Қарияларды қадірлей білген жөн

Қарияларды қадірлей білген жөн

Қарияларды қадірлей білген жөн
ашық дереккөзі
Несіне жетісесің бала батыр, Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки жағада тұр... Ақиық ақын Мұқағали заманында жырланған тақырып қазір маңызын жойды ма? Меніңше, жоқ. Керісінше, ең маңызды деген тақырыптардың бірі. Саны жағынан азайып бара жатқан қариялар кімнің қамқорлығында? Қазіргі кезде қарттар үйі деген ұғым бізге таңсық емес. Біреу әкесін тастап кетіпті, қарттар үйіне өткізіпті дегенді естігенде ашуланбаймыз, наразылық танытпаймыз, етіміз үйреніп кеткен. Кезінде қамқорлық ретінде ашылған бұл ұйым қазір керек емес нәрсеңді тастай салатын «қоқыс жәшігіне» айналып бара жатыр ма деген ойда қаласың, өкінішке қарай. Безбүйрек біреулер шақалағын тастап кетіп жатса, енді бір жақта баласы әкесінен, ата-анасынан безініп жатыр... Мысалы, «Қарттар үйі» аталатын бұл мекеме елімізде егде жастағы 35 мыңнан аса қарияның (оның 40 пайызы қаракөздер) паналайтын жеріне айналыпты. Статистикаға сүйенетін болсақ, Шығыс Қазақстан облысы 11 қарттар үйімен көш бастап тұр. Ақмола облысында 10 қарттар үйі бар, Қостанай облысы 9 қарттар үйімен үшінші орында тұр. Бұл көрсеткіш қуанышпен дабырайтатын нәрсе емес, әрине. Тіпті, өз заманындағы қоғам қайраткері, ұлт зиялысы Жүсіпбек Аймауытұлының баласы қарттар үйінде дүниеден өткенін естігенде жағаңды ұстайсың. Бүгінгі бала ертең әке, одан кейін қария болып шығады. Ал қазақтың әрбір қариясы қолымыздағы асыл қазынамыз емес пе?! Қазынаны қадірлей білген абзал, ағайындар!

Лунара Мұқановна 

Семей қаласы