жаңа нәрсе үйренсем, білімімді одан әрі шыңдасам деймін. Сондықтан, қазір мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында режиссер мамандығы бойынша магис­тратурада білім алудамын. Сондай-ақ, тележүргізуші болғандықтан, сахна тілінен дәріс алып жүрмін. Кемшіліктерімді әрдайым түзеп отыруға тырысамын.

Бүгінде Ольга отандық теле­арналардағы белді тележүр­гізу­шілердің біріне айналған. Теле­визиядағы еңбек жолын «Мир» телеарнасындағы «Үш тілдің бірлігі» бағдарламасынан бастады. Кейін «КТК» арнасында спорт жаңалықтарын жүргізді. Одан кейін Ольганы көрермендер «Хабар» арнасындағы таңғы «Іске сәт» бағдарламасынан тамашалады. Бүгінге дейін «Білім және мәдениет» телеарнасында қызмет еткен Ольга біз хабарласқанымызда бір аптадан кейін «Алматы» арнасындағы жаңа қызметін бастайтындығын айтты. «КТК» арнасында жұмыс істеп жүрген уақытта Ольганы продюсерлер байқап, арнайы тележобаға қатысуға шақырған. Сөйтіп, бір шаңырақ астында мекендейтін түрлі ұлт өкілдерінің татулығын көрсетуді көздейтін «Біздің көшенің тұрғындары» тележобасына қатысады. Қазақы аудиторияға қазақша сайрап тұрған орыс қызы осылайша танылды.

Ата-анасы Ольганы қазақ бала­бақшасына, одан кейін қазақ мектебіне берген. Қазақ мектебінде білім алып, қазақы тәрбиені бойы­на сіңіріп өскен орыс қызы үшін қазақ тілін меңгеру аса қиын болмапты. Ольга үшін тіпті, қазақтың төл дыбыстарын үйрену де қиындық туғызбапты.

– Қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ па?

– Әуелде қазақ тіліндегі кейбір сөз тіркестерін дұрыс айта алмайтын едім, кейін барлығын да үйреніп алдым. Менің әлі де мемлекеттік тілді өте жоғары деңгейде меңгергім келеді. Қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқып, тілдің қыр-сырын үйренуге деген құлшынысымды арттырсам деймін.

Ол мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалына да алаңдайды. «Өзге мем­лекеттерде мемлекеттік тіл мәсе­лесі деген мүлдем жоқ. Ал бізде мемлекеттік тіл әлі де өзекті мәселе болып тұр. Десек те, қазір жағдай біршама өзгерген сыңайлы. Телеарналар мен радиоларда қазақ тіліндегі бағдарламалар көбейіп келеді. Ісқағаздарды да мемлекеттік тілге көшіруде. Өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақ мектептеріне беріп жатқанына да куәмін», – дейді Ольга Спирина.

Ольга қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрлерін де өте жақсы біледі және қазақ елінде тұрып ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білмеу ұят деп санайды. Ол қазақтың қуанышты жағдайда жасалатын жоралғыларының бірі – «шашу шашқанды» ұнатады екен. Бұл Ольганың әрбір үйде шашу шашар қуаныш көп болсын деген тілегімен астасып жатқандай. Сондай-ақ, Ольга қазақтың ұлттық тағамдарын да дәмді әзірлейді. Қазақтың ұлттық тағамдарын сүйсініп жейді. Сондықтан да, Ольга үйінде үнемі бауырсақ пісіреді екен. Ал Ольганың ең ерекше ұнататыны – Наурыз көже. Ольга сол себепті Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін асыға күтеді.