ШЫҰ-ның стратегиялық басымдығы неде?
ШЫҰ-ның стратегиялық басымдығы неде?
Шанхай ынтымақтастық ұйымының стратегиялық басымдығы саяси диалогты нығайту болып қала беруі тиіс. Бұл туралы бүгін Қытайдың Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біріншіден, ШЫҰ-ның стратегиялық басымдығы саяси диалогты нығайту, сенім, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және біздің ұйым кеңістігіндегі дамуды жалғастыра беру болып қалуы тиіс. Осыған байланысты біз ШЫҰ мемлекеттерімен ұзақмерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы қабылданған шартты кезең-кезеңімен жүзеге асыруды қолдаймыз. Бұл біздің серіктестігіміздің негіз құраушы, құқықтық құжаты. Онсыз басқа да алған қойған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес. Бүгін біз қол қоятын шарттың ережелерін жүзеге асыру жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары осы жолдағы жол картасына айналады», - деді Елбасы. Екіншіден, Мемлекет басшысы ұйым елдері кеңістігіндегі үш миллиард адамдық жиынтық қуатты ШЫҰ-ның экономикалық ынытмақтастығын жандандыру үшін қолдану қажет. Бұл ретте ұйым елдері арасындағы сауда инвестициялық жобаларды екіжақтыдан көпжақты деңгейдегі көшіруді қамтамасыз еткен жөн. «Біз ұйым аясында жобаларды қаржыландырудың бірлескен жобалары мен технологиялық ресурстарды шоғырландыруды қолдаймыз. ШЫҰ-ның банкаралық бірлестігі іскерлік кеңесін жұмылдырып, оның әлеуетін толықтай пайдалану қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Айта кетейік, отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков, Пәкістан Президенті Мамнун Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, ШЫҰ-ғы байқаушы мәртебесі бар Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президенті Хасан Роухани және Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттула және бірқатар халықаралық ұйымның басшылары қатысуда. Кеңейтілген құрамдағы отырыстан кейін саммиттің басты құжаты Циндао декларациясы қабылданып, 20-дан астам құжатқа қол қойылмақ. Оның 17-сін Мемлекет басшылары рәсімдейді.